• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:23

Нөкерсіз жүрген, нөсерге төзген

10 рет
көрсетілді

Арна жағалағандағы арман

Біз тұратын Тұздыбастау ауы­лын Үлкен Алматы арнасы қақ жарып өтеді. Ауылға кіре бергенде және шыға бергенде табаны мен екі жа­ғы шегенделген, ал ауылдың орта­сында төбесі тұтасымен жабыл­ған. Бір көше үстімен созылып және бірнеше көше көлденең қиып өтеді. Қазақстандағы құрылыс инже­не­риясының бір жетістігі осындай еді.

 

Оны жағалап жүргенде ойға талай жайт оралады. Жас журналист кезімізде осы Үлкен Алматы каналының құрылысынан «Ырыс арнасы» атты мақала жазғанбыз, ол жастардың «Лениншіл жас» газетіне бір бет болып жарияланған. Кейін Ұзақбай Қараманов туралы «Социалистік Қазақстан» мақала жаз­ғанда арнаға тағы соққанбыз. Өйткені ол кісі Қазақ селден қор­ғау басқармасын басқарғанда құрылыстың үштен бірін салған.

Бұлар журналистік жолымыз­дағы өкініш емес, өкіндіретіні – басқа жайт. Тағдыры Үлкен Алматы каналына қатысты тағы бір үлкен тұлға болды. Ол – Мұстахим Біләл­ұлы Ықсанов Қазақстандағы су шаруашылығының айтулы маманы, бірнеше облысты абыройлы басқарған, үкімет басшысының орынбасары қызметін де атқарған.

Оқиға өткен ғасырдың 80-жыл­да­рының соңында болған. Орал облысын басқарып келген Ықсанов қалай зейнет жасына жетті, солай қызметтен босатылды. Ол кезде зейнет жасы – 60 еді, тарихтың күнтізбесі 1986 жылды көрсетіп тұрды. Қазақстанның бірінші басшысы Д.Қонаевты қызметтен алу барысында «айналасын тазалау» науқаны өтті. Облыстарды басқаратын қазақ қайраткерлері шетінен босатылды. Ал сондай қыз­меттегі басқа ұлт өкілдеріне тиіспеді. Облыстық партия комитеттерінің ұлты қазақ бірінші хатшыларын босатып қоймай, оларды тексеру басталды. Шымкент облысын басқар­ған Асанбай Асқаровты соттады, Алматы облысын басқарған Кеңес Аухадиевтің басын әуреге салды.

Ықсановты тексеруге себеп табыл­мады. Оралдан Алматыға екі-үш шабаданмен көшіп келген. Кейін Алматы қаласы мен Шы­ғыс Қазақстан облыс­тарын бас­қарған, бірнеше мәрте министр болған Храпунов жиған мүл­кін жүк ұшағына тиеп ұшқан еді ғой. Айтпақшы, Ықсановтың жеке­меншік «Волга» көлігі бар екен. Оны Қонаев рұқсат беріп, айлығынан жинақ кассасында сақталған ақша­сына алған. Түбіртектері түгел.

Сонымен қызметті өткізіп, Орал­дан Алматыға көшіп келген, күш-қуаты бойында, ақыл-ойы кемел, ең бастысы өзін әлі Отанға керекпін деп есептейтін Мұстахим Біләлұлы Қазақстанның басшысы Колбиннен Үлкен Алматы каналы мекемесін басқаруға жібе­руді сұрайды. Мамандығы су шаруа­шылығына тікелей қатысты, жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі жетерлік. Бірақ Колбин «бұған дейінгі істеген қызметіңіз бір басыңызға жетер» деп келісім бермейді.

Әрі қарай Орал облысында «Ықсановтың кадры» аталатындарды тазалау науқаны басталған. Аудандарды, облыстық мекемелерді табысты басқарып, ішпей-жемей ел үшін қызмет етіп отырғандар еш себепсіз жұмыстан шығарылды. Осы екі жағдай оның жүрегіне салмақ салды. Тек Колбин кетіп, республика басшылығы қазақтардың қолына тигенде Ықсанов Үлкен Алматы каналы мекемесіне басшы болып тағайындалды. Арна қайтадан табыс әкеле бастағанмен, солақай саясаттан жүрегіне жүк түскен Ықсанов 1991 жылы қараша айында қайтыс болды. Қазақстан өзінің ең білікті, ең шешімтал, ең адал басшыларының бірінен осылай айырылды.

