• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Қыркүйек, 2024

Шығарма тағдырын оқырман шешеді

87 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары рухани әлемде елеулі оқиғаға айналып, оқырман қауымның оң бағасына ие болған Mecenat.kz әдеби сыйлығының ең маңызды кезеңі кеше мәресіне келіп жетті. Жоба мүшесі, модератор Әлішер Рахаттың айтуынша, биыл ұйымдастырылған тәуелсіз байқауға 40-тан аса шығарма қатысқан, оның 17-сі қазақ тілінде, 23 шығарма – орыс тілінде, арасынан тек алтауы ғана іріктеліп шыққан, 1 жазушы алыс шетелден қатысса, авторлардың арасында 10 кәсіби жазушы болған.

Жеңімпаз есімін жарияламас бұрын М.Әуезов музей үйін­­дегі марапаттау рәсіміне жи­­­­нал­ған жоба мүшелері биыл­ғы­ үшінші маусымның ерекше­лі­гі туралы әр қырынан әңгімеле­ді. М.Әуезов музей үйінің дирек­торы, М.Әуезов атындағы әде­биет және өнер институты ди­рек­торының орынбасары Дияр Қонаев қаламгерлерге қолдау білдірген ерікті азаматтардың қа­йырымдылығын, мәдени-ағар­ту міндетін арқалап, әдебиет пен өнерге байланысты ғылы­ми құн­­дылықтардың ұясы болып отырған ұлы жазушы үйі­нің ерекше мәртебесімен қа­быстыра әңгімеледі. Ал бас де­меуші «Freedom Шапағат» кор­поративті қорының пре­зиденті Бағлана Мусина қор­дың қолдауы мен жобаның ма­ңы­зына тоқталды. Жоба аясын­да жеңіске жеткен қазақ қалам­гер­лерінің шығармаларын өз­ге тіл­де сөйлетіп жүрген «Zerde Publishing» баспасының бас директоры Данияр Жабаев Mecenat.kz іріктеген автор мен баспаның арасындағы келісім-шарт мәселесін тарқатып айтып берді. Ал әдеби байқауды үшінші рет өткізіп отырған жобаның ­авторы Ерлан Асқарбеков «әде­би сыйлықты қалай алуға болады?» деген ең маңызды сұрақ­тың төңірегінде байқаудың шарт­та­ры мен талабын түсіндірді.

«Байқау осымен үшінші рет өткізіліп отырғандықтан, бү­гінгі Қазақстан әдебиетіндегі же­ңіс рецептісінің үш сипаты айқындалды. Біріншісі, әрине, кәсібилік. Қаламгердің талан­ты. Екіншісі, шығарманы байқау­ға ұсынбай тұрып, бірнеше қай­тара оқып, талап-ережеге сәй­кес бірнеше рет қайталап жазып шығу қажеттілігін талмай айтумен келеміз. Ал ең бастысы, жалпы халықтың дауыс беруі шығарма тағдырын шешеді. Же­ңімпазды оқырман өзі анық­тайды. Әрине, мұндайда тамыр-таныстарды жағалап, «жең ұшынан жалғасып» жеңімпаз болғысы келетін ескі әдет те бой көрсетпей қалмайды. Бірақ біз үшін адалдық әр кез алда жүреді, әділдік бәрінен қымбат. Себебі әдебиет қайткен күнде де кәсіби деңгейге көтерілу керек», дейді Ерлан Асқарбеков.

Е.Асқарбеков үш жылдан бері жобаға белсенді қолдау біл­діріп келе жатқан Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғыс білдірді. Жоба жетекшісі әдеби байқаудың бұлжымай­тын қағидаларымен де таныс­тырып өтті. Тәуелсіз байқау ұйым­дастырушыларының мемле­кет­тік органдардан сұрайтын жал­ғыз қалауы – ақпараттық қол­дау. Байқауда жасырын және ашық мүдделер қақтығысы болмас үшін қазылар алқасы болмайды. Байқаудың нәтижесі оқыр­мандар даусы арқылы анық­талатыны басты ерекше­лігі ретінде белгіленген. Сол себепті әр оқырманның дау­сы мұқият тексеріледі. Қолжазба шы­ғармаларды саралайтын әр суперридердің шешімі де дербес жүргізіледі. Екі кезеңнен тұ­­ра­тын іріктеуге суперридер ре­­тін­де қатысып, екінші ке­зең­­ге өткен романдарды оқып, та­разыла­ған – белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек онлайн байланысқа шығып: «Қол­жаз­ба­ларды қолы­ма бер­генде, менен ұялы теле­фонды алып қой­ды. Интернет болған жоқ, шы­ғарма авторларының кім еке­нін айтқан жоқ. Алдымда қол­жазба, жазу үстелі және қа­ғаз-қаламым ғана болды. Мен өзімнің шығармашылық түй­сігім бойынша барынша әділ баға бердім ғой деп ойлаймын. Ұйымдастырушылар тара­пы­нан «мынандай бағыттағы шы­ғармаға дауыс берсеңіздер» деген нұсқау берілген жоқ. Сондық­тан шығармалармен өзім­мен-өзім бетпе-бет қалып, дауыс бердім деп айта аламын» деп, шығармашылық талаптың қатаң болғанын ескертті.

