• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 10 Қыркүйек, 2024

Мезгіл триптихі

287 рет
көрсетілді

Ақселеу. Күзеуде

«Күзеуденің» ғажаптығы кеш келген махаббаттың балы мен уытын қатар татқан адамның тағдырын ұлттық болмыс деңгейіне алып шығып суреттеуінде» деп тамсанар еді Қуанышбай Құрманға­ли ағамыз. Содан әрі Ақселеумен бірге, оның кейіпкерлерімен де арлас-құралас болғандай көсіле жөнелер еді. Пайғамбар жасына жеткен Ыршыманның жесір әйел Торғынға деген махаббатын елдің сөзінен де, көздің сұғынан да ақтап алды ғой Ақаң. Он бір баласы болған, содан жалғыз ғана бала қалған. Бәйбішесін де жақсы көреді. Ол Торғынды жақсы көрдім екен деп, өзінің отбасын тастап кетпейді. Бәйбішесі мен Торғынның арасындағы қарым-қатынас та қазақы. Ақаң әдейі соған келтіріп жазған.

Әдебиеттен ұлттық бояу іздеп жатамыз. Негізі жазушы ретінде алып қа­раған кезде, Ақселеу Сейдімбек ағамыз нені жазу керек, қалай жазу керек, қай тұрғыда жазу керек, осыны жақсы біл­ген. Бұл жерде қазақ деп алайықшы, қазақ пен оның жүрген ортасы – таби­ғат­пен арасындағы байланысты әсерлі суреттеген. Бір көрген түстей болып өте шығатын күздің мезгілі бар емес пе, әдемі. Қара суық әне түседі, міне түседі, сылбыраң жаңбыр әне басталады, міне басталады деп отырған кездегі күз. Бұл күз біздің Ыршыман деген бас кейіпкеріміздің өмірінің де күзі. Елдің бәрі елеңдеп қысты күтіп, кішкене қытымырланып, бас-аяғын түгендеп, етек-жеңін жинай бастаған. Жер қарап жүрген Ыршыман орманшының үйінде жалғыз баласымен отырған жесір әйел Торғынға тап болады. Өзі әдемі, келісті келген келіншек пісіп-толысып, жемісін бермесе обал-ау дейтіндей шаққа келіп те тұр.

Күзеуге көшіп келіп жатқан кез. Ыршыман ақсақал өзіне жылдағы­дай көмекші алмайды. Жалғыз ұл Құдай­­менді, бәйбішесі Уәкилә бәрі таң­ғалып қалады. Олардың сұрағына қана­ғаттанарлықтай жауап айтылмайды. Сөйтсе отағасының орманшының жесірі Торғынға көңілі кеткен екен. Ретін тауып барып бір түседі, екі түседі, сөйтіп ара­лары жалғасып кетіп, аяғында Торғын бала көтереді. Күзгі табиғаттың болып-толып, пісіп тұрған шағы. Өмірге сәби әкеліп, бала сүюден артық қандай бақыт бар. Бірақ мына күздің соңында адам­­ның бір бітпейтін ісі сияқты өкініштер ­бо­ла­ды емес пе. Ағасы келеді де, Торғынды ­­бір күнде көшіріп алып кетеді. Сол кез­­дегі Ыршыманның өкінішінде шек жоқ. Күздің соңында табиғаттың аласұрып, борандатып, қарлатып, жауынд­а­тып кететін кезі секілді. Мына бір тұсы оқырманды еріксіз еліктіріп әкетеді. Ыршыманның бәйбішесі Уәкилә келе жатыр. Уәкилә келе жатқан кезде, Торғын не істерін білмейді. Үйдің ішінде күтсем бе екен, сыртта күтсем бе екен дейді. Торғынның сыртқа шығып тұрған кезін суреттегенін қараңызшы, кейіпкер­дің қимыл-әрекеті мен психологиялық жай-күйі қалай үйлесіп тұр, соған назар салыңызшы. Байқампаздықтан туған ондай көріністі бүгінгі күні мүлдем ұмыттық, кешегі күні де екінің бірінің қаламына ілікпеген. «Есіктің алдына да бойы сыймай, қайтадан ішке кіріп кетті» дейді.

