Шымкент – республикада туризмнің дамыған орталығы болуға сұранып тұрған аймақ. Осыған байланысты мегаполисте туризм саласын өркендетуге қатысты іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Мегаполиске саяхатшыларды тарту бойынша арнайы жоспарлар мен тұжырымдамалар да түзілген. Қазір оларды жүзеге асыру бағытынды тиісті мемлекеттік органдар мен осы жауапкершілікті мойнына алған арнайы мекемелер қызу жұмыс жүргізіп жатыр.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы да осынау маңызды іске қал-қадерінше атсалысып келеді. Мәселен, жуырда кәсіпкерлер құқығын қорғау ұйымында үшінші мегаполистегі туризм саласын дамытуға арналған басқосу өтті. Аталған семинарды кәсіпкерлер палатасы «Визит Шымкент» туристік-ақпарат орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Маңызды іс-шараға кәсіпкерлер ұйымының салаға жауапты қызметкерлері, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері, этнографтар, турагенттік жетекшілері, гидтер мен салалық басқарма мамандары қатысты.
Мұның алдында кәсіпкерлер палатасында туризм саласы кеңесінің отырысы өткен еді. Онда туризмге байланысты бірқатар мәселе талқыланған-ды. Осы жиында қалалық Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов баяндама жасап, туризмді дамыту бағытындағы мәселелерді ашып көрсеткен еді.
Басқарма басшысының айтуынша, Шымкенттің туристік әлеуеті жоғары. Статистикалық дерекке назар салсақ, мегаполиске кейінгі 3 айда 112 мыңға жуық турист келген, оның ішінде 104 мың адам ішкі турист болса, 7 мыңнан астамы – шетел азаматы. Сала өкілінің мәлімдеуінше, шаһарда туризмге қатысты жалпы құны 7 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, мегаполисте 2026 жылға қарай 5 жұлдызды қонақүй пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Бұл өз кезегінде қалаға шетелден саяхатшылар көп келетінін және оларға жағдайы керемет қонақүй қажет екенін білдіреді. Міне, осынау сұранысты қанағаттандыру мақсатында Шымшаһардан және бір бес жұлдызды қонақүй бой көтереді. Осы орайда басқарма басшысы туризм саласындағы кәсіпкерлерді жергілікті атқарушы билікпен бірге тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге шақырды.
Кәсіпкерлер өз тарапынан саябақтарға көпшілік тамақтану орындарын орнату бойынша ұсыныстарын айтып жатыр. Олардың мәлімдеуінше, бұл өте маңызды бастама, себебі қыдырып келген азаматтар, әсіресе, шетелдік туристер бірінші кезекте тамақтану орындарын іздейтіні ақиқат. Әрі жергілікті шеберлердің қолөнер бұйымдарын сатып алуды жөн көреді.
Дегенмен бұл ұсынысқа кейбір мемлекеттік органдар келіспей тұр. Мәселен, Жайлы ортаны дамыту басқармасының өкілдері ерекше қорғалатын табиғат аймақтары туралы заңға сәйкес, ол жерге дәмханаларды орнатуға болмайтынын айтады. Соның бір мысалы, шаһардың ең көрікті жерлерінің бірі дендросаябақ ерекше қорғалатын аймаққа жатады. Сондықтан да ереже бойынша тамақтану орындарын саябақтардың ішінде емес, тек аумағының сыртында, көлік тұрағында орналастыру керек. Оның өзінде тек белгілі бір өнімдерді ғана сатуға рұқсат беріледі.
Бұған қоса осы күнде Шымкентте креативті индустрия саласы да екпін алып келеді. Бұл бағытта атқарылған маңызды шаруа жетерлік. Айталық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы қалалық креативті индустрия қауымдастығымен бірге Арбат демалыс аймағында тұрақты жәрмеңке өткізіп тұрады. Жәрмеңкеде қолөнер бұйымдары сатылып қана қоймайды, шеберлік сабақтары да қоса өткізіледі. Басқарма басшысы мәлімдегендей, ендігі жерде мегаполистен креативті хаб ашу мәселесі жоспарға еніп отыр.
Қала аумағындағы санитарлық-гигиеналық нүктелер жайы да палатаның кеңесіндегі талқылауға түскен тақырыптың бірі болды. Кәсіпкерлер бұл мәселенің аса маңызды екенін атап өтті. Себебі тазалық жүрген жерге ауру жоламайды. Бұл бірінші қағида болса, екіншісі таза қаланың сәнін көрген туристер де өздерін жайлы сезіне бастайды. Ертеңгі күні саяхатшылар қатарының молая түсуіне де үлкен септігін тигізері хақ.
