Егістікке қажет машиналардың ескіруі шаруашылық жұмысын тұралатып тұр. Осы жылдың мамыр айында бір топ мәжілісмен Өнеркәсіп және Ауыл шаруашылығы министріне депутаттық сауал жолдады. Онда тозған техника салдарынан шаруалардың көктемгі және күзгі науқан кезінде қиындыққа тап болатыны айтылды. Жаңа техника бағасының тым қымбат болуы, шетелдік ауыл шаруашылығы машиналарын алып келудегі күрделі талаптар да шаруашылық өнімділігін арттыруға кедергі келтіріп тұр.
«Беларусь 80.1» тракторы 2019 жылы 5,9 млн теңге тұрған. Қазір бағасы 85%-ға өсіп, 11 млн теңгеге жеткен. Шетелдік техниканың жайы айтпаса да түсінікті. «Джон Дир S 760» комбайны 171 млн теңге тұрса, небәрі 3 жыл ішінде 272 млн теңгеге қымбаттаған.
«Утильалым мен алғашқы тіркеу салықтары да ауыл шаруашылығы техникаларын айналып өткен жоқ. Ауыр техникалардың қымбаттауына тікелей себеп – осы алымдар. Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпаратынша, осы алымдарды айналып өту үшін 413 жүк көлігін заңсыз тіркеген азаматтар мемлекетке 3 млрд 156 млн теңге шығын әкелген. Бұл тек ұсталғандары ғана. Ұсталмағандары қаншама?» дейді Н.Сайлаубай бастаған бір топ депутат.
Олар бірқатар ұсыныс береді, мәселен, шетелден келетін техникаға салынатын утиль, алғашқы тіркеу салықтарын алып тастау және қайта қарастыру, делдалдарға жем болған шаруаларға арнайы әр өңірден өз өнімдерін ешқандай кедергісіз қабылдайтын пункттер ашып беру. Себебі өз өнімін жарты бағаға бере салатын қара шаруаның кредит пен лизингке алған техникасының қаражатын төлей алмай, шаруашылығын да сатып жатқан жағдайлар да кездескен. Сондай-ақ шаруаларға егінін шетелге кедергісіз экспорттауға да рұқсат беру маңызды.
«Президент Жолдауда Азық-түлік келісімшарт корпорациясының негізінде фермерлердің өнімін сатып алудың вертикалды жүйесін құруға тапсырма берген. Біршама уақыт өтті, оның нәтижесі туралы ақпарат жоқ. Сонымен қатар кеңестік қызыл «Енисей» комбайны мен сары К-700 тракторларын көріп өстік, ауылдарда олар әлі де бар. 40 жыл болған техникалар бізге адал қызмет етті, енді заманауи, шаруаның қалтасы көтеретін жаңа техникалар керек», дейді депутаттар.
Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек ҰБХ» АҚ-мен бірлесіп отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуды қаржыландыру үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ-мен қосымша 100 млрд теңге тартқан. Жеңілдікті лизинг мерзімі 7 жылдан аспайды. Ал сыйақы мөлшерлемесі жылына – 5%. Бағдарлама бойынша өтінім қабылдау 25 маусымнан басталып кеткен. Министрлік өкілдерінің сөзінше, бұл – машина-трактор паркін жаңарту деңгейін арттыруға, сондай-ақ өндіріс техникасына тұрақты сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Министрліктің мәліметінше, былтыр республикада 149 900 трактор, 38,7 мың комбайн, 5 200 егіс кешені және 76 300 сепкіш, сондай-ақ әртүрлі 219 мың топырақ өңдеу құралы тіркеліпті. Бұл есепке сүйенсек, ауыл шаруашылығы техникасы паркінің орташа тозуы 76%-ды құрайды.
Өткен жылдарға шегініс жасасақ, 2017 жылы ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі небәрі 1,9% болған. Ал 2023 жылдың қорытындысымен деңгей екі есе өсіп, жаңарту 4,5%-ға дейін ұлғайыпты. Мәселен, 2017 жылы шаруалар 8,5 мың техника сатып алған. Өткен жылдың қорытындысында сатылған ауыл шаруашылығы техникасының көлемі 19,6 мың данаға жетіпті.
Әрине, бұл жеткіліксіз. Мемлекет басшысының жыл сайын машина-трактор паркін жаңарту деңгейін 8–10%-ға көтеру туралы тапсырмасының өзекті екенін ескерсек, Үкіметтің бұған қатысты жұмысы жоқ дей алмаймыз. Бүгінде техниканы жаңартуды ынталандыруда бірқатар бағдарлама іске асырылып жатыр. Мысалы, сатып алынған ауыл шаруашылығы техникасын инвестициялық субсидиялауда оның құнының 25–30%-ы шаруаларға мемлекет бюджеті есебінен өтеледі. Екіншіден, кредит не лизингпен отандық өндіріс техникасын сатып алу кезінде 6%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Былтыр шаруашылыққа қажетті азық дайындау техникасы мен суарудың ұтқыр жүйелерін қаржыландыру үшін 20 млрд теңге көлемінде бюджет қаражаты бөлініпті. Қазір 1 554 шаруаға жылдық 6% мөлшерлемемен 3 498 бірлік азық дайындау техникасы мен жабдықтары лизингке берілген. 2022–2023 жылдары «Жасыл даму» АҚ қаражаты есебінен 65 млрд теңгеге отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингі қаржыландырылды.
Жалпы, кейінгі 10 жылда жеңілдікті лизинг бағдарламасымен 1 600 трактор мен комбайн сатып алынған. Бұл – елдегі машина-трактор паркін жаңарту деңгейін аз да болса арттырды деген сөз.
Ержан ҚОЖАС,
журналист