• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 11 Қыркүйек, 2024

Жәнібек – жеңімпаз!

103 рет
көрсетілді

Дәс­түрлі садақ ату спорт түрі бойынша әлем­нің 33 елі­нен келген 183 спортшы «Ар­ғымақ» ат-спорт ке­­шенінде сайысты бастады. Бұл жарыста отандық 10 мерген ел намысын қорғайды.

Бұл сайыстар «Пута», «Qalqan» және қазақ таны­мын­дағы «Zhamby» стильдері бойын­ша өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күні мергендер «Пута» стилінен сынға түсті. Бұл түрдің ерекшелігі – «Пута» атты құмыра пішіндес (ерлер – 70 метр, әйелдер – 60 метр) нысанаға бір дүркін кезек-кезек 9 оқ жұмсайды. Оқ құмыра мүсінге дарыған сайын бір-бір ұпайдан беріледі. Жарыс ережесі бойынша екі садақшы қатар сынға түсіп, жеңілгені жарыстан шығып отырады.

Аталған жарыс барысында соңғы турда мажар спортшысымен мергендік сынасқан еліміздің ерлер құрамасының мүшесі Жәнібек Құлмырзаев қарсыласын 13:10 есебімен жеңіп, алтын медаль иесі атанды. Марапаттау рәсімі кезінде баспасөз өкілдеріне сұхбат берген Жәнібек Әбдіуәлиұлы: «Ұлт­тық құрамада менен басқа 6 азамат бар. Бұлар­дың барлығы дерлік алтын алу­ға лайықты. Бірақ бұл мәр­тебе маған бұйыр­ғанына қуаныш­тымын», деді.

Осы сайыс түрі бойынша өнер көрсеткен ұлттық құрама мүшесі, дәстүрлі садақ атумен айналысқанына екі-ақ жыл болған қарындасымыз, Қа­зақстан кубогі және ел бірін­шілігінің жеңімпазы Айкөркем Батихан мен Қасымхан Қанат қола жүлдеге ие болды.

Ұлттық құраманың бас бап­кері Диас Ахметовтің айтуына қарағанда, мергендер дүбірлі додаға жақсы дайындықпен келіпті. Жарысқа дайындық барысында құрама Малайзия еліне барып оқу-жаттығу жиы­нын өткізіп келген. «Өйткені малай жұртының садақшылары әлемдік деңгейде биік мәртебеге ие. Олардан көп нәрсе үйрендік. Соның нәтижесі осы», дейді бас бапкер.