• RUB:
    5.25
  • USD:
    477.62
  • EUR:
    527.67
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 20:20

СЭСО - биоқауіпсіздік бойынша Қазақстандағы алғашқы референс-зертхана

109 рет
көрсетілді

Қазақстанда биоқауіпсіздік бойынша алғашқы референс-зертхана пайда болды. Бұл мәртебеге ҚР ПІБ Медорталығының Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы  ие болды. Енді референс-зертхана өнімдердің қауіпсіздігін халықаралық деңгейде растау қызметін жеңілдете түсетіні анық, деп хабарлайды Egemen.kz.

Айта кетерлігі ҚР ПІБ Медорталығының Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы Биологиялық қауіпсіздік туралы заңды жүзеге асыру аясында биологиялық қауіпсіздік саласында Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы референс-зертхана атанып отыр.

Алғашқы референс-зертхана мәртебесі Орталық зертханалары Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 2022 жылғы 31 мамырдағы №22 «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің референс-зертхана жүйелерін құру туралы» ұсынымдарына сай келетінін айқындайды.

Бұл орталықтың  референс-зертхана ретінде аккредиттелуі халықты санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен қамтамасыз етуде  маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар жергілікті бизнес өнімдердің қауіпсіздігін халықаралық деңгейде растау қызметін жеңілдетеді.

СЭСО-ның 8 зертханасында бактериологиялық, паразитологиялық, молекулярлық-генетикалық, санитарлық-химиялық, токсикологиялық, хроматографиялық зерттеулер жүргізіледі.  Сондай-ақ зертханаларында жасалған сараптамалар ILAK (Зертханаларды аккредиттеу жөніндегі халықаралық қауымдастық) құрамындағы 112 елде мойындалады.

ҚР ПІБ Медициналық орталығы басшысының орынбасары Людмила Бюрабекова мұндай референс-орталық жұмыс сапасын сыртқы бағалау жүйесінің, сонымен қатар диагностикалық күрделі әрі сараптамалық жағдайларда зертханалық зерттеу жүргізудің маңызды элементі болып саналатанын алға тартты.

«Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы жоғары дәлдіктегі бірегей зертханалық жабдықтармен жабдықталған, мұнда жоғары білікті мамандар еңбек етеді. Соның арқасында күрделі зертханалық зерттеулерді сапалы әрі жедел жасауға жол ашады. Бұл елімізде биологиялық қауіпсіздік жүйесін құруда өте маңызды», деп түсіндірді Людмила Бюрабекова.

ҚР ПІБ Медициналық оталығының Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы санитарлық дәрігері Сандуғаш Мұқажанованың айтуынша, биологиялық қауіпсіздік туралы заңның аясында нормативтік құқықтық актілер жасалған. СЭСО сол  актінің ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 102 бұйрығы бойынша 11 талапқа сәйкес зерттеулер жүргізеді.

«Биылғы біздің зертхана биологиялық қауіпсіздік саласында референттік зерттеу жүргізетін мәртебеге ие болды. Бұл мәртебе бізге диагностикалық қиын жағдайда сараптамалық қорытынды беру үшін, аса қиын жағдайларда потогендерді сәйкестендіру үшін, жаңадан анықталған патогендерге референттік зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді», деп атап өтті деді Сандуғаш Мұқажанова.

Айта кетейік, бұл ретте ССЭО зертханалық сараптама қызметін тек мемлекеттік құрылымдар ғана емес, сонымен қатар жеке ұйымдарға да пайдаланануға рұқсат берілген. Яғни, орталықтың зерттеу нәтижелері өнімді экспортқа шығару үшін немесе өз объектілерінде өндірістік бақылауды жүзеге асыру үшін  пайдалы болмақ.

«Біздің сынақ зертханамыз тәуелсіз, техникалық құзыреті мол, сынақ нәтижелерінің сапасы күмәнсіз. Аккредиттелген зертхананың сараптамалары халықаралық деңгейде мойындалады. Бұл өндірушілердің және экспорттаушылардың шығынын азайтады, олар зерттеулердің кең спектрін ескере отырып, белгілі бір төнімге толыққанды сараптама жасай алады, шетелде қайтадан сынақ жүргізіп қосымша шығынға ұшырамайды», деді СЭСО басшысы Сәуле Шәріпова. 

Сонымен қатар зертхана ауа, су, топырақ сияқты сыртқы орта объектілеріне, сондай-ақ тамақ өнімдеріне, полимерлі материалдарға және басқа да өнім түрлеріне кешенді зерттеу жүргізуге құқылы.  Сондай-ақ, орталық мамандары қызметі тамақ өнімдері мен ауыз суды өндірумен, сақтаумен, тасымалдаумен және өткізумен, балаларды тәрбиелеу мен оқытумен, халыққа коммуналдық және тұрмыстық қызмет көрсетумен байланысты кәсіпорындарға халықаралық тренингтер мен санитарлық-гигиеналық оқыту өткізеді.

Айта кетейік, биылғы жылдың басынан бері ҚР ПІБ Медициналық орталығының санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының ұжымы 775 мыңнан астам зерттеу жүргізген. Бұл зерттеу саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге ұлғайған.

СЭСО референс-зертхананың сапалы жұмысы  қоршаған ортаны сауықтыруға және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауатын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өткен жөн.