1965 жылы мажар ұлтының өкілі Ласло Полгар ерекше тәжірибе жасайды. «Адам дарынды болып тумайды, тәрбие мен жаттығулар көмегімен қалыптасады» деген ұстанымды берік ұстанған ол, тіпті өзінің отбасын сынақ алаңына айналдырған.
Л.Полгар тәжірибе нысанасы ретінде шахматты таңдайды. Әуелі үйін шахмат туралы кітаптар мен әйгілі шахматшылардың суреттеріне толтырады.
Нәтижесінде, тұңғышы Сьюзен төрт жастан бастап шахмат ойнайды. Жарты жыл өткен соң ол ересектерді жеңе бастайды. Ортаншы қызы Софияның жетістігі одан асып түседі. Он төрт жасында әлем чемпионы атанып, бірнеше жылдан кейін гроссмейстер атағын алады. Ал кенже қыз Юдит әпкелерінен озды. Ол бес жасында әкесін жеңіп кететін дәрежеге жетеді. 12 жасында әлемнің ең үздік жүз шахматшысының құрамына кірген ең жас ойыншы атанады. Он бес жасқа толғанда Юдит шахмат тарихындағы ең жас гроссмейстер деген атқа ие болады. Сөйтіп, Юдит әйгілі америкалық шахматшы Бобби Фишер рекордын жаңартты.
«Көп айтса көнді»
1950 жылы психолог Соломан Аш қатарынан бірнеше тәжірибе жұмысын жүргізеді. Сол сынақтардың қорытындысы – «Жұрттан бөлінгенше, келісе салған жақсы» деген теорияға саяды.
Түсіндіре кетейік, психолог залға 20 адам жинаса, соның 19-ы өзі арнайы дайындап қойған актерлер болатын. Енді қызығы сол, Соломан Аш тәжірибеге қатысушыларға суреттегідей екі карточка ұсынады. Бірінші карточкадағы жолақтың ұзындығы С жолағымен бірдей екені көрініп тұр. Алайда залда отырған актерлер екеуінің ұзындығы екі түрлі деп шулап қоя берген кезде, сынаққа қатысушы олардың алдап отырғанын түсінбей, әбден абдырап қалады. «Дұрыс емес» жауап таңдағанына іштей күледі. Тәжірибе соңында сынаққа қатысушылардың 75 пайызы топтағылардың қате жауабын қолдаған.
Назардың нәтижесі
1898 жылы Норман Триплетт жарысқа қатысатын велосипедшілерді зерттеген. Психолог осы бір тәжірибесі арқылы спортшылардың нәтижесіне трибунада отырған жанкүйерлер әрекетінің әсерін анықтаған.
Зерттеу қорытындысы бойынша, спортшылардың нәтижесіне жанкүйерлердің назары үлкен әсер ететін көрінеді. Осыған ұқсас сынақтарды Робейрт Зайонц те жүргізген. Оның айтуынша, басқалар қарап отырса, жұмыс істеп жатқан адамның әрекеті күрт өзгеріп кетеді. Алайда мұндай әсер болуына бақылаушы жұмыс істеп жатқан адамның ісінен хабардар болуы керек. Алайда адам ақыл-ой еңбегімен айналысып отырғанда, мысалы, сабақ оқып немесе күрделі есепті шешіп отырса, жалғыз өзі қалған пайдалы. Ал физикалық белсенділік кезінде қасында тәжірибелі біреудің болуы оның жұмысына жағымды әсер етеді.