• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Жұмыс 06 Қыркүйек, 2024

Жұмыс берушілердің алқалы жиыны

48 рет
көрсетілді

Астанада Қазақстан жұмыс берушілерінің съезі өтті. Алқалы жиынға Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) делегациясы қатысып, еңбек адамының беделін арттыру, жұмысшылар мүддесін қорғау мәселелері талқыланды.

Еліміздегі еңбек нарығына қатысты Халықаралық ең­бек ұйымының бас директоры Жильбер Унгбо, Paryz жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясы президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ басшылары баяндама жасады. Съезге алғаш рет қатысып отырған ХЕҰ бас директоры Жильбер Унгбо еліміздегі құқықтық реформалар жөнінде өз бағасын берді. Бұған қоса жиында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселесі қозғалып, маңызды ұсыныстар айтылды. Ел жұмысқа ыспар болса, жер ырысқа кенелмек. Бұл үшін кәсіпкер тек табысты ғана емес, көптің қамын, жұмысшының жайын да ойлауға тиіс. Халықаралық конвенцияларда осы қағида тайға таңба басқандай жазылған. ХЕҰ бас директоры еліміздегі құқық қорғау бағытындағы қадамдарының жақсарып келе жатқанын жеткізді.

– Қазақстанда жалпыұлттық деңгей­дегі реформалардың табысты іске асып жатқанын ерекше айтқым келеді. Кейбір елдермен салыстырғанда Қазақстанда құқықтық өзгерістердің жылдам дамып жатқанына куә болдым. Әлеуметтік диалогті нығайту бағытындағы жұмыстар да құптарлық. Біздің ұйым бұл жолда әрдайым қолдау көрсетуге дайын. Білікті жұмысшы – кез келген бизнестің қозғаушы күші. Ал оны ынталандыру, әлеуметтік тұрғыда қолдау – жұ­мыс берушіге жүктелген міндет. Осы жауапкершілікті абыроймен атқарған кәсіпкерлерге Үкіметтен де, кәсіподақтан да үнемі демеу болуға тиіс, – дейді Жильбер Унгбо мырза.

ХЕҰ – еңбек қатынастарын реттеумен айналысатын Біріккен Ұлттар Ұйы­мының мамандандырылған мекемесі. Оның құрамына Қазақстанды қосқанда 187 мемлекет кіреді. Ұйымның негізгі мақсаты – әлеуметтік әділетті қамтамасыз ету. Ұйым қақтығыстарды шешу және еңбек жағдайларын жақсарту үшін үкі­меттер, жұмыс берушілер және жұ­мыс­шылар арасындағы диалогті ілгерілететін трипартизм қағидаты бо­йынша жұмыс істейді.

– Ел тәуелсіздігінің 32 жылында ХЕҰ басшысы Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Бұл халықаралық ұйымның сая­сатына көп нәрсе байланысты. Унгбо мырзаның сапары біздің Үкімет, отандық кәсіподақтар және PARYZ конфедерациясы арасындағы жоғары сапалы үшжақты диалогке серпін бере­тініне сенімдімін. Оның жаһандық аренадағы еліміз туралы жеке ұстанымы мен пікірі өте маңызды, – деді Paryz жетекшісі Жұмабек Жанықұлов.

Paryz конфедерациясы – ХЕҰ мойын­даған еліміздегі бірден-бір респуб­ликалық жұмыс берушілер бірлестігі, сондай-ақ Халықаралық жұмыс беру­шілер ұйымының отандық серіктес мүшесі. Бүгінде оның құрамына 33 салалық бірлестік пен 150 ірі және орта кәсіпорын кіреді. Осы жолы жұмыс берушілер съезінде 250 мың қызметкері бар «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобы Paryz конфедерациясына қосылды.

– Тоқсан сайын біз ұжымда әлеу­мет­тік зерттеу жүргіземіз. Біз оны өз арамызда кейде «үйдегі ауа райы» деп атаймыз. Осылайша, жұмыс­шы­ла­­рымызда қандай мәселелер туындады, олардың басшылыққа қандай сұ­рақ­тары бар екенін анықтап, қандай да бір жағдайлардың алдын алуға ты­ры­­самыз. Яғни ашықтық қағидатын ұста­нып, жұмысшылармен тікелей диалог құрамыз. Қазақстан жұмыс беру­ші­ле­рінің съезінде әлемдік тәжіри­бені кеңі­нен қолдану мәселелері қозғалды. Бұл бағытта халықаралық еңбек ұйы­мы­мен ынтымақтастық аясы кеңейе түспек, – деді кәсіпорынның атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Бұған дейін ХЕҰ жұмыссыздық дең­гейіне қатысты өз болжамдарын ұсын­ған еді. Есепте жаһандық жұмыс­сыздық деңгейі 2024 жылы 4,9%-ға дейін төмендейтіні, бірақ еңбек нарығындағы елеулі теңсіздіктер сақталатыны айтыл­ған. Әсіресе табысы төмен елдерде жұмыс тапшылығынан әйелдер қатты зардап шегіп жатқан көрінеді.

Сондай-ақ жиын соңында Paryz Қазақстанның жұмыс берушілер конфедерациясы мен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

– Біз трипартизмге сенеміз. Мұны күшейту керек. Біз ХЕҰ-мен Қазақстанда трипартизмді нығайту және дамыту үшін Paryz-бен жұмысты жалғастыруға дайынбыз. Бүгін біз Paryz бен «Самұрық-Қазына» қоры арасындағы маңызды меморандумның куәсі болдық. Бұл меморандум – жұмыс берушілердің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін күшейтуге негіз, – деді ХЕҰ басшысы.

Халықаралық еңбек конференция­сы аясында үшжақты делегацияның Ха­лық­аралық еңбек ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Беат Андрееспен кездесуі өтті. Кездесу барысында еліміздегі лайықты еңбекті ынталандыру жөніндегі Жол картасы бекітілді. Елдегі жұмыс берушілер атынан бұл маңызды құжатқа Paryz жұмыс берушілер ұлт­тық конфедерациясының төрағасы Жұмабек Жанықұлов қол қойды. Жол картасы бес негізгі бағытты қамтиды: қауіпсіз еңбек және еңбек инспекциясы, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың бірігу бостандығы, ең төменгі жалақы, әлеуметтік қамсыздандыру және қорғау, еңбек әлеміндегі зорлық-зомбылық пен қудалауды жою. Бұл – Қазақстанда лайықты еңбек бағдарламасын жүзеге асырудың және халықаралық еңбек стандарттарын енгізудің алғашқы қадамы.