• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қыркүйек, 2024

Спорт саласындағы серпіліс

81 рет
көрсетілді

Жетісуда спорт саласына арналған кешендер көптеп салынып жатыр. Әсіресе алыстағы ауыл балалары арналған жаңа ғимараттардың құрылысы қарқынды. Мәселен, былтыр 4 блокты-модульді спорт кешені салынса, биыл тағы 6 нысан тұрғызу жоспарланған. Жақында облыс туризмінің тамырына қан жүгірткен моноқала Текеліде дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.

Жетісу облысында бұқаралық спортты дамытуға, соның ішін­де шалғай аудандар мен ауыл­дарда ерекше көңіл бөлінген. Қазіргі кезде елді мекендерде 6 дене шынықтыру-сауықты­ру кешені болса, 31 мыңнан ас­там халқы бар Текелі қаласын­да ашыл­ған тағы бір жаңа кешен жұрт­шылықты қуантты. Ел қуанышы­на ортақтасқан облыс әкімі Бей­біт Исабаев Текелідегі кешен­нің ашылуына қатысып, өңірде спорт саласына жасалып отырған жағдайларға қысқаша тоқталды.

«Текеліде заманауи жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашып отырмыз. Мұндай кешен облыс орталығы Талдықорған­ның өзінде жоқ. Жалпы, Жетісу облысы құрылғалы бері өңірде 14 спорт нысаны салынып, ел игі­лігіне ұсынылды. Әлеуметтік сала­ның инфрақұрылымын дамытуда блокты-модульді конструкциялар кеңінен қолданылуда. Осы оң тәжірибені біз өткен жылдан бері спорт саласында да пайдалана бастадық. Мәселен, былтыр ауылдық жерлерде 4 блокты-мо­дульді спорт кешені салынса, биыл тағы алтауының құрылысына қаржы бөлінді. Осындай жаңа нысандар Қаратал ауданының Тастөбе ауылында, Ескелді ауда­нының Шымыр, Жетісу, Елтай, Кер­бұлақ ауданының Қызылжар, Алакөл ауданының Қарабұлақ ауылдарында бой көтереді. Мұн­дай спорттық нысандардан ха­лық­аралық жарыстарда биік шың­дарды бағындыратын мықты спорт­шылар шығады деп сенемін», деді Б.Исабаев.

Салтанатты іс-шара барысында спорт ардагерлері Тұратбек Чарапиев, Ертай Дүйсебаев, Атланта олимпиадасының жүл­дегері Мәулен Мамыров баста­ған зиялылар жаңа спорт кеше­ні­нің лентасын салтанат­ты түрде қиды. Енді бұл спорт нысанында қа­ланың Олимпиада­лық резервтегі ма­мандандырыл­ған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленуші­лері жаттығады.

«Текелі қаласында Олим­пиа­далық резервтегі мамандан­ды­рылған балалар мен жасөс­пі­рім­дер спорт мектебі жұмыс іс­тейді. Мұнда 495 баланы 24 жат­­тық­тырушы 7 спорт тү­рінен жат­тық­тырады. Жаңа спорт ке­ше­ні­­ ашылуының арқа­сында спорт­пен айналысатын балалар санын 800-ге дейін ұлғай­туға мүм­кіндік бар. Қосымша сек­ция­­лар – әйелдер күресі, еркін және грек-рим күрестері, үс­тел теннисі үйірмелерін ашуды жос­парлап отырмыз, оған қа­жетті 8 жаттықтырушы жұ­мыс­қа қа­былданады. Мұнда қа­ла хал­қы­ның да бұқаралық спорт түр­ле­рімен айналысуына мүмкін­­дік жасалған», дейді Текелі қала­лық дене шынықтыру-сауық­ты­ру ке­ше­нінің директоры Дидар Өтелбаев.

Көркі көз сүйсінтетін екі қа­бат­ты жаңа спорт кешені 180 орынға арналған. Мұнда қажетті спорт­тық құралдармен жабдықталған бокс, күрес, жаттығу және ойын залдары, сонымен бірге жүгіру жолы бар ашық стадион, балалар ойын алаңы мен воркаут-алаңдар бар.

