• RUB:
    5.28
  • USD:
    480.61
  • EUR:
    534.53
Басты сайтқа өту
Мәдениет 10 Қыркүйек, 2024

Этноауыл есігін айқара ашты

112 рет
көрсетілді

Елорда төрін дүбірге бөлеген V Дүниежүзілік көшпелілер ойын­­дарының басталғанын көрсетіп, қала тұрғындары мен қонақ­тарға құшағын жайған «Көшпелілер әлемі» этноауыл да жұмысын бастады.

8-13 қыркүйек аралығында «Қазанат» ипподромының маңынан бой көтерген этноауылда күнде думан, күнде той. Мұнда этноспорт сайыстардың тартысынан сырт мәдени бағдарламалар да көпшілік назарына ұсынылады. Қазақ халқының бай мұрасы мен дәстүр салтын дәріптейтін «Шаттық керуені» шерумен ашылған ауылдың базары Дүниежүзілік көшпелілер ойындары біткенше тарқамайды. Этноауылға табаны тиген тұрғындар мен қала қонақтары көшпелілер әлеміне бойлап, өр рухты терең сезінеді.

«Өнер ордасы» аталатын бас сахнада күнде әр өңірден келген үздік өнер ұжымдары өнер көрсетіп, «Думан­ды дала» концерті өтеді. Этно­фольклорлық ансамбль, қазақ ұлттық оркестр­лері әнмен көмкерсе, би топтары дәстүрлі этностық стильде өнер көрсетеді. Қазақтың төл мұрасы айтыс та көшпелілер ойындарының даңқын асырып, әр өңірден келген үздік айтыс­кер ақындар сара сөз додасына түседі.

«Көшпелілер әлемінің» ішінде ірге тепкен этношатыр алаңы қонақ­тарға қолөнер шеберлері мен ісмерлердің туындыларынан көрме ұйымдастырылса, «Шығыс базарына» келген көпшілік қазақтың ұлттық тағамдарын ұсын­ған мейрамханалардан дәм татады. Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарының рәмізі саналатын кәдесый­лар­ды да осы маң­нан табасыз. Орталық алаңда ұлттық ойын түрлерін қамтыған бала­лар алаңқайы да бар. Халық музы­касына арналған сахна, ашық аспан астындағы көшпелі халық­тың бай мұрасыннан сыр шер­тетін өркениеттер мұражайы, спор­т­тық іс-шаралар өтетін орын да бар.

«Көшпелілер әлемі» этноауылда өтетін іс-шараның барлығына кіру тегін. Күнделікті сағат 11.00-ден түнгі 21.00-ге дейін аралауға болады. Астанада өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарына орай «Қазақ елі» монументі, «Ататүрік» паркі, «Бәй­терек» монументі мен Орта­лық саябақта да этноауылдар ашы­лып, қала тұрғындары мен қонақтарына концерттік бағдар­лама ұсынылып, спорттық ойындардан ­са­йыс өткізіледі.