Тіл – халықтың ең маңызды қазыналарының бірі. Жұртты жақындастыратын байланыс құралы, достық дәнекері. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қадыр Мырза-Әлі айтқандай, қанша тіл білсең де артық етпейді. Ең бастысы, мемлекеттік тіліңді меңгеру – құрметтің биігі.
Мемлекеттік тілді дамытуда Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің үлесі зор. Аталған бағыт бойынша бірқатар жұмыс атқарылып, оның ішінде қазақ тілін еркін меңгерген этнос өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылатын іс-шаралар және ауқымды жобалар қолға алынып жатыр.
Биыл өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз» деген сөзінен еліміздегі этностардың арасында қазақ тілінің қолданыс аясының кеңейіп келе жатқанын бағамдап, оны кез келген азаматтың меңгеруі үшін еш кедергінің жоқтығына көз жеткізуге болады. Расында, қазақ тілін меңгеру жолындағы өз тәжірибем еске түскенде «Болам деген баланың бетін қақпай, белін буған» ата-ананың орны бөлек екенін ұғынамын. Қандай іс бастасақ та, тіл үйренсек те, жақындарымыздың тілегі мен қолдауы маңызды. Әке-шешемнің ұдайы айтатын «Қазақ тілін оқы, ол саған әрдайым керек» деген сөзі санамда жаңғырып қана қоймай, өмірлік ұстанымыма айналып, қанаттандырды. Екіншіден, қазақ тілін үйренуге деген әдістемелер мен ресурстардың көптігі де өз таңдауымды жасауға септесті. Сонымен қатар мен ғана емес, қаншама жастың жүрегіне от беріп, жолын ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясының орны бөлек, атқарған қызметі ерекше.
Қылдан нәзік, қылыштан өткір бұл мәселеге келгенде көпэтносты елімізде мемлекеттік тіл саясаты дұрыс бағытта жүргізіліп келе жатқанын қайнаған жұмыстың ортасында жүрген адам ретінде баса айта аламын. Ассамблеяның мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы дәстүрге айналған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы ассамблея амбассадорларының жеке тәжірибесі мен тіл үйрену тәсілдерін көрсету арқылы мемлекеттік тілді меңгеру мүмкіндіктерін насихаттау, тілді оқытудың жаңа әдістемелерін тарату, мемлекеттік тілді жетік меңгерген жастардың тәжірибесін көпшілікке насихаттау мақсатын көздейді. Қазақ тілін өз ана тіліндей меңгерген азаматтардың емін-еркін ой-пікір алмасып, тіл үйрену жолын өзгелерге үлгі ете отырып, баяндауы тыңдаушыға қандай керемет әсер етеді.
Сондай-ақ ҚХА-ның «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы мемлекеттік тілді меңгеруге ықылас танытқан түрлі этностың жас жеткіншектерін іріктеп, ынталандыру шараларына арналған. Жоба аясында жыл сайын көркемсөз оқушылар арасында әлеуметтік желіде тақырыптық челлендж жарияланады, оған қатысатындар қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқиды. Бір қуанарлығы, бұл жобаға қатысушылар саны күн санап артып келеді.
«Мәміле» қазақ тілінде пікір алмасу клубтары ел өңірлеріндегі Достық үйлерінде жұмыс жүргізеді. Клуб аясында қазақ тілін үйрету сабақтары қатысам деушілерге қашан да қолжетімді.
«Ассамблея жастарының» бастамасымен былтырдан бері жүзеге асып келе жатқан «Үйде сөйле» жобасы бүгінде жастар арасында танымал әрі қызықты орта жасап үлгерді. Қазақ тілін үйден алысқа ұзамай-ақ қызықты форматта үйренуге жағдай жасалған.
ҚХА этномәдени бірлестіктері жастарына арналған айтулы жоба «Тіл мектебі» жыл сайын жазғы лагерь түрінде өтеді. Бұл – этностар өкілдері арасында мемлекеттік тілді дәріптеп, қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемелерімен таныстырып, тілді одан әрі өз бетінше оқуы үшін талапкерлерге жағдай жасайтын ең танымал жоба.
Ал енді ҚХА-ның республикалық ашық диктанты мемлекеттік органдар, жоғары оқу орындары, зиялы қауым мен этномәдени бірлестіктер өкілдері қызу қолдап, жыл сайынғы игі дәстүрге айналған бастама екенін ерекше атап өту керек. Биыл да 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орайластырылған жалпықазақстандық ашық диктант республика бойынша 13 мың адамды қамтыды.
Ассамблеяның шеңберінде 2021 жылы қазақ тілінде «Қазақстан халқы ертегілері» кітабы жарыққа шықты. Екі томдық жинаққа Қазақстанның 25 ірі этносының 114 халық ертегісі енгізілді. «Ертегілер әлемі» жобасының аясында бейнероликтер түсіріліп, «YouTube» платформасында орналастырылды. Бүгінде қаралымы күн сайын артып, қызыға көретіндердің қатары көбейіп жатыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясындағы шешімдерінің шеңберінде қолға алынған арнайы жобалардың ішіндегі бірегейі – «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы. Бұл жоба – мемлекеттік тілді ілгерілетуге мүдделі ҚХА қоғамдық құрылымдарының, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін және тіл жанашырларын біріктіруші алаң. Аталған жобаның тұсаукесері биыл маусымда Астанадағы Достық үйінде өтті. Іс-шараға Парламент депутаттары, ҚХА мүшелері, ЭМБ өкілдері, қоғамдық құрылымдардың, азаматтық сектордың және медиа саласының өкілдері, сонымен қатар еліміздің түрлі өңірінен келген мемлекеттік тілді насихаттаушы этнос өкілдері қатысты. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында еңбек етіп жүрген этнос өкілдері тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік тілді оқып-үйренуіне жәрдемдесетін ұсыныстар айтылды. Іс-шара аясында мемлекеттік тілді белсенді насихаттаушы этнос өкілдері ҚХА-ның «Алғыс» төсбелгісімен марапатталды.
Тағы бір айта кетерлігі – барлық өңірдегі Достық үйлерінде этностар тілдерін үйрететін 123 үйірме мектеп бар, онда мемлекеттік тілде оқытатын 54 топ жұмыс істейді.
Көрсетілген жұмыстар – Ассамблея мен «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің атқарып жатқан жұмыстарының бір парасы ғана. Бұлардың әрқайсысы мемлекеттік тілді судай таза меңгерген этнос өкілдерін көпшілікке танытып, тілге деген құрметті арттыра түсетіні сөзсіз. Мемлекеттік тілді дамыту әрі этносаралық қатынас тіліне айналдыру баршамызға ортақ дүние екенін ұмытпайық.
Элина МАСАГУТОВА,
«Қоғамдық келісім» РММ директоры