Ынтымақтастықтың келешегі мен жаңа бағыттары Белградта (Сербия), сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Сербия үкіметаралық комиссиясының III отырысында талқыланды. Қазақстан тарапын Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин басқарды.
Сербия – еліміздің Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды сауда серіктесі.
«Бізде сауда ынтымақтастығының үлкен әлеуеті бар. Сербияға $500 млн-нан астам сомаға шикізаттық емес тауарлардың 90-нан астам түрін жеткізуді ұсынуға дайынбыз. Бұл – металлургия, мұнай-химия, тамақ, химия, машина жасау салаларының өнімдері, көлік құралдары, құрылыс тауарлары. Оған барлық өндірістік және көліктік-логистикалық мүмкіндіктер бар», деді Серік Жұманғарин отырысқа қатысушыларға.
Өз тарапынан Сербия Премьер-министрінің орынбасары – Ішкі істер министрі Ивица Дачич елдер арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті тереңдетуге мүдделілік білдіріп, үкіметаралық комиссияның III отырысы жаңа бірлескен жобаларды құруға елеулі қадам болатынын атап өтті.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Қазақстан Сербияға бұршақ, пияз, қарақұмық, жарма және бидай экспортын ұлғайтуға дайын екенін атап өтті. Мал шаруашылығы саласында балық және балық өнімдерін, бал, құс еті, жылқы еті, сиыр еті және сүт өнімдерін жеткізу мүмкіндіктерінен бөлек, еліміз шошқа етiн жеткізуді қарастыруы мүмкін. Сонымен қатар жаңа сүт-тауар фермаларының құрылысын ескере отырып, еліміз Сербиядан асыл тұқымды сиырлар мен асыл тұқымды материалдарды импорттауға мүдделі.
Отырыс күн тәртібіндегі маңызды мәселе көлік саласы болды. Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары атап өткендей, Қазақстан мен Сербия арасындағы қолданыстағы құқықтық база елдеріміз арасында аптасына 14 жолаушы рейсін орындауға мүмкіндік береді.
«Қазақстан әуежайларында «ашық аспан» режімі жұмыс істейді. Біздің елдеріміз арасында тікелей рейстердің ашылуы Сербияның Еуропаға көлік хабы болуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз Қазақстан мен Қытайдан Сербияға және одан әрі Еуропа елдеріне жүк тасымалын транзитті дамытуға мүдделіміз. Осы мақсатта Транскаспий халықаралық көлік маршрутының мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынамыз», деді Серік Жұманғарин.
Сербияда EXPO-2027 көрмесін өткізу қарсаңында үкіметаралық комиссияның отырысында Халықаралық көрмелер бюросы тарихтағы ең табысты мамандандырылған көрме ретінде танылған EXPO-2017 көрмесін өткізудің қазақстандық тәжірибесі таныстырылды. Сонымен қатар тараптар жұмыспен қамту, ғылым, білім, туризм, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
2023 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің Сербиямен тауар айналымы $91,2 млн құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,3%-ға жоғары ($74,8 млн). Экспорт 38,7%-ға өсті. Жалпы, тауар айналымында Қазақстан мен Сербия арасындағы ауыл шаруашылығы өнімі саудасының үлесі шамамен 22,7 млн құрады. Импорттың негізгі көлемі – жүгері, күнбағыс тұқымдары, тірі өсімдіктер. Экспорттың негізгі көлемі – қарақұмық, тары және басқа да дәнді дақылдар.