Біртіндеп Үлкен Алматы каналы әр жері кетіліп, тозды. Табанына өскен қамыс-қоға бақаның мекені болды. Тұнық су келетін арна тұр­мыс­тық қоқыс тасталатын, сасық иіс шығатын, жақындап барғанның жүрегі айнитын аймаққа айналып кетті. Ақыры 2025 жылдың ортасына қарай жөндеу басталыпты. Қан­шама қаржы кетпек, әрі ол жырымдалмай орнымен пайдаланылса дейсің.

Үлкен Алматы каналының бойы­мен өткенде көңілге өкініш кеп­­телетіні содан. Ықсанов болған­да..., Ықсановтың мүмкіндігін пайдаланғанда..., қазіргі басшылар Ықсановқа ұқсағанда дейсің!

Арасы қиылған арқан

Мұстахимның атасы Ықсан Батыс Қазақстандағы Жәнібек ауда­нының Борсы ауылында тұрған. Елді аласапыранға түсірген Қазан төңкерісіне дейін дәулетті, аймаққа ықпалды адам еді. Біләл мен Латиф атты ұлдары мен қызы Зейнепті еңбекке тәрбиелеген. Ықсанның інісі Қадырғали қайтыс болған соң, оның артында қалған қыздары Гүлім мен Гүлжиһанды өз қолына алыпты.

Ықсан ауылдың шетінен еңселі үй салған. Қора-қопсысын үйден бөлек ұстаған. Борсыда біреу ауырып қалса, Ықсан Саратов жақтағы тамыры фельдшер Федорды жазда пар ат жеккен арбамен, қыста шанамен әкеліп, ауылдастарын емдеткен. Немересі осында дүниеге келген. Арада жарты ғасыр өткен соң әлгі үйді кеңестік шаруашылық пайдаланып отырғанын облыстың бірінші басшысы Мұстахим Біләлұлы өзі көрсе керек.

Күштеп ұжымдастыру бастал­ғанда Ықсанның малы екі шаңыраққа деп есептеліп, кәмпескеден аман қалады. Біртіндеп ауылға аш адамдар қаптайды. Ықсан қорадағы малынан ет, алқаптағы өсіретін дақы­лынан астық пен бақша өнім­дерін береді. Бірақ бәріне қалай жеткізсін? Заманның ауаны жаман­дыққа өзгеріп бара жатқанын сезген соң Ресейге көшіп кетеді.

Отбасы Саратов арқылы Тулаға дейін жетеді. Ықсан, Біләл мен Латиф үшеуі де құрылыста жұмыс істейді. Бірқатар кеңестік зауыттарда қолтаңбалары қалған. Әрі қарай Орехево-Зуево қаласында тағы бір құрылыстың реті шығып, соған көше­ді. Осында Зейнеп, Гүлім, Гүл­жи­һан, Мұстахим мектепте оқыған.

Мектеп пен бұлар тұратын үйдің арасы қашық. Орманнан өту керек. Мұстахим қолына таяқ ұстап жүріп, қыздарды қорғаған. Бірнеше рет арттарынан қасқыр ерген. Зейнеп апаның бізге айтқан естелігі бойынша таяқ кезеп қасқырға қарсы жүргенде, Мұстахим 12 жаста екен.

Содан соғыс басталды. Біләл бірден майданға кетіп, қаза тапқа­ны туралы «қара қағаз» келді. Мұста­хим­ның шешесі Мақпал қайтыс болды. Ақын Қадыр Мырза Әлиде әке соғысқа кеткенде елдегі ата мен немерені ортасын қиып тастап, екі жағын жалғаған арқанға теңейтін өлең бар. Тура сондай болды да шықты. Ықсан немересінің тілеуін тілеп, соны таяныш етті. Мұстахим атасын қасынан тастамады.

Бұлардың отбасы эвакуциямен Алматыға жіберілді. Осында нөмірі екінші нан зауытынан майдандағы армия үшін тәулік бойы нан шыға­рылатын. Мұстахим теміржол техникумына түсіп, оқумен қатар сол нанды стансаға тасушының бірі болды.

