Былтырғы қыркүйектің ортасынан аса Ақтеңіздің толқыны әлдиленгендей болып, Антальяның әуежайында отырғанымда уатсабыма Мұхтар Мағауиннің АҚШ-тан Кемерге көшіп келіп, теңізде малтып жүрген көрінісін көзім шалып, ұшақтан түсіп қала жаздағандай күй кешіп едім...
Жүйткіген уақыт-ай, содан бері жыл өтіпті арада. Алматыдан арнайы келген досы, академик Сәбит Байзақұлы екеуміз, міне, Мұхаңның шаңырағына сәлемдесе бардық. Қысқа жең көйлегінің үстінен жилет киіп, ықшам денесін жеңіл үйіре оң қолындағы таяныш таяғына сүйеніп қарсылаған жазушы көңілді көрінді. Әйткенмен, шаршаңқылау жүзінен жазу бедерленіп көрінгендей екен, әлдебір таңсықтықпен үңіле түскенімізде, шетелдерде – Чехия мен АҚШ-та тұрақтаған он алты жыл ішінде «Шыңғысханның» төрт томын, «Алтын орда» романын, басқа да қыруар жазу жазған сөз зергерінің осыншама бейнет пен бір күн үстелден ажырамайтын қара еңбекке қалай ғана шыдас бергеніне таңданып, қалам киесіне тәнті бола түстік. Иә, иә, қалам киесіне малынған алтын қалам иесі ертегідей болып алдымызда тұрғаны рас па өзі дегендей әсермен көзімізді ашып-жұмдық.
Елдің есендігін сұраған Мұхаң пейілденіп, жан қосағы Бақытжамал апамыздың демеуімен жұмсақ диванға бізбен қатарласа отырып, бірде біз жетелеп, бірде өзі бастаған әңгіме өрісін қияға салсын. Бірді айтып, бірге кеткен сыралғы отырыстың түпкі мәні ұлттық өркендеудің, тәуелсіздікті баянды етудің қадау-қадау түйіндерімен байланып, ел тыныштығының мызғымастығын бойтұмардай үкілейтін арман-сенім, мақсат-мүдде орайымен жүрек бұлқынысын үстей түседі. Осыдан-ақ ғұмыр бойғы жазуында Мұхаң кенелген бұла күштің қайдан буырқанып жатқанына көңіл сеніп, мейір қанатындай. Прометейлік алып күш сарқырамасына тәнті болмасқа әдің жоқтай.
Біраздан бері достығы мен түйдей құрдастығы жарасқан Мұхаң мен Сәбең кейде еркін әзілдесіп, сыпайы сыр тарқатысып, пікірлерін төтелей салып, біз секілді жаңадан қосылған қызықтаушыларға әңгімелерін ұғынықты тұспалдай біледі екен, мұндай жарастықтары молынан пішіліп, қаныққымыз келген біраз жағдаяттар өзінен-өзі көкірегімізге қаттала берді.
– Мұха, әлі исі танау жаратын соңғы 26 томыңыз Алматыда қолыма тиді, – деді Сәбит аға сол қуанышы әлі басылмағандай кейіппен жадырай сөйлеп. – Солардың ішінен «Алтын орданы» шапшаң оқып шықтым, осы жаққа дереу аттанатын болғандықтан. «Жұлдыздың» үш санына жарияланды деп те естігем, бір әріптесім содан оқып, разылығын жеткізіп жатыр сізге.
Мұхаң бұл сөзге селт етіңкіремей, селдір мұртын бір сипап кідірді де «кітап шыққаны жақсы ғой, ал жұрттың оны оқығаны тіптен жақсы ғой» деп елеусіздеу үн қатты.
