2024-2025 оқу жылында 523 түлек су саласы мамандықтары бойынша грантқа түсті. Былтыр 266 студент тегін білім алу мүмкіндігіне ие болған еді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Талапкерлердің басым бөлігі – 241 түлек «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығын таңдады. Ал, «Гидрогеология және геоэкология» мамандығы бойынша 150 талапкер, «Гидрология» мамандығы бойынша 95 түлек оқуға түсті. 26 адам «Гидротехникалық құрылыс», 11 талапкер «Сумен жабдықтау және су бұру» мамандықтарын таңдады.
«Біз су саласының кадрлық әлеуетін арттыру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылып, 129 талапкер бакалавриатқа грантқа түсті. Сондай-ақ, министрлік 9 ЖОО-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осының нәтижесінде биыл 82 студент «Қазсушар» филиалдарында өндірістік тәжірибеден өтті, бұл өткен жылғы көрсеткіштен айтарлықтай көп», деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.