Үшінші маусым жеңім­­па­зының есімін соңына дейін құ­пия ұстаған ұйымдас­тыру­шылар көп­­тен күткен ме­рей­лі мезеттің қуа­нышын хабар­лауды танымал қар­жыгер-филантроп Тимур Тур­ловқа тапсырды. Бюджетке қол жаймай-ақ, ұлттық әдебиет­ті өркендету жолында тәуелсіз сый­лық тағайындау тәжірибе­сін ұтымды жүзеге асырып келе жатқан CEO Freedom Holding Corp басшысы белгілі жазушы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері, халықаралық «­Алаш» әде­би сыйлығының лауреа­­ты Сәуле Досжанды 2024 жыл­ғы әде­би байқаудың лайықты авто­ры деп таныды. Осылай­ша, Сәу­ле Досжан ай сайын тө­ле­не­­­тін 500 доллар көлемін­дегі өмір бойғы сыйақыны ұтып алды.

– Қазақстан туралы үздік шы­ғармаға әдебиет саласында тағайындалған ең ерекше бай­қау жариялағандарға, ең алдымен алғысымды білдіремін. Mecenat.kz сайтынан «Өмір бәйтерегі» атты романым­ды оқып, жүрек сөздерін жазып, өз дауыстарын қосқан оқырманыма басымды иіп, рахметімді айтамын. Ұлттың әдебиет, өнеріне деген қамқорлығы сонау Есенқұл Мамановтардың 1914 жылы «Айқап» журналында «жазушы­лар, бүгінгі тұрмысты арқау етің­дер, романға бәйге тігемін» деген ашық хатының жариялануы­нан басталған болатын. Тұң­ғыш ро­ман-байқауда жеңіске жетіп, әдеби жүлдеге Сұлтанмахмұт То­райғырұлының «Қамар сұлуы» мен Тайыр Жомартбайдың «Қыз көрелік» романы ие болып­ты. Жүлде қоры 2 000 сом болған екен, бұл қазіргі ақша жүйесімен есептегенде 33 млн теңге. Есенқұл Маманов ХХ ғасырдың басын­да қазақ қоғамының оқыған аза­ма­ты еді, ол Ә.Бөкейхан, М.Сералин, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы тә­різді қазақтың көшін алға сүйре­ген қайраткерлермен болашаққа алаңдап, Алаш қайраткерлерін қай жағынан да қолдап отырған арқасүйерлері болған. Ұлттың ұлт болып, мемлекеттің мемлекет болып қалыптасуына жекелеген адамдардың жасаған осындай игі істерінің шешуші маңызы бар екенін көріп келеміз, – деді жүлде иесі С.Досжан.

Автор «Өмір бәйтерегі» шы­ғармасын жеті жыл бойы жазған. Бұл шығарма – С.Досжанның жетінші романы. Шығармада ұлттық код, қан тазалығы, әлем­де тек қазақ ұлтында ғана кезде­се­тін «жеті ата» шежіресінің дала төлқұжаты екенін дәлелдеп, жастарға түсіндіруге әр тарау­ды жеті қайтара оқып шыққа­нын айтты.

Байқауға ұсынылған туындылар сапасының жақсарып келе жатқанын алға тартқан Mecenat.kz ұйымдастырушыла­ры келесі кезектегі төртінші мау­сымда да кәсіби әдебиет­тану­шылармен, әдебиет сыншыла­рымен, тіл мамандарымен ты­ғыз бай­ланыста жұмыс істеуді көз­дейді. Мүмкіндікке байланысты тек же­ңімпаздардың ғана шы­ғар­­масын емес, жобаға қатысқан, жаз­­­ғанынан жаңалық ескен басқа авторлардың да романын шет ті­ліне аудару ісін келешекте ширата түспек.

 

АЛМАТЫ