• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жоба 13 Қыркүйек, 2024

Кәсіпкерлікке арналған стартаптар

74 рет
көрсетілді

Академик Кенжеғали Сағадиев атындағы халықаралық бизнес уни­вер­ситетінде оқу орны түлектерімен және еліміздің әр өңірінен келген кә­сіп­кер әйелдердің қатысуымен «Қазақстан өңірлерінде әйелдер бас­қа­ра­тын стартаптарды дамыту» инкубациялық бағдарламасы іске асты.

Бұл жоба Американың Қазақ­стандағы дип­ломатиялық миссиясы­ның және түлектерді тарту жөніндегі «Alumni engagement innovation fund» инно­ва­циялық қоры­ның қаржылық қол­дауы­мен жүзеге асып отыр. Жоба аясында еліміздегі кәсіпкерлік экожүйесі қарқынды дамып отырған өңірлер тәжірибесі және өзге аймақтардағы әйел­дер бизнесін жетілдіруге бай­ланысты зерттеулермен бірге еліміздегі бизнес қоғам­дастықтың мүмкіндігі мен же­лілік байланыстарды ке­ңейту басшылыққа алынды.

Сарапшылар жоба шеңберінде әлеуметтік және экономикалық мәр­тебесіне қарамастан, барлық әйелге тең мүм­кіндікті қарастыра отырып, инклюзивті ба­ғыттарды дамытуға назар аударды. Ендігі кезекте ресурстарға қол­жетімділік, тренингтер мен тәлімгерлік бағыттағы қадамдар әйелдер бизнесін дамытып, кедергілерді жоюға ықпал етпек. Бұл бағытта мамандар, әсі­ре­се Солтүстік Қа­зақ­­стан, Батыс Қа­­зақстан және Пав­­лодар сияқ­ты қазіргі кезде әйел­дер кәсіп­кер­лігі төмен ай­мақтарға ерек­ше ­назар аударды.

Қ.Сағадиев атындағы халықаралық бизнес уни­верситетінің ғылыми зерт­теулерді басқару кафе­драсының меңгеру­ші­сі Жанат Жүсіпова­­­­ның айтуынша, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту кез келген елдің эко­номикалық әлеуетін жүзеге асыруда ма­ңызды рөлге ие. Бұл жұмыс орындарын ашуға және экономиканы ынталандыруға көмектеседі. «Егер әйелдердің эко­но­микаға қатысуы ерлермен тең дейтін болсақ, «McKinsey Global Institute» есебіне сәйкес 2025 жылға қарай жыл сайынғы әлемдік ІЖӨ-нің 28 триллион долларға өсуі мүмкін. Бірақ елімізде әйелдердің бизнеске қатысу деңгейі төмендейтін болса, оның салдарынан экономика миллиардтаған теңгеге зардап шегіп, тұрғындардың өмір сүру деңгейі және адами капитал бәсеңдеуі мүмкін. 2022 жылғы статистикалық мәліметтерді назарға алатын болсақ, еліміздегі әйел кәсіпкерлігі өңірлерде жоғары болған. Ендігі кезекте осы үш аймақтағы белсенділікті арттыруға көңіл бөлінеді», деді сарапшы.

Жоба аясында төрт кезең бойынша 50 қатысушы іріктелді. Осыған орай бизнес-инкубаторлар өкілдері жоғары білікті тәлімгерлердің жетекшілігімен өз бизнес-жобаларын ұсынды. «Эфес Қазақстан» компаниясының маркетинг жөніндегі директоры Зейнеп Еркан Альп, Солтүстік Қазақстан облысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы Солтүстік Қазақстан облысы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менеджер-кеңесшісі Ирина Васильева, UIB ғылым жөніндегі про­ректоры Құралай Нұрғалиева сияқ­ты білікті менторлар кәсіпкерлерге кәсіпкерлікті дамыту мен кедергілерді жоюға байланысты тренингтер өткізіп, нәтижесінде «Demo Day» алаңында бизнес қауымдастық өкілдері 10 үздік жұмысты таңдап алды. Осы орайда үздіктер анықталып, бірінші орынды Айнара Көбееваның «Фестивальдар, тимбилдингтер мен іс-шараларды кілтпен ұйым­дастыру» жобасы – менторы Ека­те­рина Новоселова, екінші орынды Милана Иман­ғалиеваның «Sana» азақ тілінде сөйлейтіндерге арнал­ған ағылшын тілін оқыту бойынша он­лайн мектебі» жобасы – менторы Қам­шат Әлібекова, үшінші орынға Марга­рита Бекешеваның атпен серуендеу қыз­ме­тінің «Ат спорты клубы» жоба­сы ие болды – менторы Майя Сүйін­ша­лие­ва.

Осы жобаға Петропавл қаласынан қатысқан Александра Ильина көптеген пайдалы ресурсқа қол жеткізгенін атап өтті. Оның айтуынша, бағдарлама аясында бизнесті бастау мен дамыту үшін кәсіби мамандармен кездесіп, кеңес алуға мүмкіндік туды. Әсіресе маркетинг және қаржы менеджментіне қатысты сабақтардың пайдасы зор болды. Оның барысында идеяларды жүйелеуге және кәсіпкерлік стратегиясын жетілдіруге мүмкіндік туды. Әйелдер стартапын дамыту жобасы кәсіпкерлікті дамытуда жай ғана оқу бағдарламасы емес, қазіргі сын-тегеуріндер кезеңінде экономикаға қажетті инклюзивті бағыттарды іске асыруға берілген мүмкіндік саналады.

 

АЛМАТЫ