• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 12 Қыркүйек, 2024

Лебіздер легі: Этноауыл көрінісіне көз тояды

86 рет
көрсетілді

Ким Хён Су,

Оңтүстік Кореядағы дәстүрлі садақ ату бірлестігінің аға менеджері: 

– Өз басым Дүниежүзілік көшпелілер ойынына екінші рет қатысып отырмын. Қазақстанға сапарлап келгенімізге өте қуаныштымын. Ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Этноауыл төрінде орналасқан этномәдени шаралар тамаша әсер қалдырды. Қарасаңыз көз тоймайтын қолданбалы өнер туындылары қазақ мәдениетінің белгісі екені анық.

Жалпы, дәстүрлі садақ ату стилі біздің елде жақсы дамыған. Кореяда садақ қаруының пайда болғанына жеті мың жыл толды деген тарихи болжам бар. Оған дәлел, Кореяның Ульсан қаласында ежелгі бір үңгірден садақпен кит атып жатқан сурет табылған. Бұл сурет шамамен 7 мың жыл бұрын салынған деп жобаланады.

Осының жалғасы қазіргі корей садағы басқалардан кішірек, ыңғайлы, сондықтан да елімізде бұл спорт кеңінен тараған. Елімізде 400-ге жуық садақ ату орталығы жұмыс істейді. Онда кез келген адам садақтың жасалу жолымен танысып, тегін жаттыға алады. Орта мектептерде жасөспірімдерге арналған садақ ату сабақтары өткізіледі.

Бұйырса, келесі жылы дәстүрлі садақ атудан халықаралық жарыс ұйымдастыру ойда бар. Осыған қазақстандық мергендерді шақырамын. Бұл шара бұған дейін тоғыз дүркін өткен болатын. Жарыс кезінде тек садақ ату ғана емес, көптеген спорттық бұқаралық ойындар ұйымдастырылады.