Теміржолдан бұрылған өмір жолы

Алматы мен Семейдің арасында Ақтоғай стансасы бар. Бұрын Түріксібтің қатардағы шағын бекеті еді, енді тораптық стансаға айналған. Оңтүстік Қазақстаннан Ресейдің Сібіріне өтетін теміржол мен Орталық Қазақстаннан Қытайға өтетін теміржол осында қиылысады. Мұнай құйылған цистерналы, контейнер қойылған жайпақ платформалы вагондардың тізбегі ары-бері ағылып жатады. Түсті металл кен орны ашылып, комбинат жұмыс істейді. Вахталық жұмысшылар мініп-түсетіндіктен, жолаушылар пойызы ұзақ тоқтайды.

Ақтоғайда Мұстахим Ықсанов еңбек еткен. Алматы теміржол техникумын бітірген 1945 жылы жас жігіт Қазақ теміржолының Тентек стансасына жолдамамен жі­бе­рілді. Аз уақыттан соң Ақто­ғай стансасындағы 4-жол дистан­циясының технигі қызметіне ауысты­рылған. Ол уақытта Қазақ теміржолын Жұмағали Омаров басқарған. Жас маман жер аударылып келген әзербайжан инженері Мамед Кулиевтің бригадасында жұмыс істеді.

Кәртішке бойынша әрбір теміржолшыға күніне 600 грамм нан берілетін. Айына 400 грамм қант пен 800 грамм ет немесе балық бөлінеді. Мұстахим сол нан мен қанттың жартысын сақтап, Алматыда қалған атасы Ықсанға жібереді. Теміржол техникумына түсуінің өзі атасы екеуін асыраудың қамынан туған. Өйткені мұнда да теміржолшыға тиесілі кәртішке берілетін.

Ол Ақтоғайда Құдайберген Көп­жа­­саровпен жолдас болды. Жо­­ға­рыдағы басшы Омаров «жас­тар, сендер әрі қарай білім алың­дар» деп кеңес берген соң Мұста­хим өзі мен Құдайбергеннің құжа­тын алып, Ташкент теміржол инже­нерлері институтына тапсырып қайтады. Кешікпей екеуінің оқуға қабылданғаны туралы жақсы хабар жетті. Жоғары оқу орнына түсулеріне байланысты Ықсанов пен Көпжасаров жол дистанциясындағы жұмысынан босатылды.

Екі дос Ташкентке бірге кеткенмен, бір жыл оқыған соң жолдары екіге айырылды. Құдайберген оқи берді де, Мұстахим кері қайтты. Атасын жалғыз қалдырып кетуге бол­майды екен. Көп жылдан соң Көпжа­саров Қазақ теміржолының басшысы болып тағайындалды. Досы Ықсанов басқа биіктерді бағын­дырған.

Мырзашөл болған маң дала

Ықсанов еш қиындықсыз Алма­тыдағы Қазақ ауыл шаруашы­лық институтына түсті. Бес жыл үздік оқыды. Оқу бітіргенде ректор А.Жұматов «ғалым боласың» деп Мәс­кеудегі Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясына жолдама бермекші еді. Атасы үшін одан бас тартқан Мұстахимды Алматы қаласындағы Фрунзе аудан­дық комсомол комитетін басқаруға жіберді. Партиялық тапсырмадан бас тартуға болмайтын.

Бұл кезде Қазақстанның оңтүс­тігінде жаңа мақта алқаптарын игеру науқаны жарияланды. «Іздегенге – сұраған» деген осы, Мұстахим атасын ертіп Бетпақдалаға аттанды. 1952 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ильич ауданындағы «Жетісай­строй» басқармасына прораб болып келді. Аз уақыттан соң бас инженер қызметіне өсті. Келгеніне үш жыл болғанда «Жетісайстрой» басқарманың бастығы болып тағайындалды.

Осы қызметте не істегенін Оң­түс­тік Қазақстан облыстық газетін­дегі көлемді мақаласында жазды. Иә, көмекші мен кеңесшісі, баспа­сөз хатшысы деген жоқ заманда Ықсанов күндіз құрылыс басында болып, кешке ертең не істейтіндері туралы жиналыс өткізіп, түнделетіп мақала жазған. Әрі Мәскеу түбінде орыс мектебінде оқыған, теміржол техникумы мен ауыл шаруашылығы институтын орыс тілінде бітірген маман қазақ тілінде мақала жазған. Қазақ тіліне жетік болуы – жанында әрдайым ұстазы жүргендіктен. Ол – атасы Ықсан.

