«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп ата-бабамыз тегін айтпаған. Қай елде болсын, қай заманда болсын ел болашағы жастардың қолында екені анық.
Ұл баланы ертеңгі отбасының тірегі, қорғаушысы, асыраушысы, қартайған шақта әке-шешесінің қамқоршысы деп, ал қыз баланы болашақ ана, инабатты келін, адал жар, отбасының ұйытқысы деп тәрбиелеген. Осындай ұлттық тәрбие мәнін ата-әжелеріміз «Ұлға отыз үйден, қызға қырық үйден тыйым» деген бір мақалмен түйіндеген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында болашаққа сеніммен қадам басу үшін «Төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет», деп атап өткен еді. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен, ұлттық құндылықпен, салт-дәстүрімізбен тығыз астасып жатқаны ақиқат. Бұл ойды Президентіміз биылғы Жолдауында да тарқата айтты. «Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек», деді Мемлекет басшысы.
Осы мақсат жолында 30 жылдан аса қызмет етіп жүрген «Нұр-ана әлемі» қоғамдық бірлестігі бірталай шаруа атқарды десем, артық болмас. Біздің бірлестік құрамында ардагер ұстаздар, мәдениет саласының мамандары, көпбалалы аналар, немере-шөбере сүйген әжелер бар. Атап айтсақ, әжелеріміз балабақшалар, мектептер, жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру, мәдениет саласының, балалар тәрбиеленетін әлеуметтік мекемелермен ұдайы тығыз байланыста. Бірлестік әжелері жыл бойы «Әжемнің ертегісі» жобасы аясында балабақша балдырғандарын қазақ халқының ертегілері арқылы отансүйгіштікке, шындыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелейді. Әжесінің әлдиін, ертегісін тыңдаған бала мейірімді, үлкенге құрмет пен қамқорлық көрсететін бала болатынына сенеміз. Сондықтан да отбасында әжелер немерелерін ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр негізінде тәрбиелесе, ұрпақ жаман қылықтардан аулақ болып, жақсылыққа ұмтылады.
Жыл сайын Достық үйінде «Нұр-ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің әжелері, дін саласының мамандары, мектеп ұстаздары және оқушылардың қатысуымен өтетін «Дін мен дәстүр» конференциясы – балаларымызды имандылыққа, парасаттылыққа тәрбиелейтін, ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға және насихаттауға бағытталған шара. Бұған қоса «Қоржын», «Қайырымдылық», «Мектепке жол» акциялары шеңберінде мүмкіндіктері келгенше көмекке мұқтаж, жетім-жесір отбасыларына әрдайым қол ұшын беріп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы шешімдері негізінде түсіндіру жұмысын жүргізу, белсенді мүшелерді марапаттау, мерекелік концерт көрсету, ерекше шараларға ұйытқы болу – осының барлығы әжелердің қоғамдық қызметі.
Мемлекет басшысы Жолдауында: «Халқымыз қашан да кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр», деп атап көрсетті. Бұл тұрғыда біздің ұйымның жүргізіп отырған шаруалары да баршылық. Жыл басынан Павлодар облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі, «Нұр-ана әлемі» ҚБ, «Қоғамдық келісім» КММ және Павлодар қаласы білім мекемелері «Отбасы – тәрбие іргетасы» жобасын іске асырып келеді. Осы орайда ұйымдармен 46 меморандум бекітілді. Жоба аясындағы фестивальға 30-ға жуық мектеп қатысып, қазақ халқының әдет-ғұрпын, отбасылық дәстүрлер мен ұлттық ойындарын, ежелгі заманнан қалыптасқан тұрмыс-тіршілігін, жалпы ұлттың мәдени-генетикалық болмысын көрсете білді.
Жаңа оқу жылында бұл жұмыс «Күшіміз – бірлікте» бағытындағы өміршең жобамен жалғасын табады. Жоба Павлодар өңірінде тұратын этнос өкілдері салт-дәстүрі мен қазақ ұлттық салт-дәстүрінің интеграция арқылы біте қайнасқанын көрсетуді көздеп отыр.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Болашағымыз жарқын болсын десек, келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – сіз бен біздің кезек күттірмейтін міндетіміз.
Бақытжамал МАКСИЛОВА,
Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің және «Нұр-ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы