• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 18 Қыркүйек, 2024

Биыл 3 млн-нан астам бала қосымша білім берумен қамтылады

141 рет
көрсетілді

2024-2025 оқу жылында елімізде 3 млн-нан астам бала қосымша білім берумен қамтылады деп жоспарланған. Бұл жалпы білім алушылардың 86,3%-ын құрайды, деп хабарлайды Egemen.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, бүгінде елімізде 1 713 мектептен тыс ұйым әр бағыттар бойынша 380 үйірме түрін ұсынады: ғылыми-техникалық, музыкалық, көркем-эстетикалық, экологиялық-биологиялық, туристік-өлкетану, әскери-патриоттық, әлеуметтік педагогикалық және тағы басқалары.

Ведомствоның хабарлауынша, республикалық және өңірлік деңгейлерде 15 жобалық кеңсе, дебаттар мен өзін-өзі басқару штабтары, оқушылар мен студенттердің 20 дебаттық лигасы құрылып, балалардың сыни ойлау және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға өз үлестерін қосып жатыр.

«Министрлік қосымша білім беру жүйесін дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Балаларды сауықтыру және олардың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін дамыту жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде 2025 жылға дейін ауылдық мектептерде мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарының 1 мың комьюнити-орталықтарын ашу бойынша жұмыс басталды. Қазіргі уақытта ауыл мектептерінде осындай 468 орталық ашылды. Жалпы 2027 жылға дейін 100 қосымша білім беру орталығын ашу жоспарланып отыр», деп атап өтті министрлікке қарасты Тәрбие және қосымша білім беру департаментінің өкілдері.

Сонымен қатар қазіргі уақытта балалар мен еріктілер ұйымдарының қызметін жетілдіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағдарламаның тағы бір маңызды тұсы - мамандардың біліктілігін арттыру. Атап айтсақ, 3 500-ден астам қосымша білім беру педагогі, дебаттық клуб жетекшілері, оқушылар мен студенттердің өзін-өзі басқару ұйымдарының педагогтері мен үйлестірушілері оқудан өткен.