• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 06 Қыркүйек, 2024

Инвестициялық бастамалардың игілігі

35 рет
көрсетілді

Олжас Бектенов ЕАДБ басшысы Николай Подгузовпен ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселесін талқылады.

Премьер-министр Олжас Бектенов Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузовпен кездесу өткізді. Инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту және ЕАДБ-ның инфрақұ­рылым­дық жобаларды іске асыруға қатысу мәселелері қаралды.

Олжас Бектенов пен Николай Подгузов Еуразия­лық даму банкінің еліміздегі жоғары инвестициялық белсенділігін атап өтті. Жыл басынан бері ЕАДБ 900 млн доллардан асатын сомаға экономиканың түрлі секторындағы жобаларды қаржыландырды. Сонымен қатар 2023 жылы елімізге 1 млрд доллар қаражат салынды. Осы жылдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі едәуір артып, 1,4–1,6 млрд долларға жетеді деп күтілуде.

Елімізде іске асырылып жатқан ЕАДБ негізгі жобаларының тізбе­сінде – көмір өндірудің циклдік-ағындық технология­сын енгізу, күн электр стансаларын салу, «Астрахань – Маңғышлақ» магистралды су құбырын реконструкциялау және кеңейту, автожолдарды салу және реконструкциялау жобалары бар.

Олжас Бектенов Еуразия­лық даму банкі маңызды серік­тестердің және инвести­ция­лардың сенімді көздерінің бірі болып саналатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында бірінші кезектегі инфрақұрылымдық мәселелерді шешу міндеттерін атап өтті. Қазір Үкімет инженерлік, көлік, әлеуметтік және цифрлық инфра­құрылымды жаңғырту және салу бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Біз Банк­пен өзара тиімді шарттармен ынты­мақтастықты кеңейтуге дайынбыз және ел экономикасы үшін маңызды жобаларды бірлесіп іске асыруға мүдделіміз», деп атап өтті О.Бектенов.

Өз кезегінде ЕАДБ төраға­сы Николай Подгузов банктің ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ тараптар банк­тің ағымдағы инвести­ция­лық порт­фелі, капитал құры­лымын әрта­рап­тандыру, кор­по­ративтік бас­қару сапасын арттыру мәселе­лерін талқылады.

Айта кету керек, Еуразия­лық даму банкі – 2006 жы­лы құрылған халық­­аралық қаржы ұйымы. Банк­­тің жарғылық капиталы 7 млрд долларды құрайды. Ағым­дағы ин­вес­тициялық портфельдің сала­лық құрылымы: энергетика – 21,7%, көлік – 18,1%, тау-кен өнеркәсібі – 27,5%, қаржы секторы – 9,2%, инфрақұрылым – 5,8%, машина жасау – 2,8%, агроөнеркәсіп кешені – 3,3%, химия өнеркәсібі – 7,3%, құрылыс – 1,1%% , басқа салалар 3,2%-ды құрайды.