Жетісу халқы сапалы суға біртіндеп қол жеткізіп жатыр. Дегенмен өңірде орталықтандырылған су желісіне қосылмаған елді мекендер де бар. Биыл соның 20-сы таза суға қол жеткізеді. Кезекте әлі ондаған ауыл тұр. Бұрынғыдай өзен суы ішуге жарамайды. Сондықтан барынша шалғайдағы ауылдарға ішуге жарамды таза су жеткізу міндет. Бүгінде 358 елді мекеннің 325-і орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Қалған 32-сі кезегін күтіп отыр.
Жалпы, Жетісуда 50-ден астам ірілі-ұсақты су айдындары бар. Оның төртеуі көл, он бесі өзен, сегізі су қоймасы, қалғаны тоғандарға жатады. Осы су қайнарларын тұтынып отырған халық сапалы суға жете алмай отыр. Бұрынғыдай емес, сол өзендердің дені ішуге жарамайды. Жарағанның өзінде адамның организміне зиян келтіруі мүмкін. Мұны экологтер осыған дейін ескерткен еді. Сондықтан облыстағы барлық ауылды толықтай ауызсумен қамту жұмысы қолға алынған. Текелі қаласы мен Сарыөзек ауылының жайы көпке мәлім. Көбіне осы екі тақырып таза су мәселесіне келгенде жанармайы таусылған көліктің күйін кешеді. Не жөнделіп бітпейді, не таза суға толықтай қосылмайды. Айталық, биыл барлық елді мекенді сумен қамту көрсеткіші 90,7%-ды көрсетіп отыр, ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 92,4%-ға жетпек.
«Жетісуда су мәселесі алдағы он жылда үлкен тақырыпқа айналады. Себебі егіс көлемімен қатар қала ішінде шағын аудандар көбейіп келеді. Мұның бәрі ауызсудың азаюына әкеледі. Ал су үнемдеу үдерісі жолға қойылмағандықтан, таза судан таршылық көре береміз. Әрбір адам таза суды барынша үнеммен пайдалануға тиіс. Бірақ әлемдегі климаттық өзгерістердің бәрі ауызсуға әсер етіп отыр. Бұрынғыдай халық көл мен өзеннің суын іше алмайды. Себебі қазір судың құрамы өзгерген. Бұрынғыдай H2O емес, мүлде басқа. Әлемнің өзі әбігерге түсіп жатыр», дейді эколог Жанна Тілемісова.
Қазір осы саланы зерттеп жүрген мамандарды су үнемдеу ісі алаңдатып отыр. Табиғи айналым заңдылықтары бұзылуына байланысты болашақта таза су тапшылығы тууы мүмкін. Мәселен, биыл облыста 20 елді мекенде ішер судың сапасын жақсарту жұмыстары жолға қойылмақ. Былтыр осы орайда өңірді сумен жабдықтау желілерін салу және реконструкциялау бойынша 25 жоба қолға алынған еді. Соның ішінде екі ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Алыстағы 9 ауылдың 114 шақырым сумен жабдықтау желілері қайта жаңартылды. Ал осы жылы былтырдан кем түспей, тағы да жаңа жобалар іске аспақ.
«Ауыл-ауылдарда халықтың тұтынатын ауызсуы күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Біз жыл сайын жаңа жобалардың нәтижесінде жиырмадан астам елді мекенді таза сумен қамтып келеміз. Биыл осы ретте 22 жоба қолға алынды. Өздеріңіз көріп отырғандай, 2 елді мекен орталықтандырылған су желісіне қосылса, қалған ауыл тұрғындары түгелдей сапалы су іше алады. Келер жылға да осындай мақсат қойып отырмыз. Тағы да ондаған шалғайдағы ауылдарды қамтимыз», дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.
Қаратал ауданындағы 35 елді мекеннің 33-і, яғни 94,3%-ы орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Ал қалғаны ауыз суды өзен-көлдерден не құдықтан тартып ішіп отыр. Оның ішінде болашағы жоқ деп саналған Ұмтыл ауылы да бар. Ондағы халық саны 29 адамды құрайды. Дегенмен бұл жақтағы ағайынның да сапалы су ішкісі келеді. Мемлекет тұрғын санының аздығына байланысты орталықтандырылған су желісіне қосуға құлықсыз.
«Қаратал өзенін паналап отырмыз. Мал шаруашылығымен айналысқандықтан, қалаға не үлкен ауылдарға көшіп баруға мүмкіндік жоқ. Жайылым жер таппаймыз. Балалар қала жағалап кетсе де қара шаңырақты қимайды екенсің. Ауыз су мәселесін әкімге айтқанбыз, бірақ болашағы жоқ ауыл ретінде бұл істің қиын екенін жеткізді. Қазір таза суды әр түрлі табиғи көздерден алып, тұтынып отырмыз», дейді ауыл тұрғыны Асар Мәндібаев.
Аталған ауданда су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 306,1 шақырымды құрайды. Оның ішінде 107,9 шақырым желі қалаға қатысы бар құбыр екен. Мәселен, өткен жылы Тастөбе, Бесағаш, Бірлік ауылдарында 518,4 млн теңгеге («Life Stroy Invest» ЖШС) сумен жабдықтау жүйелерін салу жобасы іске асқан. Ауызсу желісінің ұзындығы 11,7 шақырым. Нәтижесінде, 1065 тұрғын таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Аудан басшысы Ұлан Досымбеков алдағы уақытта Ұмтыл мен Сарыбұлақ ауылы да таза суға қол жеткізетінін жеткізді.