Біз кезінде Бетпақдаланы игеру­шінің бірі, соғыс ардагері Бекежан Тоқсанбаевтан естелік алғанбыз. Ол кісі «Мұстахимның атасы Ықсан батыр денелі кісі еді. Ол ақсақал айтар сөзін қысқа да нұсқа, терең мәнді өлең сөздерімен айтатын» деген.

Содан бір күні республиканың Министрлер кеңесіне шақырған. Не болды десе, Ықсановты Қазақ­станның оңтүстігіндегі бүкіл суландыру құрылыстарын жүргізетін «Казгольстепьстрой» тресіне бастық етіп тағайындамақ. Бұған дейін тресті Акоп Саркисов басқарған. Ол кейін Лениндік сыйлық алған. Жас маман Мұстахим Акоп Абрамо­вичтің лайықты ізбасары бола білген.

Ықсановтың «Казголь­с­тепьстрой» тресін басқар­ған кезінде не істегенін Ильич аудан­дық газетіне жазған «Берері көп Бетпақдала» атты мақаласынан оқуға болады. Мұнда цифр көп. 5000 шаршы метр тұрғын үй салынып, 350 000 гектар суландырылатын алқап игерілген. Басқасын келтіріп қайтеміз, тек «бетон» деп емес, «шемен» деп жазғаны риза етеді. Мақала «шөмішті», «адымдағыш» деген сияқты қазақы ұғымдарға тұ­нып тұр. Жұмысшылар үшін кітап­хана жабдықтағанын да айтыпты.

Кітап демекші, Бетпақдалаға жаңа роман жазу үшін Мұхтар Әуезов келгенде трест басшысы Мұста­хим Ықсанов атқарылған істермен таныстырған. Сонда жаны дарқан жазушы:

– Мұстахим, «Голодная степь» дегенді енді гүлденген мырза шөл деп айтсақ жөн екен, – деп риза болыпты.

Содан бастап бұл аймақты жер­гілікті халық Мырзашөл атап кетті. Бұл туралы «Вокруг света» журналында арнайы мақала жазылды. Ықсанов Мырзашөлді КСРО Халық әртісі әнші Людмила Зыкинаға, ақын Евгений Долматовскийге таныстырды. Оларды қойшы, осында келген КСРО көсемі Никита Хрущев пен үкімет басшысы Николай Косы­гинге атқарылып жатқан жұмыс­тар жөнінде есеп берді. Осылай іскерлігімен танылған Мұстахим Ықсанов 1961 жылы 35 жасында Оңтүстік Қазақстан облысы Ильич аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып бекітілді.

Кешікпей Хрущев өлкелік құры­лым дегенді ойлап тапты. Қазақ­станның Батыс облыстары бір өлкеге, солтүстік облыстары Тың өлкесіне айналды, Қызылорда, Жамбыл мен Шымкент Оңтүстік Қазақстан өлкесі болып біріктірілді. Абыр-сабырдың кезінде Мұстахим Ықсанов Оңтүстік Қазақстан өлкелік су шаруашылығы басқармасын басқаруға жіберіп, әрі қарай Мырзашөлдің көп бөлігі «уақытша» деген желеумен Өзбек­станға берілді. Өлкелер тиімсіз деп таратылып, облыстар қайтадан отау тіккенде Ықсанов Қызылорда облысын басқаруға жіберілді.

1952 жылы Жетісайға атасы Ықсанды ғана алып барған Мұстахим 1963 жылы қаңтар айында Сыр бойына атасына қоса келіншегі Саиданы ертіп, қызы Гүлнарды көтеріп келді.

Еңбек адамы еңселі

1963 жыл басталысымен Қызыл­орда облысы аса ауыр жағдайда қалды. Күзде небәрі 6 мың тонна күріш жинаған. Жемшөп жеткілікті дайындалмаған. Қыстаулар тұрмақ, ауылдарға барар жол жоқ. Бәрі қа­лың қар астында. Малшылар, он­дағы мал не болып жатқаны бел­гі­сіз. Қоян жылының қысы сұра­пыл. Анығында, Сыр бойында жұт басталған.

Материалдық жағдай ғана емес, моральдық ахуал асқынған. Об­лыстық жазылған домалақ арыздар Алматы тұрмақ Мәскеуді жалық­тырыпты. Сондықтан облыстық партия комитетінің хатшылары тегіс ауыс­тырылды.

