Атбасардағы ағайынның көбі нәсібін теміржолдан тапқан. Осы салаға қатысты ірі кәсіпорындар аудан азаматтарын жұмыспен қамтып отыр. Өткен аптада бұл қатарға тағы бір өндіріс ошағы қосылды. Локомотив құрастыру зауытының капсуласын салу рәсіміне куә болып қайттық.
Жаңа инвестициялық жобаның іргетасы қаланған иігілікті шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, «Қазақстан темір жолы» АҚ төрағасының орынбасары Талғат Алдабергенов қатысты.
Еліміз үшін машина жасау – индустрияландырудың негізгі діңгегі. Өйткені экономиканың өзге бағыттары дәл осы салаға тәуелді. Машина жасау агроөнеркәсіп, энергетика, металлургия, көлік секілді іргелі секторлардың жұмысын жандандырып отыр. Теміржол – осы саланың үлкен бір бөлігі.
Аймақ басшысы Марат Ахметжановтың айтуына қарағанда, жаңа жоба тек осы саланы ғана емес, бүкіл өңірді дамытатын үлкен қозғаушы күш болмақ.
«Мен үшін бүгін облыс аумағында локомотивтерді құрастыру бойынша тарихы мол теміржол торабы саналатын Атбасар қаласында заманауи зауыттың құрылысын бастау – үлкен мәртебе. Мемлекет басшысының елдің берік өнеркәсіптік қаңқасын қалыптастыру, экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету жөніндегі алға қойған міндеті шеңберінде «Қамқор Локомотив» жобасы өз жұмысын істеп тұр. Бұл – өңірдегі ірі жобалардың бірі. Жобаны жүзеге асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, сондай-ақ халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысына оң әсер етеді», деді облыс әкімі.
Атбасар локомотив құрастыру зауыты алда магистралдық электровоздардың 100 секциясын, магистралдық электровоздардың 200 секциясын, маневрлік тепловоздардың 60 секциясын шығармақ.
«Бірінші кезең шамамен 3-4 жылға созылады. Бастапқы кезеңде 80 адам жұмыс істейді. Олар, негізінен жобалаушылар. Бірте-бірте кадрлық әлеует 800 адамға дейін жеткізіледі. Болашақта локомотив элементтерін оқшаулау, дайындау жоспарланып отыр. Зауыттың алаңы жұмыс істеп тұрған вагон жөндеу зауытының жанында арнайы таңдалған», деді жаңа зауыттың директоры Жанатбек Адамбаев.
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Зауыттың құрылысы келесі жылы басталып, 2026 жылы аяқталмақ. Алғашқы локомотив 2027 жылы шығарылмақ. Жеке инвестициялық жобаның құны – шамамен 47 млрд теңге. Бұл жобалардың барлығы аудан, облыс экономикасын дамытуға үлкен септігін тигізіп, жаңа жұмыс орындары пайда болмақ.
«Кәсіпорын Атбасар электровоз жөндеу зауыты жанынан салынады. Онда білікті мамандар бар. Қаланың да әлеуеті үлкен. Отандық өнімдерді де қолданамыз. Локомотивке шамамен 20 шақырым сым қажет. Зауыттың жұмысы – локомотивті дайындау, ірі бөлшектерді жинау, бояу, сынақтан өткізу, тапсырыс берушіге жеткізу», дейді зауыт директоры.
Осы орайда ауданды алға жетелеп отырған кәсіпорындарды да айтпай кетуге болмас. Атбасар электровоз жөндеу зауыты, «Аждар және К» вагон жөндеу кәсіпорны, «Atbasartehnopark» сервистік серіктестігінің орны бөлек. «Аждар и К» ЖШС-на қарасты кәсіпорын жүк вагондарының барлық түрін сапалы жөндеп қана қоймай, қажетті бөлшектерді де шығара алады. Бұған қоса аудан тұрғындарын сығымдалған оттегі толтырылған баллондармен де қамтамасыз етіп отыр. Жаңа технологияға иек артқан зауыт жұмыс өнімділігін жыл сайын арттырып келеді. Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, уақыт талабына сай болу үшін салаға серпін беретін тың жаңалықтардан тыс қалмау керек. Ол үшін алдағы уақытта мұнда вагондарды жөндеудің толық айналымын жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Қазір депода әр ауысым сайын 7 жүк вагонына жоспарлы жөндеу жүргізсе, 4-5 вагон күрделі жөндеуден өткізіледі екен. 220 адам еңбек етеді. Биыл маусым айында орташа еңбекақы көлемі 390 мың теңгеге жетіпті. Атбасар тәрізді шағын қала үшін тәп-тәуір көрсеткіш екені анық. Ал жаңадан салынатын локомотив құрастыру зауыты дәл осылай ел игілігіне жарап, өңірдегі жұмыссыздық мәселесін жеңілдете түсері сөзсіз.