• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ 13 Қыркүйек, 2024

Ауқымды энергияның бастауы

699 рет
көрсетілді

Қазір біз әлемді АЭС-ы барлар және АЭС-ы жоқтар деп екіге бөліп қарайтын болдық. Уақыт соған жеткізді. Атом энергиясын қолдану тәуелсіздік алғалы арагідік айтылып қалушы еді. Тіпті бірқатар алғышарт та жасалды. Курчатовта, Алматыда, Ақтауда реакторлардың іске қосылуы – соның дәлелі. Бірақ мәселе Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгеннен кейін белсенді қозғала бастады. Мемлекет басшысы энергия тапшылығы алқымнан алғалы тұрған шақта атомсыз алға жылжудың мүмкін еместігін айтты. Кәнігі сарапшылар да кәсіби дәлел келтірді. Әлем тәжірибесіне үңілсек те, атом туралы әңгіменің бекер айтылмағанын бағамдаймыз.

Оңтүстік Корея 2038 жылға дейін 6 жаңа реакторды іске қосу­ды жоспарлап отырған көрінеді. Ел­­де қазір 23 энергоблок жұмыс іс­тей­ді және олар бүкіл электр энер­­гия­сының үштен бір бөлігін өн­ді­ре­ді. Сонымен қатар атом энер­ге­­ти­касы тариф өсімін де шек­тей алып отыр дейді кәріс шенді­лері. Егер осы күнге дейін көмір ар­қылы энер­гия тұтынып отыр­ған болса баға қазір­гіден 17 есе қым­бат болады екен.

Францияда да жақын арада осыншама реактор салынбақ. Бұл елде атом энергетикасын дамыту 100 мыңға дейін жұмыс орнын құруға жол ашады. Ядролық энергия өндіруден көшбасшы саналатын Францияда қазір 50-ден аса реактор жұмыс істеп тұр. Жақын жылдары тағы алтауының құрылысы басталады дедік қой, соған 100 мыңға жуық адам жұмылдырылмақ. Жалпы алғанда, атом электр стансасын салу және пайдалану мынадай игіліктерді туындатады:

Тікелей және аралас салаларда бірнеше мың жұмыс орны ашылады; Ауаға таралатын зиянды зат мөлшері азаяды; Электр энергиясы бұрын­ғыдан да қолжетімді бола түседі; Әлеуметтік лифт күшейеді; Реактор маңайындағы елді мекендердің инфрақұрылымы жақсара түседі.

«Бір қызығы, елде жаңа реак­тор­лар салу бағдарламасы жа­рия­­ланған кезде, көптеген ай­мақ атом электр стансаларын өз аума­ғын­да ор­на­­ластыру құқығы үшін кү­ресті бастап кетті. Бұл – жергілікті деңгейдегі құлшынысты көрсететін маңызды белгі. Өйткені АЭС құрылысынан өңірге мультип­ли­кативті әсер болатынын олар жақсы түсініп отыр», дейді I2EN халық­аралық атом энергиясы инс­ти­тутының директоры Ян ван дер Лее.

«Ұлттық ядролық орталық» бас инженерінің орынбасары Денис Зарваның сөзінше, дәл қазір елімізде энергия тапшылығының алапат қарқынмен өріс алып келе жатқаны жасырын емес.

«Шынын айтқанда, елдегі жылу электр стансалары өзінің ақырғы ресурстарын сарқып пайдаланып жатыр. Жылу электр стансалары маңындағы радиа­циялық сәуле АЭС маңындағы сәуледен (табиғи нормаға сәйкес) бес есе артық. Себебі көмір­де та­биғи радионуклидтер бар, ол жанғыш өнімдермен бірге атмосфераға таралады. Оның үс­тіне біздің алдымызда 2060 жыл­ға таман көміртегі бейтарап­ты­ғына қол жеткізу міндеті де тұр. Біз үшін атом энергетикасы таңсық нәрсе емес. Мәселен, Ақтауда әлем елдері арасында алғашқылардың бірі болып жылдам нейтрондағы тәжірибелік-өнеркәсіптік реактор жұмыс істеді. Қазір де үш реакторымыз бар», дейді маман.

Оның айтуынша, кадр мәселесінен де кемшілік болмауға тиіс. Өйткені дәл қазір отандық атом саласында 17 мың маман еңбек етіп жүр.

«Үкімет те атом энергетикасы­ның жаңа мамандарын даярлауға ден қойды. Қазір де жоғары білімді азаматтарымыз бар. Қай реакторды таңдамасақ та, оның маман дайындайтын құзыреті біздің пайдамызға жұмыс істейді. Бізге ел экономикасын дамыта түсу үшін энергия көздерін әртараптандыру өте маңызды. 2025 жылға дейінгі энергетикалық баланста 26,5 ГВт жаңа генерация енгізу жоспарланған. Бұған генерацияланған базалық қуаттылықтың 10 пайызын беретін АЭС те қосылады деп үміттенеміз», дейді Денис Зарва.

«Ядролық физика институты» бас инженерінің орынбасары Асхат Бекбаевтың сөзінше, АЭС-ке қатысты күдік-күмәнді объективті фактілермен сейілтуге болады.

«Біріншіден, құрылыс және атом электр стансасын пайдалану кезіндегі басты басымдық қауіпсіздікке беріледі. АЭС құнының 40 пайызы қауіпсіздік жүйесіне бағытталады. Екіншіден, еліміздегі АЭС құрылысында III және III+ санатына тиесілі техно­логиялық құрылғыларды пай­даланады. Мысалы, Черно­быль­дегі АЭС – 1977 жылы, Фукусима АЭС-і 1971 жылы салынған. Үшін­шіден, статистика бойынша атом электр стансаларында аса қауіпті апат 10 миллион жылда бір мәрте ғана болуы мүмкін. Бұл ретте жылу электр орталықтарындағы апаттың туындау ықтималдылығы 80 есе жоғары», дейді маман.

Сала сарапшыларының сөзі­нен ұққанымыз, ядролық реактор кө­мегімен аз отын шығындай отырып көп энергия алуға, тұтынуға болады. Бұл – тиімді әрі экономикалық тұрғыдан пайдалы.

«Егер біз жеткілікті қуатты­лық­пен АЭС тұрғызар болсақ өз қажеттілігімізді жауып, тіпті АЭС-і жоқ көрші елдерге экспорттай да аламыз. Қуаттылық бойынша да, электр энергиясының бағасы бо­йынша да тұрақты бола түсеміз», дейді атом және термоядролық энергетика саласының зерттеушісі Инеш Кенжина.