Ықсанов дереу басқа облыстардан малға жемшөп, республиканың қорынан қар аршитын техника мен малшыларға жылы киім алғыз­ды. Облыс теміржол бойында жатқан­дықтан, әр аудандағы стансалардан жүкті шаруашылықтарға, одан әрі қыстауларға жеткізуді жедел ұйымдастырды. Облыс пен ауданд­а ешкім кеңседе отырмайтын болды. Өзі тағайындалғанға дейін қырылған мал болмаса, одан кейінгісін тегіс аман алып қалды. Әрі қарай екі жылғы төлмен шығынның орны толып, мал шаруашылығында өсім басталды.

Қиын қыста облыстық партия ко­митетіне екінші хатшы қыз­­ме­тіне келген Сейдәлім Тәне­кеев ақса­қалмен кейін талай әң­гімелестік. Ықсановтың сондағы арпалысы Батырлар жырынан бетер екен. Бір қыстаудан келесі қыстауға боранда жол аршып, азық-түлік пен жемшөпті қалай жет­кізгендерін айтқанда сол тұста облыс басқарған­дардың жанкештілігіне таңдай қағасың!

Сондай қыста малдан шығын бермей қайсарлық танытқан шопан да болған. Соның жұмысын насихаттауға журналисті арнайы қалдырып кетеді. «Басшыларды мақтама, мақтасаң – еңбек адамын мақта!» Ықсановтың ұстанымы осындай еді. Ендігі заманда қалай? Ауданның, облыстың газетін ашып қалсаң, әкімнің қайда барғаны мен не дегенінен көз тұнады.

Ықсанов егін шаруашылығының жағдайын да тез түзетті. Мәскеуге барып Сырдарияның орта және төменгі ағысындағы жерді күріш егуге бейімдеуді Одақтық бағдарламаға қосқызды. Бұған дейін бағдарлама тек Ресей мен Украинаны қамтыған екен. Енді сол жағалауды толық игеру, оң жағалаудағы Қызылорда және Қазалы алаптарын суландыру Орталықтың қаржысына жү­зеге асатын болды. Күріш егетін 14, қой өсіретін 10 жаңа ша­руа­шылық құрылды. Олардың әрбі­рін жасақтауға 20-25 миллион аралығында кеңес сомы бөлінді. Күріш үшін 150 мың гектар жер ыңғайланып, танапқа айналды.

Осымен цифрларды тоқтатайық та, Ықсановтың Сыр бойында еңбек адамының еңсесін қалай көтергеніне тоқталайық. Ыбырай Жақаевтың атағын аспандатып, 1964 жылы одақтық «Труд» газетіне бір бет етіп күрішшінің озық тәжірибесін насихаттады. 1965 жылы одақтық «Сельская жизнь» газетіндегі мақаласында Қармақшы ауданындағы Әбен Тоғызбаевтың звеносының жұмысын жалаулатты.

Әрі қарай кеңес одағындағы ең беделді басылым «Правда» газетіне күріш өсірушілер Ыбырай Жақаев, Заһира Ержанова, Әбен Тоғызбаев, Баян Құттыбаева, жүгеріші Сартай Махамбетова, шопан Нартай Көкиев, тағы басқалардың ерен еңбегі атап өтілген мақала шығарды. Кезінде қазақша аударылып, «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған мақаладан бір сөйлем келтірейік: «Еңбекте үздік шыққан адамға жұртқа естіртіп «рахмет, саған» деп айтудың әсері қандай күшті десеңізші!»

Мұстахим Біләлұлы көппен бірге жүрді. Жұмыс істейтіндердің ортасынан табылды. Барар тұсына паровоздың машинисінің қасына отырып та жетіп алатын. Боран мен нөсер оны жолынан тоқтата алмаған. Жұмысшылар асханасынан тамақтана беретін.

Ыбырай Жақаевтың ізбасары болған Қонысбек Қазантаев өз естелігінде былай деген: «Қазақ азаматтары арасынан терең де тез шешім қабылдайтын, маңғаздық пен мардымсуға жаны қас жігіт көргеніміз бірінші рет болатын. Сырттай сүй­сініп жүрдік. Көзіне мақтап, көл­гірси алмадық». Көзге мақтау көде­ден көп мына заманда Ықсановты сағынатынымыз сондықтан. Ыбырай Жақаевтай даңғайыр диқанның екінші рет Социалистік Еңбек Ері атағын алуына Мұстахим Ықсановтың тікелей ықпалы болды.

