• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 04 Қыркүйек, 2024

Азия-Тынық мұхиты конференциясына қатысты

69 рет
көрсетілді

Астанада инклюзия және трансформация мәселелері жөніндегі Азия-Тынық мұхиты ми­нистрлік конференция­сы өтіп жатыр. Пленарлық сес­сияға Үкімет басшысы Олжас Бектенов, БҰҰ Бас хатшысының орын­басары және АТМЭӘК-тің атқарушы хат­шысы Армида Салсия Алишахбана, сондай-ақ үкіметтер көшбасшы­лары мен технология сарапшылары қатысты.

ЭСКАТО конференция­сы аясында цифрлық өзек­ті мәселе­лер талқыланды. Олжас Бектенов пен Армида Сал­сия Алишахбана инфра­құры­лым, басқару, мобильділік, өнеркәсіп және сауда сала­ларындағы цифрлық шешім­дердің әлеуеті бойынша пікір алмасты. 2024 жыл­ға арнал­ған Азия-Тынық мұ­хиты ай­мағындағы цифр­лық трансформация туралы баян­дама таныстырылды.

Премьер-министр Олжас Бектенов конференцияға қатысушыларды құттықтау сөзінде ұйымның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы экономикалық өркендеуге, әлеуметтік әл-ауқат пен экологиялық тұрақтылыққа ықпал етудегі шешуші рөлін атап өтті. ЭСКАТО 80 жылға жуық уақыт бойы 4 млрд-тан астам адамның өміріне айтарлықтай әсер етіп отыр.

Қазақстан 30 жылдан ас­там уақыт бойы серіктес әрі тату көршілік қарым-қаты­нас­тар рухында серпінді дамы­туды жалғастыра оты­рып, ЭСКАТО-ның толық­қанды мүшесі саналады. Ынты­мақтастық жылдарын­да қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды басқару, инвестициялық байланыс­тар, сауда, энергетика және көлік сияқты маңызды бағыт­тар қамтылды.

Олжас Бектенов конферен­цияға қатысушылардың назарын бизнес, әлеуметтік сала үшін жаңа көкжиектерді ашатын және миллиондаған адамдар үшін экономикалық өсім мен мүмкіндіктердің кеңеюін қамтамасыз ететін цифрлы технологияларға аударды. Бүкіл аймақ үшін цифрлы ресурстарға тең қол жеткізуді қамтамасыз етудің маңызы көрсетілген.

«Кеше Мемлекет басшысы Жолдауында Қазақстан жасанды интеллектіні кеңі­нен қолданатын әрі цифрлы технологиялар дамитын елге айналуға тиіс екенін атап өтті. Олар бизнес, білім және денсаулық сақтау үшін жаңа көкжиектерді ашады, экономикалық өсуді қам­тамасыз етеді және мил­лиондаған адамға мүм­кіндік береді. Сондықтан бұл бағыттарды белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бүгінгі таңда Қазақтан әлемдегі цифрлық даму жағынан 30 мемлекеттің қатарына кіреді және онлайн қызметтер бойынша 8-орында», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бүгінгі таңда барлық мем­лекеттік қызметтердің 90%-дан астамы Қазақстан хал­қы үшін мобильді құрыл­ғылар­дан қолжетімді. 2029 жыл­дың соңына дейін елі­мізде халық пен бизнестің цифр­­лық ресурстарға тең қол жет­кізуін қамтамасыз етуге мүм­кіндік беретін толық­қанды экожүйе құру жоспар­ланып отыр. Елімізде өз электронды ресурстарымызды құру үшін жасанды интел­лект саласындағы өнімдер әзір­леніп жатыр. Ұлттық жасанды интеллект орталығы тиімді шешімдерді іріктеудің негізгі алаңы болады. Мемлекет басшысы ондай орталық құру туралы Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Қазақстан Цифрлы жібек жолын дамыту шеңберінде көрші елдермен бірге Парсы шығанағы елдеріне шығатын Каспий теңізінің түбі бо­йынша талшық­ты-оптикалық байланыс желілерін төсеу жөніндегі жобаны іске асыруда. Интеграция жаңа технологияларды дамыту, ірі Big Tech компанияларын тарту үшін деректерді жинау, сақтау және өңдеудің заманауи инфрақұрылымын қалыптастыруға, сондай-ақ отандық IТ-шешімдерді әлемдік нарыққа шығаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оны іске асыруда Astana Hub халықаралық тех­нопаркі шешуші рөл ат­қарады, оның алаңында 1 400 ре­зидент, оның ішінде 400 шет­елдік компания үшін қо­лай­лы инвестициялық ахуал қамтамасыз етілді.