Ыршыманның қарапайым қазақ болғанда да, сол кездегі ақсақалдар­дың үлкен тұлға екенін, елдің ішінде тұтқа болып отырғанын көрсеткен. Соны екі әйелдің көзімен әдемі берген. Сталиндік қуғын-сүргін бар. Ашаршылық бар. Соғыс бар. Кішкентай балалар жап­пай қырылып қала берген түрлі нәубет­тер, ауру-сырқаулы замандар болған. Ыршыманның да оншақты баласынан жалғыз Құдайменді қалып отыр. Қазақтың санын көбейтсек деген ой Ақселеу Сейдімбектің жас кезіндегі алғашқы повестерінің біріне осылай арқау болыпты.

Иә, күзеу – күзгі қоныс. Қыстау, көктеу, жайлау деп аталатын қоныстардың бірі. Ақселеу Сейдімбек күз демей, күзеу­ді әдейі таңдапты. Күзеу – көзден таса, оңа­ша. Ешкім мал-жанның мазасын алмайды.

Міне, биыл да тамылжыған тамызбен қимай қоштастық. Малшылар ендігі жайлаудан күзеуге көшкен болар. Осы күзеу десе, Ақселеу аға есіме түсе кетеді. Сіздің ше?..

 

Оралхан. «Қасқыр ұлыған түнде»

Ал қыс келгенде Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімесі еске түседі. Жазушы мұнда өте қатал, соны­мен бірге ерекше аяулы тақырыпты кө­­тер­­ген. Жақсы азаматтар Оралхан Бөкей­­дің тағдырындағы он ерекшелікті айтыпты. Соның ішінде екі-үш ерекше­лікті миыма тоқып қалған екенмін. Со­ның бірі – «Оралхан Бөкей қыздардың ара­сында өскеннен кейін әйел адамдарды жақсы қадірлеп, бағалаған екен. Екін­шісі телефоны бола тұра, қарындасы Мәншүкпен хат жазысып тұрған екен. Үшіншісі «Апамның астауы» деген шап-шағын қысқа әңгімесінде «апам менің» деген сөзді бес рет қайталапты. Міне, көрдіңіз бе? Оралхан Бөкейдің әйел адамдарды қалай қадірлейтіні бір ғана шығармасында емес, барлық шы­ғармасынан көрініп тұрады. Әсіресе Орағаңның «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімесінде қыз балаға деген аяулы се­зімі анық көрінеді. Бұл әңгіме 70-жылдары жазылыпты. Ол кезде біз мектеп жасындағы баламыз.

Біздің кейіпкерлеріміз автобус­пен жолға шықты. Олардың барар жері қаһарлы қыс патшалық құрған Алтай өлкесі. Қыз бала мен жігіттің ара­­сындағы әңгімеден қандай жерге бара жатқандарын сезе бастаймыз. «Ора­ғаңның туған жері атақты Бұқтырма аңғары, – деп еді Асқар Алтай өзара әңгі­мелескенімізде. – Ол заманда ит тұмсығы өтпейтін қалың орман болатын. Мысалы, Алтайда Жүнді қарағай деген жер бар. Қарағай жүн секілді өскен. Аңның ішін­де тұмсығы өте жіңішке түлкі болса, сол түлкінің тұмсығы өтпейтін жерлері болады. Сыңсыған қалың орман, өте суық жер. Тіпті кейбір жерлерінде 60 градусқа дейін аяз болатыны рас».

Әңгіменің тақырыбы – қорғансыз­дық. Әйтпесе Алтайдың қысын сағынатын­дар да бар. Орағаңның Алматының қысын «Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» деген осы» деп текіректегенін өзім де көргем. Міне, Орағаңның кейіпкері, бәлкім өзі, автобуста танысқан қыз­бен бірге Алтай жаққа кетіп барады. Қорғансыздық демекші, қорғансызды қасқыр да басынады екен.