Тікелей ықпалы болған тағы оқиға бар. Бұған дейін жергілікті ақындар мен композиторлар «Жақаевшылар маршы» мен «Ақ күріш туралы ән» шығарған еді. Құлашты кең сермейтін Ықсанов Шәмші Қалдаяқовты шақыруға тапсырма берді. Композиторды ақын Зейнолла Шүкіровпен жолық­тырған соң атақты «Сыр сұлуы» дүниеге келген. Әнге Мұстахим Ықсанов қатты риза болған. «Енді мұны әрі қарай дамыту керек» деп тұжырған. Тікелей тапсыруымен «Сыр сұлуы» атты ансамбль құрғызған. Басқа облыс, аудан­дарда жергілікті атауды ту етіп шыққан ондаған ансамбльдің бірінші қарлығашы «Сыр сұлуы» еді.

Жамбыл жері жайнады

Үш жылда Қызылорда облысы аяғынан қаз тұрған соң Ықсанов Жамбыл облысын басқаруға жіберілді. Атасын, отбасын алып сонда қоныс аударды.

Мұстахим Біләлұлы келген 1970 жылы Жамбыл облысы мен оның орталығы уақыт көшінен мүлде қалып қайған. Облыста фосфор­дың мол қоры жатқанымен, оны игеретін күш жоқ. Әлеуметтік нысан атаулыдан жұрдай. Жамбыл қаласының өзінде еңселі ғимараттар мен тұрмысқа қолайлы тұрғын үйлер салынбаған. Тұрғын үй комбинаты КСРО Мемлекеттік құрылыс комитеті барлық жерде алғызып тастаған ескі жобамен жұмыс істепті. Онда да жылына санаулы үй салады. Облыста құрылыс техникасы ескі және тозған. Берік база жасалмаған.

Жаңа басшы Орталыққа фосфор өндірісі үшін барлық керектіні көрсетіп, «Қаратау алабында фосфор өнеркәсібінің құрылысын тездету туралы» қаулы қабылдатты. Қуатты «Қаратау химия құрылысы» бас басқармасын құрып, оған үш тресті кіргізді. Жаңа құрылыс трестері жасақталды. Жаппай техника алғызды. Оны меңгеру және болашақ фосфор зауыттарында жұмыс істеу үшін негізінен қазақ жастары оқитын бірнеше кәсіптік техникалық училище ашты. Бұған дейін картада болмаған Жаңатас қаласын салғызды. Бұрынғы Шолақтау ауылы лезде қалаға айналып, Қаратау атанды. Жамбыл қаласында көпқабатты жаңа тұрғын үй, мектеп, балабақша, сауда, тұрмыстық қызмет, мәдениет нысандары жаппай салынды. Көшелер мен жолдар асфальттанды.

Ауылға назар аударса жағдай тіпті, нашар. Құлағалы тұрған қоралардың іші мен айналасын көң басқан. Шопандардың үйі айтуға ауыз бармайтындай жағдайда. Сол тұста мал шаруашылығы мықты делінетін Қазақстанда малшы үшін нақты жағдай жасаған басшылар санаулы. Оның ішінде ең үздігі Ықсанов болған.

Ол темір-бетоннан жаңа қора­лар жобалатты. Ішін жыңғылмен астарлайды. «Жамбыл химия құры­лы­сы» тресіне жаппай осындай мал қораларын тұрғызу тапсырылды. Бұрын тізеден лай кешіп жүретін малшылар бейнеттен құтылды. Төбесі биік, іші кең қораларды қиын техникамен тазалау мүмкін болды. Сарысуда, Шуда, Мойынқұмда мал басы еселеп өсе бастады.

Малшылар жазда жайлайтын Ұланбелге дейін асфальт жол апарды. Қызылорда облысында Ыбы­рай Жақаев ақсақалмен қалай ақыл­дасып отырса, енді мұнда екі мәрте Социалистік еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевпен жиі кеңесті. Сырда күріш дақылының даңқын шығарса, мұнда қант қызылшасы өнімін бұрын­ғыдан еселеп өсірді. Облыс Қазақстандағы қант қызылшасының 60 пайызын берді.

Бәрі қуатты техника мен қаржы арқылы шешілетіні мәлім. Ықсанов Мәскеуге жиі барып, Одақтың министрлері мен Мемлекеттік жоспарлау комитетіне жағдайды, болашақты түсіндіріп, облысқа қажеттінің бәрін толық қалпында алып отырды.

