Қосшы қалалық соты адам денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіруге әкеп соққан, немқұрайдылық салдарынан кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін «103» қызметі бойынша шақыруларды қабылдайтын фельдшерге қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық соттың хабарлауынша, «103» қызметінің диспетчері пациент «У.»-дан шақыруды қабылдап, «артериялық гипертензиямен есепте тұрған, кеудеде ауырсыну, жеделдіктің 1-санатындағы шақыру» хабарламасымен оны Қосшы қаласына жолдаған.
«Қосшыда фельдшер «С.» шақыруды қабылдай отырып, 1-ші санаттан 4-ші санатқа ауыстырған, пациенттің шағымын бұрмалап «жоғары температура, 1 аптадан астам ауырады, қатты жөтел» деп көрсетіп, емханаға жолдаған. Емхананың фельдшері «А.» пациент «У.»-ға 4-ші санат бойынша медициналық көмек ретінде тексеріс жүргізіп, инъекция жасап кеткен. «У.» медициналық көмекке қанағаттандырылмай Астана қаласының ауруханасына өз бетінше баруға мәжбүр болды. Ауруханада оған «Жүректің ишемиялық ауруы. Миокард инфарктісі. Стенттеу. Кардиогенді шок. Клиникалық өлімнен кейінгі жағдай» диагнозы қойылды», делінген хабарламада.
Сотта «С.»-тің кінәсі сараптамалардың қорытындыларымен, жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, фельдшерге шақырудың жеделдігі санатын өзгертуге тыйым салатын нормативтік құқықтық актілермен және істің басқа материалдарымен расталған.
Жаза тағайындауда сот абайсызда жасалған ауырлығы аз қылмыстың жасалғанын, сотталушының жүктілігі (22 аптадан астам мерзімде) болуы жеңілдететін жағдай ретінде, ауырлататын мән-жайлардың болмауын және бұрын соттылығы жоқ екенін ескерген.
Сот үкімімен «С.»-ға медициналық қызмет көрсету құқығын айыра отырып, пробациялық бақылау белгіленіп 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу тағайындалған.
Сонымен қатар сот облыстық денсаулық сақтау басқармасы атына тиісті шаралар қабылдау үшін жеке қаулы шығарған. Жеке қаулымен сот жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің абайсызда пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтіретін медицина саласындағы нормативтік құқықтық актілерді өрескел бұзушылығына назар аударған.
Сондай-ақ сот үкімді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы, Ақмола қосалқы станциясы және Қосшы қаласының емханасы қызметкерлері ұжымдарының қатысуымен жария еткен.
Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.