Алдағы республикалық референдумға дайындық барысын бақылау мақсатында Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров екі күндік сапармен Атырау облысына барды. Облыстағы ахуалмен танысуға өңірдің көктемгі су тасқынынан қатты зардап шеккені түрткі болды. Өйткені көптеген инфрақұрылым нысаны, соның ішінде дауыс беру учаскелері зақымдалған еді.
Су тасқынынан Құлсары қаласы ең қатты зардап шекті. 17 дауыс беру учаскесінің үшеуі (№100, 237, 238) су басқан аумақта орналасқан еді. Мұның екеуі толығымен қалпына келтірілді, үшіншісінде жөндеу жұмысы жалғасып жатыр. Сондықтан аумақтық комиссия учаскені басқа қолайлы ғимаратқа көшіру туралы шешім қабылдады. Бұл учаскелердің барлығы тексерілді. Дауыс беру күніне орай қаладағы барлық 17 учаске дайын болады.
Сапар аясында Атырау және Құлсары қалаларында аумақтық референдум комиссиялары мүшелерінің, жергілікті атқарушы және өкілді органдар өкілдерінің, полиция, халықты әлеуметтік қорғау департаменті басшыларының, прокуратура органдарының, БАҚ өкілдерінің қатысуымен семинар-кеңестер өткізілді. Сол жиындар барысында референдумға дайындық туралы ақпарат тыңдалды.
Бұл ретте ОРК басшысы барлық деңгейдегі комиссиялардың қызметі қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтауға, сайлау үдерісінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге негізделуге тиіс екенін ерекше атап өтті. Бұған қоса ол «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндірді. Ұлттық және халықаралық байқаушылардың, шетелдік БАҚ өкілдерінің құқықтары мен міндеттері, бұқаралық ақпарат құралдарының референдумды әзірлеу мен өткізу барысын жариялау тәртібі, сондай-ақ қоғамдық пікірге сауал салу жүргізудің негізгі аспектілері сияқты түзетулерге егжей-тегжей тоқталды.
Семинарға қатысушылардың ерекше назары азаматтарды ақпараттандыру мәселелеріне арналды. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері осы бағытта атқарылған жұмыс туралы жан-жақты баяндады. Облыста «109» бірыңғай Call-орталығы іске қосылды, онда азаматтар республикалық референдум туралы барлық қажетті ақпарат пен кеңесті ала алады. Мысалы, осы Call-орталыққа хабарласып, референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізімінде өзіңізді тексеруге, сондай-ақ өз учаскеңіздің нөмірі мен мекенжайын нақтылауға болады. «2GIS» қосымшасында өңірдегі референдумның барлық 274 учаскесінің нақты орналасқан мекенжайлары қосылды. Адам ең көп жиналатын жерлерінде 130 ақпараттық баннер және 13 LED-экран орналасқан. Әлеуметтік желілерде де тиісті ақпараттық жұмыс жүргізіледі, телеграмм-бот іске қосылды, оның көмегімен тұрғындар сайлаушылар тізімінде өздерін тексере алады.
ОРК басшысы комиссияларды үй аралау, сайлаушыларға жеке шақыру қағаздарын тапсыру қажеттілігіне бағыттай отырып, алдағы республикалық референдум туралы азаматтарды жүйелі және уақтылы хабардар етудің маңызын атап өтті. Ол мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
Жергілікті жерлерде оқыту сапасын бақылау мақсатында аумақтық комиссия мүшелерінің референдум туралы заңнаманы қаншалықты білетіні тестілеу арқылы тексерілді. Соның нәтижелеріне сәйкес Н.Әбдіров сайлау үдерісін ұйымдастырушыларды оқыту жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырып, комиссиялардың барлық мүшесін қамтуға тиіс екенін айтты. Бұл ретте науқанды ақпараттық сүйемелдеу, қоғамдық бірлестік өкілдерін аккредиттеу, референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін нақтылау, дауыстарды санау және референдум қорытындыларын шығару сияқты мәселелерге ерекше назар аудару қажет. Содан кейін ОРК басшысы Атырау облыстық аумақтық референдум комиссиясының жұмысымен танысты.
Н.Әбдіров Жылыой ауданының жастарымен кездесу өткізіп, жастарға 2022 жылғы конституциялық реформа мазмұнындағы елдің жаңартылған сайлау жүйесінің ерекшеліктері, республикалық референдум туралы заңнамадағы жаңалықтар, сайлау саласындағы өзекті трендтер мен халықаралық тәжірибе туралы айтып, басқа елдердегі сайлаулар мен референдумдарды халықаралық байқауға қатысудан алған әсерімен бөлісті.
Жастар өз пікірін білдіріп, қызықтырған сұрақтарын қойды. «Кең Жылыой» газетінің жас журналисі Ерназ Ахметкәрімов сайлаушылардың белсенділігіне әсер ететін негізгі фактор ретінде ауыл әкімдерін сайлау туралы халықтың хабардарлығын арттыру тақырыбын қозғады. Кездесу соңында жастар электоралдық саланың өзекті мәселелері бойынша дәстүрлі онлайн-сауалнамаға қатысты.
Сапарға ОРК мүшесі Шавхат Өтемісов пен аппараттың жауапты қызметкерлері қатысты. Келесі кездесулер Батыс Қазақстан облысында өтеді.