Сәбең сәл үнсіздіктен кейін әңгіме ауанын Алтын орда тарихының жекелеген мәселелерін айғақтайын жүлгелерін хандар тізбегінің ажырағысыз бөлшегі ретінде қабылдайтынына назар аударып, кейбір тарихи оқиғаларды тігісін жатқызып баяндай түсті де, автордан әлдене түсінік жөнін күткендей тосылып қалып еді, Мұхаң сергектікпен былай қорытты:
– Алтын орда – талайлы тарихымыз. Бүгінгі күн де біз үшін мақтаныш, рухани үлгі. Өткендегі «Шыңғыс хан» тетралогиясы сияқты, мына «Алтын орда» кітабы да берісі – Қазақ, арысы – бүкіл Қыпшақ-түрік жұртының танымы үшін ғана емес, езілген еңсесін көтеру үшін, өзгеше болашағына нұсқау ретінде жазылды. Ал, Сәбе, мына кітапты ыждағатты оқығаныңызды аңдап отырмын, орманшы-ғалым академиктің көзімен ықтиярлы талдауыңыз ұнады маған.
Бұл жиырма алты томдығы екі мың данамен шыққан екен, ұлы Едіге кітапханаларға тарату мүмкіндігін қарастырып жатқан көрінеді.
– Көкем қалай айтса, солай істейміз ғой,– деп Едіге біткен істің маңызына разы күйде анадайда ас қамымен зыр жүгіріп жүрген Алтын жарына рахаттана жүзін аударып, екеулеп қомдасып атқаратын алғы жұмыстарына аса бейілділігін аңғартты.
Осы кезде ас дайын болып, жайнаған дастарқанға жиналдық. Шелпек нанды қомдап қойып жатып Бақытжамал апай:
– Ата, атасы-ау! – деп шалының назарын өзіне аударып алып ойын білдірді.–Сәбиттің зайыбы Света қандай еді, жарықтық. Қапылыста өмірден өтеді деп кім ойлаған. Сырласым еді, қазақ келінінің төресі еді. Арнайы шелпек пісіртіп едім, қане, дұғаны кім оқыр екен?
Мұхаң ұлы Едігеге қарады, Сәбит ағам маған иек қақты...
Аруақтардың атына бағышталғанда Светамен қосып, жыл көлемінде Сәбиттің біріне-бірі ілесе өмірден озған ағасы Сайлау мен жеңгесі Мақыштың да рух шаттығына демеу айтып едім, Мұхаң разы кейіппен басын изеңкіреп, құптаған раймен бетін сипады.
«Дос қайғысын жеңілдетудің дәстүрлі қалыбынан таймаған неткен асыл жандар еді!» деп іштей толқып, көңіл жасытып қалсам керек, Мұхаң өзі алғаш танысып отырған маған алайыңқырап қарап, мүмкін сынай барлағаны да шығар, ел жігіттерінің амандығын сұрады.
Жөпелдемеде нақтылай қамти алмасымды сезіп, жалпылама есен-саулығын сыдырта баян еттім де, Мұхаңа етене таныс, өзінің «Қазақ тарихының әліппесі» кітабын орысшалаған белгілі аудармашы туралы есіне салғым келіп:
– Ғосман Төлеғұл бақилық болған,– дедім «осыным жөн бе?» дегендей дүдәмал оймен мүдіріңкіреп.
Мұхаң жанары жасындай жарқ етіп, қос алақанымен бетін жанамалай, еріндері күбірлей жөнелді... «Иманды болсын!».
Сәл үнсіздіктен кейін Ғосманның еңбекқорлығын, білгір аудармашы екендігін, уәдеге беріктігін, сол қолжазбаның Алматыға жолаушылаған кісінің қоржынында біраз жүріп қалып, әрең иеленгенін есіне алып өтті.
Марқұм Ғосманды кезінде өте білімпаздығын, қостілді терең меңгергендігін ескеріп, өзі басқарып отырған «Жұлдызға» шақырғанын, бірақ оның келе алмағанын білетін мен тағы бір сенім артып қол астында талантын жарқыратқан бір азаматтың есімін тіл ұшымнан ысырып жібердім:
– Теңізге шығар алдында Қорғанбек Аманжолмен хабарласып едім, сізге дұғай сәлем айтып жатыр.
– Е, әдебиет қорғанындай болған Қорғанбегім ғой ол, оған да сәлем де...
