Қазақстан Ұлттық банкі «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясымен «Joshy Ulysy. 800 jyl» коллекциялық монеталарын айналымға шығарады.
Монеталардың дизайнында Жошы хан ескерткішінің бейнеленген. Оның авторы – елімізге белгілі мүсінші, монументалист-суретші Ғазиз Ешкенов. 5000 теңгелік номиналдың таралымы 100 дана. Олардың бәріне де алтын жалатылған, күміс сынамасы – 925/1000, массасы – 777,5 грамм, диаметрі – 100 мм, дайындау сапасы – «proof». Айта кетейік, монетаның барлық түрін еліміздің бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнымен төлемнің кез келген түрінде қабылдауға, банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға, айырбастауға болады.
Көлемді гауһар тас
Саха Республикасындағы Эбэлээх кен орнынан салмағы 52 грамм болатын гауһар тас табылды.
Бағалы тасты мамандар алмазды кен орнының топырағын тазалау кезінде анықтаған. Графит, сульфид сияқты химиялық қоспасы бар зергерлік алмас мөлдір кристалдармен көмкерілген. Қазір ол сараптамалық бағалауға жіберілді. Мамандардың айтуынша, көлемді гауһар тас осымен екінші рет Эбэлээх кен орнынан табылған. Былтыр қыркүйекте салмағы 78 грамм кристалл анықталған. Бұл – кейінгі он жылдағы Ресейден табылған ең үлкен бағалы тас.
Ғарыштағы тоғызқұмалақ
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының қарсаңында тоғызқұмалақ ойынының тақтасы 35 мың шақырымдағы әуе кеңістігіне ұшырылды.
Осылайша, ұйымдастырушылар жаһан жұртының назарын төл ойынымызға аударуға тырысқан. Қазір тоғызқұмалақ ұлттық ойынына тек қазақтың ғана емес, өзге елдердің де қызығушылығы жоғары. Мәселен, көшпелілер ойынында Колумбия, Бангладеш, Ұлыбритания, АҚШ, Қытай сияқты елдерден келген қатысушылардың қарасы мол. Айта кетейік, қазір елімізде 5 мың тоғызқұмалақ үйірмесі, 200-ден астам жоғары санаттағы спортшылар бар.