«Ұмтыл ауылын сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және салу жөніндегі жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Құрылыс жұмыстарына қаражат бөлу үшін биыл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім берілді. Жобаның құны 308,6 млн теңгені құрайды. Одан бөлек, Сарыбұлақ ауылында сумен жабдықтау жүйесін қайта құру жобасы бойынша мердігер «Көлсай Строй» ЖШС жұмыстарды уақытында атқармағаны үшін сотқа берілді. Нәтижесінде, соттың қаулысымен жұмыстарды аяқтау міндеттелді», дейді Ұ.Досымбек.
Оның айтуынша, жұмыс құны 244 млн теңгені құрайды. 2023 жылы оған 162,1 млн. теңге бөлініп, жұмыстың 80 пайызы ғана орындалған. Қалдық сома шамамен – 69 млн теңге. Жалпы, Сарыбұлақ ауылында 307 адам тұрады. Біз осы ретте Елтай ауылдық округіне қарасты Сарыбұлақ ауылына барған едік. 60-қа жуық тұрғын үйі бар шағын елді мекен таза суға енді қол жеткізіпті. Тұрғындар жұмысты уақытында бітірмеген мердігерге өкпелі. Десе де енді сапалы су ішеміз деп қуанып отыр.
«Жалпы, өңірде 4 мың шақырымға жуық су құбыры желісі бар. Орталықтандырылған сумен 325, орталықтандырылмаған сумен 26, тасымал сумен 7 елді мекен қамтамасыз етілген. Осы күні су желілерін салу және жабдықтау, одан бөлек, күрделі жөндеуден өткізу мақсатында 30-ға тарта жоба атқарылып жатыр. Оның 95 пайызы аяқталып қалды. Жыл аяғына дейін 430 шақырым желі салынады. Оның игілігін 2 ауыл көреді. Олар орталықтандырылған суға қосылады. 2025 жылы 331 елді мекен, яғни жалпы ауылдың 93 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі», дейді А.Бекетаев.
Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылының ауыз сумен қамтамасыз етілуінің жай-жапсары жөнінде сұраған едік. Аудан әкімі Қанат Есболатов бұл мәселе барынша толыққанды шешілетінін мәлім етті.
«Бюджеттің шығыс бөлігі 2024 жылғы 1 қаңтарда 9 млрд 681 млн теңгені құрап 99,9 пайызға игерілді. Бекітілген бюджет – 9 млрд 686 млн теңге. 10 ауылға көше жарығын орнатуға 697 млн теңге, 6 ауылға ауыз су құрылысы мен 19 ағымдағы жөндеу жұмысына 2 млрд 100 млн теңге бөлінді. Одан бөлек 10 ауылға көше жолдарына 1 млрд 586 млн теңге, 3 ауылға көпірлерді жөндеу жұмысына 68 млн теңге жұмсалды. Біз ауылдарға сапалы су беру мәселесін біртіндеп шешеміз», деді Қ.Есболатов.
Айта кетейік, облыс орталығында да ауызсумен жабдықтау мәселесі өте өзекті. Неге десеңіз, қала көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Жаңа шағын аудандар бой көтергелі бері ауызсуға қажеттілік арта түсті. Әсіресе 8,9-шағын аудандардың тұрғындары жиі наразылық білдіріп, тиісті орындарға өтініш-арыздарын жолдап жүр. Мұнда ауызсу мен сарқынды суларды ағызатын кәріз жүйесі ретке келтірілмеген.
«Қос ауданда 200-ден астам үй бар. Осы орайда 10 шақырымға жуық су құбыры мен кәріз желісі тартылатын болады. Бүгінде жобаның бестен бір бөлігі аяқталды. Су мен кәріз құбыры әр шаңырақтың іргесіне дейін жеткізіледі. Алайда үй ішіне кіргізу мәселесі әр отбасының жеке қаржысына келіп тіреледі. Бұған жауапты мердігер компания – «Құрылыс сапа» ЖШС. Олар күздің ортасына дейін жұмысты толығымен тәмамдауы керек», дейді қала әкімі Ернат Бәзіл.
Оның айтуынша, бүгінде жалпы ұзындығы 400 шақырымды құрайтын арық желілері де тазартылған. Оларды қалпына келтіру, жаңа арық латоктарын салу жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Алдағы уақытта шаһардың ішкі арық арналары 65 пайызға дейін жаңара түседі. Бұл бау-бақша суару, сондай-ақ қала көшелеріндегі, бақтардағы тал мен гүлдерді суаруда маңызы зор шаруа.
Көктем мезгілінің басында қала маңындағы саяжайларда көпір өткелдері мен шағын каналдар тазартылған еді. Тәулік сайын коммуналдық қызмет өкілдері қаланы қатты қалдықтан арылтып, арық арналарын тазарту шараларын іске асырып жатыр. Қазір қаладағы Қаратал өзенінің арнасы қайта тола бастады. Себебі шаруалар егін суаруды тоқтатты. Қаратал өзенінің суын ішіп отырған малды ауылдың тұрғындары өзеннің лайлана түскенін жеткізіп отыр.
Жетісу облысы