АЭС салуды қолдау жөніндегі Халық штабы аймақтарда тұрғындармен кездесулер өткізіп жатыр. Кеше штаб мүшелері Ұлытау облысының тұрғындарымен жүздесіп, атом электр стансасын салу мәселесін талқылады.
Жезқазған қаласында өткен кездесуге 300-ге жуық адам қатысты. Онда өңір экономикасының даму мүмкіндіктері талқыланды. Дамыған өнеркәсібімен танымал Ұлытау облысы көптеген экологиялық мәселелерге тап болып отыр. «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, биыл 6 қазанда отандастарымыз елдің болашағын айқындайтын таңдау жасайды.
«Атом стансасын салу туралы соңғы шешімді халық қабылдайды. Дәл осы мақсатта референдум өткізіледі. Ұлытау – бұл тек ұлттың рухани тірегі ғана емес, сонымен қатар ежелгі металлургия және тау-кен өнеркәсібінің ошағы. Бұл өңірдің халқы мырыш құйып, құрыш балқытудың, сондай-ақ шахталардағы еңбектің мәнін жақсы біледі. Егер Президент айтқандай, Әділетті Қазақстанды құрғымыз келсе, онда өз таңдауымызды жасауымыз керек. 6 қазанда өтетін референдум – осындай тарихи қадамдардың бірі», деді Д.Кәрібек.
Халық штабының мүшелері АЭС құрылысы мәселесін жалпыұлттық референдумға шығару елдегі демократиялық институттардың нығаюының маңызды көрсеткіші, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың дәлелі екенін атап өтті.
Сондай-ақ осы күні штаб мүшелері Сәтбаев қаласына барып, Г.Омаров атындағы шахта қазу тресінің шахтерлерімен кездесті. Талқылауға 100-ден аса шахтер қатысты, онда болашақ энергетика және еңбек нарығының негізгі мәселелері қозғалды. Қатысушылар Әділетті Қазақстан құру шахтерлердің белсенді қатысуынсыз мүмкін емес екенін атап өтті.
Содан кейін штаб мүшелері Жезқазған мыс қорыту зауытының металлургтерімен кездесті. Еңбек ұжымы алдағы референдумға белсенді қатысатынын айтты.