Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Қазақ-Строй» ЖШС-мен ынтымақтастық негізінде 9 қабатты жаңа студенттік жатақхананың құрылысы басталды. Ғимарат келер жылы пайдалануға беріледі.
Университет аумағында соңғы 30 жылда салынғалы отырған жатақхана 450 орынға арналған. Оқу орны аумағында мұнымен қоса студенттер үшін медициналық орталық тұрғызылады. Құрылысқа салынатын жалпы инвестиция көлемі 2,3 млрд теңгеден асады. Салтанатты іс-шараға басқарма төрағасы-ректор Ақылбек Күрішбаев, Парламент Сенатының депутаты Жанна Асанова, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ситуациялық орталығының жетекшісі Аманғали Шаймарданов, инвестор компания «Қазақ-Строй» ЖШС бас директоры Болат Ибрагимұлы, Алматы қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек, Медеу ауданы әкімдігінің мамандары, оқытушылар қатысты.
Қазіргі таңда университетте жекеменшікке өтіп кеткен оқу орны активтерін кері қайтару жұмысы жалғасып отыр. Мысалы, №6 студенттік жатақхана өткен жылы тұрғын үй қорына қайтарылып, қосымша 280 студент баспаналы болды. Кезінде «Шаһ» мейрамханасы мен кеңсе ғимараты ретінде пайдаланылып келген №3 студенттік жатақхана да кері қайтарылып, толықтай күрделі жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа университет бюджетінен 160 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалды. «Ритм Строй ЭК» ЖШС жатақханаға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тұрғын бөлмелер, ас үйлер мен дәліздер, тазалық орындары жаңаша дизайнмен өрнектелді. Қажетті жиһаздар, тұрмыстық техникамен қамтамасыз етіліп, заманауи 300 бөлме студенттер, магистранттар мен жас ғалымдардың игілігіне берілді.
«Aqyl alem» компаниясы жүргізген әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, еліміздегі үш жоғары оқу орны – Nazarbayev University, КИМЭП және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті білім сапасы мен жатақханамен қамтамасыз ету жөнінде ең озық деп танылған. Әлеуметтік бағыттағы жүйелі жұмыстарды жалғастырудың нәтижесінде «KazNARU» Орталық Азияда QS рейтингісінде 6-орын, елімізде ТОП 5-ке еніп отыр.
АЛМАТЫ