Осындай жетістіктерден кейін Мұстахим Біләлұлы Қазақ­стан үкімет басшысының өнеркәсіп пен құрылысқа жауапты орынбасары, одан республиканы басқаратын партияның Орталық Комитетінде осы салалар бойынша хатшысы болды. Енді бүкіл қазақ даласы алып құрылыс алаңына айналды. Бәрін санап тауысу үшін бір кітап жазу керек шығар. Тек Жаңаөзен қаласы Ықсановтың басшылығымен жобаланып, салынғанын айтсақ жетер.

Жан-жақта ашылып жатқан өнеркәсіп орындарынан бір саланы сипаттаумен шектелейік. Шымкент фосфор зауыты, Қара­тау кен-химия комбинаты, Жам­был қоссуперфосфат зауыты, Ақ­төбе химия комбинаты, Қоста­най талшықты химия зауыты, Атырау химия комбинаты іске қосы­лып, табысты жұмыс істеді. Қазір­гі Қазақстандағы химия клас­те­рін Мұстахим Біләлұлы қалып­тастырған.

Ол республика басшыларының қатарына қосылған 1971 жылы мамыр айында Жамбыл облысында зілзала болды. Ертесінде Ықсанов осында келді. Не бүлінді, шығын қанша, оны қалай тездетіп қалпына келтіру керек, осы шаруаларды шұғыл шешті. Бір ғажабы, өзі облыс­ты басқарғанда тұрғызған бірде-бір ғимарат қирамаған екен.

Орал осылай оянды

1975 жылы сәуір айында Мұстахим Ықсановты Орал облысын басқаруға жіберді. Қонаев оған «Қазақстанның батыс қақпасы аңғал-саңғал. Респуб­ликаға кіріп-шыққанның бәрінен ұят. Соны ретке келтір» деп тапсырма берген.

Ол туған жеріне оралды. Бұл жолы қасында атасы жоқ. Ықсан қарияға топырақ көне Тараздан бұйырды. Әкесі Біләлдің сүйегі Брест пен Мәскеудің арасында қалған еді, анасы Мақпал Орехево-Зуевода жерленді. Бір әулеттің тағдыры деген қандай күрделі.

Мұнда да мал шуарашылығы мүлде құлдыраған екен. Жемшөп жеткіліксіз. Шабындыққа су жайылмаған соң шөп жақсы шық­пайды. Ықсанов республиканың өнеркәсіп пен құрылыс саласына жауапты басшы болып тұрғанда-ақ Орал-Көшім суландыру жүйесінің құрылысын бастатқан. Облысқа келген соң соны дереу іске қосқызды. Басты канал 250 шақырым, тармақтарымен қоса есептегенде, 3 мың шақырым болатын су жүйесі бірнеше ауданның жағдайын жақсартты. Енді ең шалғай­дағы Жәнібек ауданының мәселесін шешуге кірісті. Мұнда су Еділден алыну керек, бірақ дария Ресей Федерациясы аумағынан ағады. Ықсановтың іргелес Волгог­рад облысының басшысымен кезде­суінің нәтижесінде, Жәнібекке арнамен келетін су мөлшері  үш есе артты. Осылай Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы бойынша республи­кадағы алдыңғы орындардың біріне шықты.

Волгоградтан Оралға бөлінетін суды үш есе көбейтсе, есесіне мынандай оқиға болған. Ресейдің Куйбышев облысына 25 дана күйенте (коленвал) керек екен. Оны Оралдағы механика зауыты жасайды. Директоры «Мәскеудің есебінде тұратын өнім, рұқсаты керек» деп бермей қояды. Мәселе Ықсановқа жеткенде «зауыт директорын бүгін Мәскеуге ұшырып жіберіңдер, рұқсатын алып келсін» деп қатаң тапсырма беріпті. Директор кешірім сұрап, бірден қажетті коленвалды Куйбышевке тиетіп жіберген. Іскерлік байланыс деп осыны айтады.

Ықсанов Орал қаласының бас жобасына конкурс жариялатты. Ленинградтық жоба қабылданып, сол бойынша облыс орталығы қайтадан салына бастады. Кең даңғылдар бойында монолитті биік үйлер бой көтерді.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Оралға бірнеше әскери зауыт көшірілген. Оған қоса Ықсановтың тұсында тағы бірнеше әскери зауыт салынды. «Зенит», «Омега», «Металлист», «Гипроприбор» сияқты бұрын құпия кәсіпорындар кейін тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс саласын нығайтуға үлес қосты, кейбірі конверсияланып, жаңа экономикадан өз орнын тапты. Жабылады деген «Орал мұнай мен газ геологиясы» тресін  сақтап қалды. Осы трест Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнын ашуға белсене қатысты.

