Мемлекет басшысы шақыруын қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін Олаф Шольцке ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Германия Канцлері Олаф Шольц қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, қазақ-герман қарым-қатынастарын өркендетудің маңызды екенін жеткізді.
«Еліңізге сапармен келуге шақырғаныңызға, екіжақты байланыстарды талқылауға және ынтымақтастығымызды ілгерілетуге мүмкіндік жасағаныңызға ризашылығымды білдіремін. Менімен бірге іскер топтардың белді өкілдері келді», деді Федералдық канцлер.
Әңгімелесу барысында екі елдің саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайту мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, энергетика, «жасыл» трансформация, өнеркәсіп, тау-кен өндірісі, көлік-логистика, климаттың өзгеруі, экология, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларындағы ықпалдастыққа айрықша мән берілген.