• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Заң 14 Қыркүйек, 2024

Басты талап – заң үстемдігі

335 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәр­тіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жол­дауын­да елімізде «Заң және тәр­тіп» қағидатын біржола орнық­ты­руда полиция айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Қыл­мыспен күрес, қоғамдық тәр­тіпті сақтау аса маңызды міндет екеніне тоқталып, Әділет­ті Қазақстанды құрудың бас­ты шарты заң мен тәртіптің үстем­дігін қамтамасыз ету екенін айтып, құқық қорғау органдарына құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне баса мән беруді міндеттеді.

Осы ретте Қызылорда облысының полиция департаментінде Мемлекет бас­шысы алға қойған міндеттердің сапалы орын­далуы мен елімізде заң үстемдігі мен әділ­дікті сақтау бағытындағы жұ­мыс­­тар жүйелі атқарылып жатқанын ай­та кеткен жөн.

Бүгінде өңірде жағдай тұрақты. Қоғамдық орындар мен көпқабатты үйлер ауласында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілгені көзге көрі­ніп тұр. Осының нәтижесінде биылғы 8 айдың қорытындысымен құқық бұзу­шылық 6%-ға, оның ішінде қыл­мыс 11%-ға, ауыр санаттағы қыл­мыс түрлері 12 пайызға төмендеді. 10 мың тұрғынға шаққандағы құқық бұзушылық деңгейі 5,8% азайды.

Осындай жүйелі жұмыстар арқы­лы Сыр өңірі республика бойын­ша қауіп­сіз аймақтар көшін бас­тап тұр. Қыл­мыстарды болдырмау бағы­­тында жыл басынан «Есептегі адам», «Тұрмыс», «Есеп­тегі элемент», «Квадрат», «Көрші бақы­лауы», «Учаске», «Зорлық-зом­былықсыз қоғам» жедел-профи­лак­тикалық іс-шаралары және «Аула ішінде қабылдау» акциясы өткізілді.

«2024-2026 жылдарға арналған ұр­лық­қа қарсы іс-қимыл» бағдар­ла­масы негізінде бірқатар тиісті профи­лак­тикалық шара ұйымдас­ты­рылды. Осының нәтижесінде бөтеннің мүлкін ұр­лау қылмысының тіркелуі 27%-ға азайып, ауыр түрлерінің ашылуы 18,8%-ға жақсаруына қол жеткізілді. Полицейлердің жергілікті атқарушы органдармен бірлескен қылмысқа бейім тұлғаларды қалыпты өмірге қайта бейім­деу бастамасы да жеміссіз емес. Осы бағыттағы жұмыс нәтижесінде бұрын сотты болған 201 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 93-і түрлі кәсіптік оқу курстарына қабылданды.

«Мемлекет басшысының халыққа Жол­дауындағы тапсырмаларын іске асыру бағытында кешенді жоспарларды орындауға кірістік. Президенттің елімізді қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру ұстанымы жауапкершілікті үстей түседі. Өңіріміздегі қылмыс санының азайғаны қызметкерлеріміздің елдік мүдде жолында аянбай еңбек етуінің нәтижесі деп білеміз. Біздің қатарымызда қызметінің қыр-сырын жетік меңгеріп, адамдық болмысымен еңбек етіп жүрген кәсіби, батыл мамандар аз емес», дейді Қызылорда облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Махсудхан  Аблазимов.

 

Қызылорда