Есімі елге таныс Бексырға Даныш­панов деген ағамыз бар. Сол кісінің «Анамның айтқаны» деп айтып жүретін әңгімесі бар. Сонда: «Біздің сәби кезімізде әкем қой бағады екен. Әкемді әскерге шақырады, ол кезде алты айлық баламын. Әкемнің орнына шешем қой бағып қалған. Соғыс уақыты. Ешкіммен хат-хабар алыспайтын кез. Бір отар қойға шешем ие болып қалды. Тұрған жеріміз тасқора. Соның жанында жеркепеде шешем бес баламен тұрып, тоқты бақты. Төңіректе ұлып жүрген қасқырларды жолатпас үшін колхоздың берген мылтығын атады. Соғыс кезінде қасқырлар да соғысқа шыққан сияқты құтырды. Бір жағынан олар да аш. Одан кейін шешем от жағады. Сонда да қасқырлар төңіректеп жүреді. Шешемнің айтуынша, көздері жалтылдап оттан көрініп тұрады дейді. Әкем ағашқа іліп қойған соқаның темірі бар екен. Шешем түн ішінде далаға шығады да, соқаны ұрады. Сөйтіп жүргенде шешем ауырып қалыпты. Баланың үлкені 12 жаста. Қасқырлар сол кезде басынады. Тоқтыға еркін кіреді. Тіпті біз тұрып жатқан кепенің төбесіне шығып ойнайды. Шешем жазылғанша колхоздың тоқтысының отыз пайыздайын қасқыр жеп қойды”.

Қасқыр да адамның әлсіздігін біледі. Оралхан Бөкейдің әңгімесінде қыз баланың әлсіздігі, нәзіктігі, қорған­сыз­дығы әңгімеленеді. Анығында қасқырдың әлсізді басынуы емес, басқа да ойлар айтылып отырғаны белгілі.

Нұрлан тапсырмамен ары қарай кетіп бара жатыр, Арай автобус бармайтын ауылының тұсында қалып бара жатыр. Сондағы қыздың: «Сіздер анау жаңа құрылысты жазасыздар, біздің ауылды жазбайсыздар» деген назы қандай десеңізші?

Нұрлан социализмнің жетістігі ре­тінде салынып жатқан жаңа құрылысты көріп, қайтар жолда қыздың ауылына соғады. Қара жамылған ауылдың үсті­нен түсіп, қызды жаяу кетіп бара жат­қан жерінде қасқыр жеп кеткенін біледі. Жазушы әңгімені тосын сөйлеммен аяқтайды. «Мен өмірімде түңғыш рет бас редактордың тапсырмасын орында­ған жоқпын. Мен анау шамдары самала­дай жанған жаңа құрылыс туралы мақаланы жазған жоқпын» дейді.

Біз білетін Оралхан Бөкейді «Жүріс-тұрысы тәккапар, асқақ сөйлейтін, жазғанда көсілте жазатын романтик жазушы» деп есептейді. Бірақ оның шығармаларында қатал реализмнің қаны тамып тұрғанын байқай бермейміз. Әсересе «Қасқыр ұлыған түнде» деген әңгімесінде Оралхан өзін нағыз реалист жазушы ретінде көрсетеді.

Қазір мырза күз, алда қара күз, қо­ңыр күз, боқырау бар. Десе де, Алтай жақта қыс ерте түседі. Мал-жан, қора-қопсы, жем-шөп қысқа дайын шығар. Ал шағын ауылдарға баратын жолдар мен көліктер қалай екен? Оны да бір тексеріп, түгендеп қойған артық емес. Заман тыныш болғанмен, таудан түсіп, ауылға қонаққа келіп кететін қасқырлар әлі де бар...