– Қорғанбек жақсы азамат қой! – деп Бақытжамал апай да қостап, ақынның жалынды жырлары алыстан желпініп жеткендей жадырап қалды.
Елдегі жігіттердің жағдайын өзі сұрағасын шолақ қайырмайын деп, Мұхаң туралы «Сұңғыла» атты роман жазған Жанат Елшібектің де сәлемін жеткізуім мұң екен, оның ата-бабаларының Семейдің Шұбартауынан екендігін сыздықтатып, үзіндісін оқығанын, өзінің қайда екенін, жағдайын сұрастыра бастады. Алыстағы Жанатын мейірімімен өбіп отырғандай шырайланып кетті...
Бірауық Мұхаң ойлы көзін төңкеріңкіреп, сәл кідірді де:
– Кезінде мен «Жұлдызға» шақырғанда келмеген екі жазушы болды, – деді. – Жұмабай Шаштай мен Жүсіпбек Қорғасбек еді...
«Қаламынан қадірін аңдайтын көріпкелдей кісі екенсіз-ау» деп іштей күпініп қаласың, әрине, мұндай жанашырлығын сезінгенде. Сүйсіне отырып классиктің еліміздің жас жазушыларының жинағына жазған беташар сөзіндегі үміт етіп, сенім артқан көрегендік лебізінің бүгінде шындыққа айналғанына бек разы боласың. Солардың бәрі қазір жалы күдірейген жампоз қаламгерлер санатында.
Мұхаңның Кемердегі мына шаңырағынан дәм татқанымызға тәубе десіп, іштей шүкіршілік етіп, Чехия мен АҚШ-тағы қонысы қандай болғанын ойлаймын ғой, баяғы. Алматыдағысы ше? Ал ата-бабаларының құт мекені болған Көпбейітке осыдан ғасырдан астам уақыт бұрын бабасы Құрымбайдың арнайы шақыруымен жаз жайлауға ұлы Абай келіп қонғанын, сол жолы атақты «Жаз» өлеңін шығарғанын өзінің жазғанынан оқыған едік. Соның әсерімен тағы бір сұрақты балалатып жіберіппін. Міржақыптың құрметіне кенже ұлының атын Мадияр деп қойғанынан хабарым бар еді, бұл Алаш қайраткерінің өзіме жақын нағашы болып келетінін сыналап жіберіп, Мұхаңның «Менінен» оқығанымды, яғни Міржақыптың бұл шаңыраққа қатысты оқиғасын сыналағанымды қайтерсіз.
Мұхаң елең етіп, маған елжірей қарады да:
– Иә, иә, әлгі ұлы Абай қонған ата-бабам үйінде 1918 жылдан 19 жылға қараған қыста болса керек, Міржақып бастаған Алаш зиялыларының үлкен бір тобы бой тасалап, Орынбордағы Ахмет Байтұрсынұлынан хабар күтіп қырық күн жатыпты,– деп тарихтың ұзын сонарынан қысқа қайырды.
Бұл отырыстың әр сәтін тәтті талмағандай тамсанып отырғанымды ерсі санап жатқаным жоқ, үстемеленген бір дәмелі білмегім Мұхаңның ұқыпты жүргізетін «Алтын дәптері» жайында сөз қыстырып жібердім:
– Мұха, кезінде біз сол «Алтын дәптерге» қарап, күллі шығармашылық жоспарларыңызға қанығып, алда не жазатыныңызға дейін өзімізше болжамдап отыратынбыз. Сол темірдей тәртібіңізге сайсақ, бергеніңізді білеміз, бермегіңіз де жетерлік секілді-ау.