«Туған жердің бір жусаны гүл­десе қуанатын елжандылық сезім бар бойымызда. Ал туған ­өңі­рің өркендеп, зәулім үйлер, за­ма­науи кешендер салынып жатса қалайша қуанбайсың? Текелі тұр­ғыны ретінде мен де осынау қуа­нышты оқиғаның куәгері болып отырмын. Ризамын. Енді осынау дене шынықтыру-сауықтыру ке­шенінен, жаңа облыс әкімі құт­тықтау сөзінде айтқандай, Мәулен Мамыров, Нұрбақыт Теңізбаев, Демеу Жадыраев секілді балуандарымыз, чемпиондарымыз өсіп шықсын», дейді моноқала тұрғыны Бағлан Темірұлы.

Салтанатты ашылу рәсімінен соң көпшілік облыс әкімімен бірге ойын мен жаттығу залдарын, бокс залын аралап, ғимараттың ішкі жағ­дайымен танысты. Бейбіт Иса­баев жас спортшылармен әңгіме­лесіп, жасөспірімдерге доп және басқа да спорттық жабдықтар сый­лады.

Облыс әкімі баспасөз қыз­ме­тінің мәліметінше, облыс бойын­ша қазіргі кезде 6 дене шынықты­ру-сауықтыру кешені қолданыста. Оған қоса Панфилов ауданының Үшарал және Сарқан ауданы­ның Алмалы ауылдарындағы спорт кешендердің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Талдықорған қаласында «Жетісу» кәсіби волейбол клубына арналған оқу-жаттығу базасы, жеке инвесторлар есебінен клуб волейболшыларына арналған 40 орынды жатақхана, сондай-ақ, Үстел теннисі орталығы салынуда. Талдықорған орталық алаңына жаңғырту жұмыстары жасалды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қо­рының демеушілігімен Панфилов ауданы Көктал және Ақсу ауданы Қапал ауылдарында ангар тип­тес 2 спорттық нысан бой көтеруде. Бүгінде облыста 280 мыңға жуық адам немесе облыс халқының 40% спортпен шұғылданады.

Жалпы, өңірде спорт саласы­ның инфрақұрылымын дамыту ба­ғытында әсіресе ауылдық жерлерде блокты-модульді конструкциялар кеңінен пайдаланылып келеді. Бұған дейін медициналық және ветеринариялық пункттерді, сондай-ақ мәдениет объектілерін салу кезінде қолданылып жүрген блокты-модульді конструкцияларды пайдаланудың оң тәжірибесі өткен жылдан бастап спорт саласына да енгізілді. Мәселен, Спорт күніне орай Қаратал Тастөбе ауы­лын­да жаңа блокты-модульді спорт кешені ашылса, осындай ны­­сандар Кербұлақ ауданының Қы­зылжар, Алакөл ауданының Қа­ра­­бұлақ ауылдарында және Ес­кел­ді ауданындағы Шымыр, Жеті­су, Елтай ауылдарында салынып жатыр.

Ескелді ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Асхат Оразалиновтің айтуынша, бүгінде ауданда 4 спорт нысаны жұмыс істейді. Оларда балалар мен жасөс­пірімдер спорт мектебінің 1 200-ге жуық тәрбиеленушісі спортпен ай­налысады. Ал жаңа блокты-мо­дуль­ді спорт кешендерінің салынуы халықты бұқаралық спортқа көп­теп тартуға мүмкіндік тудырып отыр.

Ескелді ауда­нындағы екі қа­батты жаңа блокты-модульді спорт кешендерінің бірінші қабатында мини-футбол, волейбол, баскет­бол сияқ­ты командалық ойындар­ға арнал­ған залдар орналасса, екінші қаба­тында бокс, күрес және басқа да спорт түрлеріне ар­налған залдар қарастырылады. Со­ны­мен қатар спорт залдары, душ бөл­мелері, киім ауыстыра­тын бөлмелер және басқа да қажетті орындар жо­ба­ланған. Ғимараттардың әрқай­сысының ауданы 720 ш.м., ойын залдарының алаңы – 500 ш.м.

Жалпы, облыста осы жылға жоспарланған 6 спорт нысанының 1-еуі қолданысқа берілді, қалған бесеуінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, іске қосылады деп межеленіп отыр.

 

Жетісу облысы