Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Германияның Федералды канцлері Олаф Шольц Қазақстанға ресми сапармен келді. Құрметті қонақты Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов қарсы алды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Хабарланғандай, Германияның Федералды канцлері Олаф Шольц «Орталық Азия + Германия» екінші саммитіне қатысады. Оның шеңберінде сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруды қоса алғанда, кең ауқымды бағыттар бойынша стратегиялық ынтымақтастық пен әріптестік мәселелерін талқылау жоспарланған.
Айта кетейік, Германия Қазақстанның маңызды сауда және инвестициялық серіктесі саналады.
Биылғы 7 айда өзара сауда көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға өсіп, $2,3 млрд-ты құраған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Германиядан Қазақстанға тікелей инвестициялар көлемі 64%-ға ұлғайып, $770 млн-ға жеткен. Қаражаттың негізгі бөлігі басымдық беріліп отырған экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға бағытталған.