Коммунистік партияның үгіт-насихаты қызып тұрған 70-жылдардың аяғы екен. «Білім» қоғамының белсендісіне шеттегі бір ауылға барып, түгеншесінші съездің шешімдерін түсіндіру тапсырылады. Егіннің жиын-терім науқаны болса керек. Бәрі жұмыста. Басқараманың «Ленин бөлмесіне» екі-ақ адам келіпті. Яғни тыңдаушы – бір сауыншы мен бір жылқышы. Сауыншы таңсәріден тұратындықтан, күндіз мең-зең жүретін жан секілді. Жылқышы сергектеу.
Қаладан шығарда үгітшіге «25-30 тыңдаушы болады, мықтап даярлан» деп тапсырылған. Ал ауыл тыңдаушысының түрі мынау – екі-ақ адам. Мал-жан амандығын, орақ түсімін, т.б. оны-мұны сұрап, 5-10 минутын өткізеді. Дәріс оқымаса, бұған сын. Оның үстіне «Ленкомнатадағы» самсаған политбюро мүшелерінің бейнесі үгітшіні көзімен атып тұр. «Қой, дегенмен жұрттан да рұқсат сұрап алайын» деп, «Дәрісті бастаймыз ба, қалай ойлайсыздар?» дейді. Сауыншы маужырап отыр. Жылқышы қозғалақтап қойып, бүй дейді: «Біз қарапайым ғана малшы адамбыз. Дәрісті оқы-оқыма деп айтуға пырауамыз жоқ. Мысалы, мен ұжымшардың атқорасына бардым дейін. Бар жылқы таңнан тыпыршып, далаға жайылып кеткен. Ақсақ-тоқсақ шығар, бір-екеуі қалыпты дейік. Мен енді сол екеуінің алдына шөп салам ба, салмаймын ба? Әрине, саламын. Әйтпесе мен неге жылқышымын?..».
Дәрісші іштей «Әй, мынау түйсігі бар адам ғой. Дәрісімді тездетіп бастамасам болмас» деп, «жұртшылыққа» бір қарап қойып: «Иә, лекциямызға кірісеміз. Тақырып – «Партия съезінің ауыл шаруашылығын дамыту туралы шешімдері» дейді де, жазып алғанын судырата оқи жөнеледі.
Бұл шақта қорылы естілмейді демесеңіз, сауыншы қалың ұйқыға кеткен. Орамалын маңдайына түсіріп, басын қабырғаға сүйеп алған.
Дәрісші «жұртына» бір, қағазына бір шұқшиып, ұзақ-сонар дәйексөз бен бітпейтін цифрларды түйдек-түйдек жіберіп жатыр. Енді жылқышына ұйқы қысып, күләпарасын көлегейлеп, тыңдаған кейіпте маужырай түскен.
Қаладан келген лектор сонда да қояр емес, өгізаяң дәрісін сағат жарымға дейін созады. Соңын «Жасасын Леонид Ильич! Жасасын Саяси бюро! Жасасын Компартия!» деп аяқтайды.
Үлкен тірлік тындырғандай көңілі көтеріңкі. Графиндегі суды стақанға құйып, үсті-үстіне сіміреді. Дәріс тәртібіне сәйкес, «жұртпен» байланысты үзбеу керек. Күләпарасын иығына қарай лақтырған атбегіге көз тастап: «Жолдастар, дәрісім сіздерге ұнады ма?» деп сұрайды.
Жылқышы да қушыкеш екен, тамағын кенеп қойып: «Сіз ағыл-тегіл сөзіңіздің басында дәрісті оқу-оқымау туралы сұрадыңыз да, өзіңіз шешім шығардыңыз. Мен жылқы туралы айттым. Дәрісіңіз жөнінде де сол жануарға қатысты жауап берейін. Сонымен мен атқорада қалып қойған бір-екі атқа қанша жаным ашыса да, барлық жылқыға деген шөпті бермеймін ғой. Тиесілі бір бауын саламын да, өзгесін басқаларына қалдырамын. Сіз біздің кәсіпке ауыссаңыз, шөпті аямайтын кеңқолтық, аста-төк жылқышы болады екенсіз!..» дейді.
Айтуған ДОСБИ