• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ 12 Қыркүйек, 2024

Медициналық қызмет сапасының жақсарғанына мүдделіміз

111 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Жолдауы бұл күндері көпшілік арасында қызу талқыланып жатыр. Денсаулық сақтау саласының қызметкері болғандықтан маған Президенттің халыққа медициналық көмектің қазіргі мәселелері жөнінде айтқан сөздері ерекше әсер етті.

Расын айтуымыз керек, халық елімізде медициналық көмектің заман талабына сай емес екенін жиі қозғайды. Әсіресе меди­циналық сақтандыру жүйе­сіндегі кемшіліктерді, оның қызметіндегі көзге көріне бермейтін, жалпы халық біле бермейтін мәселелер көпшілікті көп толғандырады. Қанша жыл бойы бұл сала­дағы қызметтің өзгеріп, жақсарып кет­кенін халық көре алмай отыр. Жиі-жиі ауысатын оның басшылары қызметті ретке, бір жүйеге келтіре алмағаны қынжылтады. Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев медицина сала­сындағы кемшіліктерді тайға таңба басқандай етіп атап өтті. «Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 трлн теңге қаржы бөлінді. Бірақ оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұр­маланған ақпараттың кө­беюі­не әкеп соқтырды. Науқас­тарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды», деді ел Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру бол­маса, мұндай ауқымды өзге­рістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек. Осылайша, Прези­дент өте орынды айтылған сын айтып, кемшіліктерді жою жолын жіктеп көрсетті.

Жолдауда көтерілген тағы бір өте маңызды мәселе – білім саласын жақсарту. Білімсіз маманның қоғамға келтірер залалы аз емес. Келешек – білімді жастардікі. Сондықтан заман талабына сай білімді, білікті кадрлар даярлау – басты мәселелердің бірі. Президентіміз айтқандай, қазіргі кезде жоғары оқу орындары сан жағынан көз сүріндіреді, бірақ оларда білім алып, диплом алып шыққандардың біразының білімінің төмен екенін өмір көрсетіп отыр. Сапа емес, сан қуып кеткен ЖОО әлі де елімізде аз емес.

Кәсібім дәрігер болғандықтан мені және басқа да әріптестірімді толғандыратын тағы бір мәселе – дәрігерлердің білімін жетілдіру, қайта даярлау ісі. Осыдан біраз жыл бұрын Алматы қала­сын­да­ғы 50 жылдық тарихы бар мем­лекеттік Дәрігерлердің білі­мін жетілдіру ниституты негіз­сіз жабылып қалды. Оның себе­бінен көпшілік бейхабар. Содан дәрігерлер қайда барып білімін жетілдірерін білмей аң-таң бол­дық та қалдық. Сол сәтті ұтым­ды пайдаланған баз бір «пысықайлар» дер кезінде жер-жерде, қалаларда медицина қызметкерлерінің білімін жетіл­діруге қатысты ЖШС ашып, сер­тификаттар мен куәліктерді оңды-солды сатып, бизнестің бір жаңа түріне айналдырып жіберді. Одан кім ұтты, кім ұтылды? Әрине, дәрігерлер жалған сертификат, куәлік алға­нымен, білімі толығудың орнына құлдырап кетті. Оның «жемісін» денсаулығы сыр берген пациент­тер күнделікті өмірде көріп отыр. Содан «дәрігерлер сауат­сыз», «дәрігер диагноз қою үшін кабинеттен-кабинетке сан­далтып жұмсайды», «мені дұ­­рыс емдемеді» деп наразылық біл­діріп жатады.

Ия, осындайда «Жылағанның көзі – жаман, айтқанның аузы – жаман» деген қазақтың дана сөзі еріксіз еске түседі. Кезінде көп жыл қызмет етіп тұрған Қарағандыдағы Гигиена және кәсіби аурулар ғылыми зерттеу институты және олардың Ақтөбедегі, Шымкенттегі, Өске­мендегі филиалдары еш ойлан­бастан, қиналмастан, апай-топай жабылғаны бар. Тәжіри­бесі мол ғалым-дәрігерлер, профес­сорлар жан-жаққа тарап кетті, зертханалар жабылды. Содан кейін-ақ зауыттар мен кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшылардың денсаулығын бақылау жойылып, кәсіби аурулар саны күрт өсіп, қайғылы оқиғалар, өлім-жітім көбейді. Сол қателіктерін түсінген билік иелері енді келіп, бүгінде сол ҒЗИ-ді қайта ұйымдастырып жатыр. «Соғудан – қирату оңай» деген осы емес пе? Бар дүниені жоқ қылып, талан-таражға ұрын­дырып жат­қан білімсіз басшылар әлі де ортамызда аз емес-ау...

Жалпы алғанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты біраз тапсырма жүктеді. Енді оларды іске асыру – міндет. Биылғы Жолдау келер жылдарға бағдаршам болып, көпшіліктің ойынан шықты.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор

 

ТАРАЗ