«Қала аумағында 50-ге жуық дәретхана бар. 13-і – парктерде, 37-сі жолдардың бойында орналасқан. Олардың жағдайы қаншалықты талапқа сай екені зерделенді. Соның қорытындысына сай, алдағы уақытта тиісті жұмыстар қолға алынып, санитарлық ескі нүктелер жаңартылады. Осы тұста айта кетерлігі, қалалық әкімдік тарапынан дәретхананы күтіп ұстаушы заңды тұлғаларға ай сайын субсидия қарастырылған. Бірақ оған өтінім берген кәсіпкер аз болып отыр. Сонымен қатар саябақтардағы, туристер көп жүретін көпшілік орындардағы ретсіз саудамен күресті де күшейте түстік», дейді мегаполистің туризм саласына жауапты басқарма басшысы Бексұлтан Әділханов.
Сонымен қатар ешқандай органда тіркелмей, заңсыз жұмыс істейтін гидтермен күрес мәселесі де қоғамда өткір болып тұр. Жауапты мамандар ондай гидтер анықталған жағдайда дереу арада полицияға хабар беру керектігін айтады. Осыған орай енді алдағы уақытта тіркелген гидтер тізімі қайта жаңартылатын болды.
Ал «Қазақстандық туризм индустриясы» республикалық қауымдастығы» бірлестігінің өкілі Ромэлла Пак болса, жаңадан ашылып жатқан туристік агенттік иелеріне құжат алмастыруды, есеп-қисапты дұрыс жүргізуді оқытып-үйрету керек дейді. Себебі туристік агенттіктерде бухгалтерлік есеп-қисап дұрыс болмағандықтан көпшілігі жабылып қалып, банкротқа ұшырап жатыр екен. Сонымен қатар туристік операторлар мен туристік агенттіктер арасында біртүрлі түсініспеушіліктер бар көрінеді. Осыған байланысты тамыз айының басында туристік операторлар мен агенттіктер кездесуі ұйымдастырылды.
Енді мақала басында айтылған семинарға тоқталсақ, «Визит Шымкент» туристік-ақпарат орталығы басшысының орынбасары Бағдат Пардабай осы жиында Шымкентке қыдырып келетін туристерді, әсіресе, шетел азаматтарын қарсы алып, күтудің ереже-қағидаларын бекітіп, қонақжайлылық пен қызмет көрсету сапасын жақсарту керектігін алға тартты. Себебі кез келген елмен алғашқы танысу шекарадан, әуежайдан басталатыны аян. Сондықтан ұшақтың текпешегінен түсіп, әуежай залына енген бойда туристер қонақжайлылық қасиеті бойына сіңген қазақ дейтін дарқан мінез халықтың еліне келгенін бірден сезінуі керек. Мұндай үрдіс Шығыс Азия елдерінде жақсы дамыған. Жапонияның, Оңтүстік Кореяның әуежайына бара қалсаңыз, ұлттық киім киген, ұлттық аспапта ойнаған жандар адам жүрегін бірден жаулап алады.
Туған жердің табиғатын сүю, паркте қыдыруды жақсы көру бір бөлек, онда өзін-өзі қалай ұстау керектігін үйренудің ешқандай артықтығы жоқ екен. Мәселен, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Қалжігіт Қалыбаев табиғат аясында демалудың тәртібін былайша түсіндірді.
«Жалпы, қорықтар, табиғи парктер мен резерваттар ерекше қорғалатын табиғат аймақтары болып саналады. Ол аймақтарда демалудың өзіндік ережелері бар. Табиғаты әсем, көпшілік қызығатын демалыс аймағының бірі «Сайрам-Өгем» табиғи ұлттық паркі. Бізге туристер, қыдырушылар өте көп келеді. Парктің туристік рекреация және шектеулі шаруашылық аймақтарында қыдырушылар демалып, арнайы орындарда от жағып, тамақ әзірлейді. Бірақ ол тек парк қызметкерлерінің нұсқауымен ғана жүзеге асуға тиіс. Басқа орындарда от жағуға, қоқыс тастауға мүлдем болмайды. Сонымен қатар бір топ қыдырушыны ертіп апаратын гидтер өз бағыттары туралы алдын ала хабарласа, ал туристер өздерімен бірге міндетті түрде жеке құжаттарын алып жүруі керек. Бұл ережеден Шымкент қаласындағы экскурсоводтар мен гидтердің барлығы дерлік хабардар деп ойлаймын», деді ол.