Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген шаруалардың мәселелерін енді арнайы құрылған жұмыс тобы қарайды. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, жұмыс тобының бірінші отырысы осы жылдың 10 қыркүйегінде өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Үкімет отырысында сөз алған Серік Жұманғарин жаңадан жасақталған құрылымның мақсаты шаруалардың мәселелерін шешу екенін айтты.
«Соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатына берілген, бірақ жерді пайдаланушылар тарапынан игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары қайта қарқын алады. Енді комиссияның міндетіне жерлерді ұтымды пайдалануды бақылау және қайтарылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайта бөлу кіреді. Бұған қоса жерді алып, оны уақытында игеруге немқұрайды қарайтын тұлғалармен жасалған келісімшарттарды біржақты бұзу практикасы енгізіледі», деді ол.
Оның айтуынша, арнайы комиссияның айналысуымен 2022-2023 жылдары 10 млн га игерілмеген ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылса, 4,3 млн га жер қайта пайдалануға берілген. Биыл қайтаруға жоспарланған 2 млн га ауыл шаруашылығы жерлерінің 1,3 млн гектары қайтарылған.