Әскери ғылым – аса көп талқыланбайтын, көптің қызығушылығын тудыра бермейтін бағыт. Ілуде біреу ғана болмаса, екінің бірі әскерде жүріп ғылымға бет бұрмайды. Десе де «қалауын тапса, қар жанатыны» секілді, ізденген мұратына жетері анық. Ұлттық ұлан академиясындағы Жалпы білім беру пәндері кафедрасы бастығының орынбасары, майор Бақыт Қалиев – әскер сапындағы әлеуметтік ғылымдар магистрі.
Бақыт Ақанұлы академияда 2015 жылдан бері қызмет атқарады. Оған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы М.Қозыбаев университетінде оқытушы болып жұмыс істеген. Оған дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тарих және дін мамандығы бойынша магистратурада білімін шыңдаған.
«Жалпы білім беру кафедрасында қызмет етемін. 90-нан астам ғылыми мақала, 2 ғылыми монография жаздым. Бір монографиям «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының тарихы, архитектурасы, ескерткіштері, археологиясы тақырыбында бірнеше ғалымның қатысуымен жазылды. Бұл еңбекті жазып шығуға үш жыл уақытымыз кетті. 900 беттен тұратын зерттеуіміз барлық өңірдегі кітапханаларда бар. 2015 жылы сол кездегі Ұлттық ұлан бас қолбасшысының бұйрығымен академияда жаңа кафедра ашылды. Бұған дейін бұл басқа кафедра құрамында болған. Осы кезеңде ол жеке кафедра болып құрылды. Жаңа штат жасақталды. Бізге кафедраның деңгейін көтеру жүктелді. Мақалалар жаза бастадық. Бұл жерде бұрын курсанттармен ешкім ғылыми жұмыс жүргізбеген екен. Курсанттардың ғылыми қауымдастығымен жұмыс жүргізе бастадық. 2017 жылы Қостанайда орналасқан Ш.Қабылбаев атындағы ІІМ академиясында курсанттар арасында халықаралық ғылыми конкурс болды. Оған өзге мемлекеттерден қатысушылар келді. Еліміздің де өзге әскери ведомстволарынан үміткерлер қатысты. Конкурста біздің академия курсанттары бірінші орын иеленді. Олар әскерге мемлекеттік тілді енгізу тақырыбын қорғады. Курсанттар арасындағы діни толеранттылық пен қарым-қатынас мәселесін көтерді», дейді академияның қатарынан екі рет үздік оқытушыcы атанған Бақыт Ақанұлы.
Ұстаз бен шәкірттерінің жетістіктері мұнымен тоқталып қалған жоқ. 2022 жылы ІІМ-нің ведомствоаралық конкурсына қатысып бірінші орын алғаны тағы бар. Тақырыбы – «Коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде онлайн сабақ өткізу». Нақтырақ айтқанда, курсанттар мен оқытушылар арасындағы интернет байланысы кезіндегі қауіпсіздік мәселесін жан-жақты көтеріп, оқу үдерісін жалғастыру жолдары зерделенді. Бақыт Ақанұлының айтуынша, сол кезде үздік атанған курсанттар бүгінде әскер қатарында лауазымды қызметтер атқарып жүр. Қуантатыны сол, сарбаздарды ғылым саласына баулитын дәстүр жалғасып келеді. Оқытушылар бірінші курсқа келген курсанттар арасынан ғылым-білімге жақын бірнеше баланы іріктеп, оларға ғылыми ізденістің алғышарттары мен мақала жазудың қыр-сырын үйретеді. Осыдан бірнеше ай бұрын академия курсанттары Алматыда өткен халықаралық ғылыми жұмыс байқауынан олжалы оралды. Бұл жолы олар су тасқыны мысалындағы оқу үрдісі жайында жоба қорғап шықты. Академияда курсанттардан бөлек, оқытушылар құрамы да ұдайы білімін жетілдіріп отырады.
«Былтыр біздің кафедрадан үш адам Ташкент қаласындағы Қоғамдық қауіпсіздік университетіне доктарантураға оқуға түстік. Биыл бірінші курс бітіріп жатырмыз. Оқу демалысын алып, емтихан кездерінде барып келетін мүмкіндігіміз бар. Қазір ғылыми жетекшілерімізбен танысып, өзіміз зерттейтін тақырыптарды айқындадық. Докторлық жұмысымның тақырыбы – «Қазақстан мен Өзбекстанның әскери жоғары оқу орындары арасында академиялық ауысым жұмыстарын ұйымдастыру». Мәселен, азаматтық ортадағы жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер шетелдік білім ордаларына академиялық ауысыммен бара алады. Яғни сол жақта кемінде бір семестр білім алып, тәжірибе алмасады. Осындай мүмкіндіктердің әскери білім ордаларында да болғанын қалаймын. Бұл бакалаврдан бөлек, магистратурада білім алатын офицерлер үшін маңызды саналады», дейді Б.Ақанұлы.
Қызметіне шын берілген оқытушы отбасылық өмірін де назардан тыс қалдырмаған. Балаларының да білімді, елгезек азамат болып өсуі үшін лайықты тәрбие беріп жүр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бүгінде кейіпкеріміздің үлкен баласы Ыстанбұл мемлекеттік университетінде халықаралық құқық және сауда мамандығы бойынша 4-курста білім алып жатыр. Ал екінші ұлы мектепте үздік оқиды. Үйдің кенжесі бір жаста. Қауырт қызметте жүрсе де әскери ғылымның дамуына үлес қосып, отбасы алдындағы жауапкершіліктің жүгін ұмытпаған ұландықтың Отан алдындағы міндетіне де мінсіз боларына күмән жоқ.