Үкімет басшысы Қазақ­стан­­ның цифрлан­дыру сала­сын­дағы ынтымақтас­тықты ке­ңейту үшін ашық және осы ба­ғыттағы тәжірибесін бөлісуге дайын екенін атап өтті.

«БҰҰ-ның біздің аймақ­тағы Орнықты даму мақсат­тары­на қол жеткізу үшін «еш­кім артта қалмауға тиіс» қа­ғидатын атап өту маңыз­ды. Цифрлы инклюзия – бұл маңызды элемент, онсыз мақсатқа жету мүмкін емес. Ынтымақтастық, білім ал­масу және ең жақсы тәжі­ри­белер арқылы ғана біз бар­лығына бірдей тұрақты әрі жарқын болашақты қам­тамасыз ете аламыз. Біз өз тәжірибеміз бен білімімізді бө­лісуге дайынбыз. Сон­дық­тан әріптестерімді Азия-Тынық мұхиты өңі­рін­де тұрақты дамуы үшін Цифр­лық шешімдер орталы­ғы­ның Қазақстанда ашылуына қолдау көрсетуге шақы­рамын. Орталықты құру тиімді өңірлік ынтымақ­тас­тықты дамыту үшін маңызды катализатор болады және елдер арасындағы цифрлық алшақтықты айтарлықтай қысқартуға әкеледі», деп атап өтті Премьер-министр.

Өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және АТМЭӘК-тің атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбана Қазақстанның цифрландыру саласындағы жоғары жетістіктері мен әлеуетін атап көрсетті.

«Цифрландыру қалыпты жағдайға айналды. Ол біздің экономикамызды өзгертеді, құн­дылық құрудың жаңа мүм­кіндіктерін ашады және орнықты дамудың не­гіз­гі міндеттерін шешуге кө­мектесетін қоғамдық құ­рылымдарды өзгертеді. Алайда цифрлы трансфор­мация бұрын-соңды болма­ған күрделі және белгісіз экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тәуекелдері­мен де байланысты», деді Армида Салсия Алишахбана.

Конференция аясында мем­лекеттік қызметтерді цифр­ландыру саласындағы Қазақстанның әзірлемелері мен табысты пайдаланылған IT-шешімдері ұсынылған көрме ұйымдастырылды. Елімізде 1 200 мемлекет­тік қызмет онлайн көрсеті­леді, экономикалық белсен­ді халықтың 80%-дан аста­мы қамтылған. Конфе­рен­ция қонақтарына танысты­рыл­ғандардың арасында халықты атаулы және бел­сенді мемлекеттік қол­дауды қамтамасыз етуге бағытталған «Әлеуметтік әмиян» жобасы бар. Платформа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен, соның ішінде Үкіметтің e-Gov электронды порталымен және E-Otinish өтініш беру жүйесімен интеграцияланған.

Конференцияға қатысу­шы­лар «ҰАТ» АҚ, Alaqan technologies, «ДАМУ» Ақпа­раттық технологиялар орта­лығы» ЖШС, Freedom Holding Corp., Kaspi.kz, Smartestprep Ltd жастарды жеке кәсіптік бағдарлау, қаржылық, көлік, әлеуметтік қызметтер, сауда, білім беру, денсаулық сақ­тау және басқа салалардағы цифрлық өнім жобаларымен танысты.