 

Тобық. «Отамалы»

Иә, тамыз тәмам. Қыркүйекке иек арттық. Қырда қарбалас. Табиғатқа тәу­елді халықпыз. «Қыстан аман шық­сақ» деп қоятынымыз бар. Сондайда ішіңнен мырс етіп күлесің. Бәлкім, «Отамалы» еске түсетін шығар. Мезгіл-мезгіл осындай шығармаларды оқып қойған артықтық етпейді. Айтпақшы, «Отамалы» да адамның үйленуі керек екенін, оның қазан-ошағы болуы керек екенін, ол шаруаны ұмыт қалдыруға болмайтынын меңзеумен басталады. Отамалы байға табиғат құбылысын айтуға келеді. Байдың өзі киіз үйдің ортасында отырады, ол да бір образ. Оны алғаш оқыған кезде жұрт түсінбей қалуы мүмкін, мынау шынымен бай кісі екен деп. Ол енді оқырманды қызықтыру үшін ауызша әңгімелерде айтыла бере­тін сипатта қызғылықты образ ретін­де алынған, оның мистикалық бейне екені шығарманың аяғына келген кезде көрінеді.

Халық қамсыз, «көктем шықты ғой, енді маған жылы киім не керек?» деп, қамсыздық билеген кез. Отамалы деп ата­латын табиғат құбылысы жан иесі ре­тінде кейіптеліп, ол да бір образға ай­нал­ған. Бұл жерде кейіпкерлер санау­лы ғана. Жапанбай, Отамалы, сонан ке­йін табиғаттың өзі. Басқа бұл жерде бай­дың бәйбішесі деген сияқты қосалқы бір-екі ғана кейіпкер бар. Шығарма бастал­ған сәттен-ақ оқырманды бірден тар­тып әкетеді. Ауызша айтылып-айтылып, әбден қалыпқа түскен аңыздық желі. Жазу­шының шеберлігі сол, осы аңыздық желінің негізгі жүлгесінен айрылмайды. Соны ұстап отырады. Кейбір жазушы­лар өздері жазып отырған шығарманы қай­та-қайта өңдеп-жөндеймін деп, халық­тық болмыс-бояуынан ажыратып алады. Мына жерде халықтық болмысы, бояуы, халықтың сөйлеу тәсілі, әңгімешіл­дігі бәрі сақталған. Шығарманың басты ерекшелігі осында жатыр.

Біздің әдебиеттанудағы талға­мы­мыз­ды кеңестік идеология бұзып жібер­­ген. Тобық Жармағамбетов әдеби орта­­­дан жас кезінде кетіп қалған. Өзінің әкесі ­жоқ. Шешесі бар. Сол шешесінің жағда­­йына қарап, талантты жазушы болса да оқу­ды бітіре салады да, ауыл қайдасың деп тартып отырады. Ауылда жай қарапа­йым мұғалім болады. Жазушылық еңбегі соцреализиммен, кеңестік идеологиямен бүлінбеген әлі. Біздің көптеген жазушыларымыз үйреншікті, қасаң қалыпқа түсіп алады да, сол қалыптан өмір бойы шыға алмай-ақ кетеді. Тіптен жаңаша көзқарастағы үлкен сыншы­мыз Зейнолла Серікқалиевтің өзінің ­осы «Отамалыға» жазған алғысөзі кішке­не күмән тудырады. «Бұл әңгіме не үшін керек? Бұл әңгіме ата-бабамыздың өткен өлмеші өмірін, ауыр-азап­ты тіршілігін танып, түсіну үшін керек. Бұл әңгіме бүгінгі бақытты бағалау үшін керек», дейді. Бұл енді ешқандай да әдебиетті тану, әдеби сын емес, бұл кәдімгі идеологияға қызмет етіп тұрған сөйлемдер емес пе.