Оралға жаңа әуежай салғызды. Бұрын Алматыдан Мәскеуге ұшатын үлкен ұшақтар жолай Қарағанды, Қостанай, Павлодар сынды орыс басшылар басқаратын қалаларға қонатын. Енді Оралға да қонатын болды.  

Ықсанов еш нөкерсіз жүрді. Нөсердің астында шалғайдағы шопанның үйіне бара беретін. Тіпті бірде төл тасып жүрген түйе жеккен арбаға отырғанын көргендер бар. Қайда баратынын ешкімге айтпайтын, әуреге түсірмейтін. Есесіне оған жиында ешкім өтірік айта алмайтын. Өйткені жағдайды бірінші басшы өз көзімен көріп келген.

Еңбек адамын құрметтейтін дағдысынан Оралда да жаңылмаған. Ықсановпен иықтасып облыста қызмет атқарған Мұрат Қалматаев деген ағамызбен ара-тұра пікірлесетінбіз. Желтоқсанда қазақ жастарын қорға­ған, сол үшін Ауғанстандағы соғысқа жіберілген нағыз от пен судан өткен кісі еді, жарықтық. Сол Мұрат Дүйсенбі­ұлының былай дегені ойда қалыпты.

Бірде екеуі шопанның жағдайын білуге барады. Жандарында аудан мен шаруашылық басшылары болмайды. Облыстың екі басшысы қойшының барлық тірлігін көріп, сөзін тыңдап қайтады. Қайтар жолда Ықсанов:

– Ал Мұрат, не байқадың, соны айтшы? – деп сұрайды.

Бұл сұраққа ойланып қалған Қалматаев:

– Отарды өріске шығарғанда көрдім, бір қойы ақсап қалыпты,- дейді.

Сонда Ықсанов басын шайқап:

– Айдалада мемлекеттің 700 бас малын ит-құсқа жегізбей, аштан қырмай бағып отырған жанкешті еңбекті көрмей, ақсақ бір қойды ғана көргенің дұрыс болмаған, – дейді. Міне, басшы ғана емес, кісі болуының мысалы!

Кісілігіне тағы бір мысал бар. Облыс басшысы үлкен ұжымға ауыс­па­лы Қызыл ту тапсыруға бар­ған. Оқиғаны фотоға түсіріп, газетке шығаратын тілші Есенжол Қыстау­баев пен фототілші Сансызбай Жан­гел­диев кешігіп келсе, ту тапсырылып кеткен. Фототілшінің жаны мұрнының ұшына келді. Жиын соңында бар күшін жинап «Суретке жақсылып түсіру үшін Қызыл туды қайта тапсырыңызшы» деп сұрайды. Жиындағылар Ықсановтың екі сөйлемек түгіл, ештеңені ек рет істемейтінін білетін. Сондықтан енді не болар екен демін іштерінен алады. Ықсанов болса, «прессаның аты – пресса» деп ұжым басшысы Григорий Белашқа Қызыл туды қайта тапсырыпты. Бұл күнде баспасөзді осындай қадірлейтін басшы бар ма екен!

Орал облыстық телевизиясынан 95 адамды Мәскеуге жіберіп, Орталық телевидениеден бір сағаттық бағдарлама көрсеткізді. Оған дейін Мәскеуден Қазақ телевизиясы ғана эфирге шыққан. Бұдан кейін ешбір обыстық телевизияға Орталықтан эфирге берілмеген. Біз бұл деректі телевизия тарихын зерттеген кезімізде анықтап едік.

Ықсанов 1976 жылы «Ақ Жайық» ән-би ансамблін құрғызды. Келер жылы оның Норвегияда өнер көр­сетуіне жол ашып берді. Оралда Жұбан Молдағалиев басқаратын Жазу­шылар, Еркеғали Рахмадиев басқаратын Композиторлар, Шота Уәлиханов басқаратын Сәулетшілер одақтарының көшпелі пленумдарын өткізіп, өзі қатысты. Осылай құрылыс пен өндіріс, жол мен су әкел­ген Жайық өніріне өнердің де сан саласын Мұстахим Біләлұлы алып келіп еді.

 

Қайнар ОЛЖАЙ

Соңғы жаңалықтар