Иә, намысқа шапқан тұстарда айтамыз. Сөзімізге сүйеу етеміз. Былайғы кезде Тобық Жармағамбетов деген фамилия аталмайды. Қадыр Мырза Әли: «Төлеужан Ысмайыловтың бір өзі қандай талант болатын! Қалжан Нұрмаха­нов ше? Айқын Нұрхатов ше? Ақан Нұрманов ше? Тобық Жармағамбетов ше? Мен тек аузыма бірінші түскендерін ғана айттым. Ондай-ондай дарындардың саны жүздеп болмағанмен, ондап саналады. Бірінен-бірі өткен таланттар еді. Негізінен түк бітіріп жарытпай, бірінен кейін бірі кетті. Жазбақ түгілі ойла­нып та үлгермеген тәрізді. Ерте, тіптен ерте дүние салды, жарықтықтар!» – деп ­жазыпты.

Біздегі көркем шығармалардың ең басты кемшілігі неде? Қасаңдығында. Оқығанда қиналасың. Өзіңіз қараңызшы, біздің жадымызда не бар? Жадымызда батырлар жыры, лиро-эпостық жырлар, эпикалық суреттеулер бар. Соның бәрі біздің жадымызда жатталып қалып қойған. Жатталып қалып қойған себебі, еркін тыныстылығында. Шығарманы құрсаулап қысып тастамайды.

Егер «Отамалы» тек сол халық аузын­дағы дайын аңыздың негізінде туа қал­ды десек, қателесеміз. Сюжеттің ғана бас-аяғын алып қарасаңыз, басында бай отыр, мұрты зерендегі шұбатқа ма­лынып. Жаймашуақ кез, қар кеткен, жер кішкене жіпсіген. Отамалы келіп, ауа-райының бұзылып бара жат­қа­нын, мұндай жағдайда малды өріс­ке шы­ғарғанда қиналатынын, тіпті бұның қауіпті жағдай екенін ескер­теді. Зерендегі шұбатқа мұртын малып отырған байды әуелгіде мистикалық образ деп ойламайтынымыз рас. Одан қол­дау таппаған Отамалы боранда қой­мен бірге адасып жүріп, жан беру оңай емес екенін көрсетіп, жанұшыра қатты айқайлап, қолындағы таяғын құлаштай лақтырып, бағанағы бес күндік боран­ның омыртқасын үзіп құлатады. Бес күн­дік боран сол кезде бітеді. Сол кезде қасы­на қазан-ошағы ұшып келеді. Қараса киіз үй де пайда бола кетеді. Киіз үйдің ішінде бай отыр. Кенет, байдың мұрты үгіліп түсіп, өзінен өзі бықсып жанып, бір уыс күлге айналады. Күн жылыды деген сөз, көрдіңіз бе. Алдын-ала жасалып қойған табиғаттың табыты бар. Отамалы сол жерге келді да өлді, міне, бітті. Көрдіңіз бе, қалай қиыстырған.

Неге осылай жазып отыр, соны бай­қадыңыз ба, әңгімешінің образына кіріп отыр жазушының өзі. Автордың обал-сауапты білуі де әсер еткен. Онсыз мұндай шығарма тумас та еді. Мұндайда қиял қанаттанып кетеді. Қиял жүрген жерде мистика қала ма, қоса жүреді.

Өте шымыр, өте шынайы жазылған, халықтық болмысынан ажырамаған, халықтық қалыбында құйыла қалған осындай керемет дүние әдеби айналыста жоқ. Содан да халыққа сәл бейтаныстау болып қалған, бірақ сол халықтың өз бауырынан жаралғандай өте таныс дүние екені де анық.

Жазушы деген табиғаттың төл баласы. Жыл мезгілдері мен ай ерек­ше­лік­терін айтсаң, сол туралы жазылған бір шығарма есіңе түсе қалады. Бұл дәстүр ауыз әдебиетінде де бар, бірақ біз үшін Абайдан басталады. «Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзуеде отырар бай» дейтін малсақ жандар қазір де бар. Күзеу күйтті болсын, ағайын!