Мұхаң бұл сұрағымызға еш тосылмады, құдды бір, өзінің жазғанындай етіп және де менің жаттап алған сөйлемдеріме сәйкестендіре айна-қатесіз құйқылжытты дерсіз. «Алтын дәптердің» маңызын былайша қайырды: «Бір әңгіме – екі-үш-ақ сөз екен, бір хикаят – жалғыз-ақ сөйлем екен, екітомдық тұтас роман – төрт-ақ жолға сыйыпты. Біз атап айтқан, жазылғаны бар, түгелдей жазылып үлгермейтіні бар, түгелдей жүзеге асса берісі отыз томға жететін қаншама сюжет небәрі қырық тоғыз бетке сыйыпты, әрі қарай созуға ғұмырымыз жетсе, көп болса жетпіс бетке ілінер. Яғни «Алтын дәптер » – жоба емес, жоспар емес, белгі, тізім ғана. Ұмытпастық үшін жүргізілген».
Біраз жазушылар туралы естеліктер де айтылып қалды. Көбі етене таныс. «Жұлдыз» журналында жарияланғандарын қақшып оқып отырғанмын. Осылайша, сөз дәйегі өзінің баспагерлік ұстазы Ілияс Есенберлинге тірелгенде, ол кісіден естіген бір өжеттік мысалын қайталады. Шынашақтай бір бозбала қызын әдейі қақпақылдай қаға берген еңгезердей үш дәуді қас қағымда сұлатып түсірмей ме. Сөйтсе, ол бокстан одақ чемпионы Мақсұт Омаров болып шығады.
Осы тұста мен:
–Үйбай-ау, ол Мақсұт Торғайдың тумасы ғой. Оның егіздесі Махмұт та одақ чемпионы болған. Әлі күнге дейін Торғайдан аттарына көше бере алмай жүрміз,– деп қалдым, өкінішпен өксігендей болып.
Мұхаң маған аңтарыла қарады да қойды...
Аумағы орасан екі қабат вилланың аула жақ терезесінен тағы бірер осындай зорайған үйлердің сұлбасы ағараңдайды.
– Әне, атамыз жүзетін ұзындығы 22 метрлік басейннің қапталындағы үй даяр тұр,– деп Бақытжамал апай Сәбит ағаның жүзін бұрғызғандай етіп, терезе жаққа оң қолын сермеңкіреп әлдене оймен түсінік айтты. – Көшіп келгісі келгенге жайлы ұя.
Бұл ымды түсінгендей Сәбит аға төбесі күмбезденген көрікті ғимаратқа мойнын соза бұрылып қарап, күлімсіреді де қойды.
Одан әрі сөз төркіні қазақтардың осы Анталья аймағына көптеп қоныстанып жатқанына ауысып, академик Кенжеғали Сағадиевтің зайыбы Нағытайдың Аланияны мекендегеніне, оны-мұны сырқатынан құлан-таза айығып, құлдыраңдап жүргеніне ауысып, өздерінің жуырда АҚШ жаққа тағы жол тартқалы тұрғанына ойысты.
– Атасы сондағы кабинетінде жосылтып жұмыс істеуге құмартып жүр, – деді бәйбішесі.
– Алла жазса, алдағы жылдың ақпанында көкем 85 жасқа толады ғой,– деп Едіге ұлы да біраз сырдың басын шалғандай болып ой салды бізге.
Мұхаң асқа батасын беріп отырып, арасында сол тойға бізді де шақыратын емеурін танытты:
– Иә, Сәбит, өзіңді шақырамын, – деп сәл бөгеліп маған қарап, – «мынаны да...» дей бергенде, құрдасы менің есімімді қосақтай қойғасын, – Иә, Қайсарды да шақырамын деп нығарлады.
Дастарқан басынан көтеріліп, қабырғадағы сүйеулі тұрған таяғын оң қолына таянып, Мұхаң кабинетіне беттегенде мен де қолтығынан демеп ілестім.
Ұзын үстелдің ортасында жараған аттай солығын басып жайғасқан «Олимпия» мәшеңкесі көзіме оттай басылып, клавиштеріне еріксіз саусақ жүгіртіп, қай жылдан бері пайдаланып келе жатқанын сұрадым.
Мұхаң мүдірместен:
– 1965-жылғы ғой, – деді де бүйірдегі есіктен қол жуғыш бөлмеге кіріп кетті.
...Шағын мәшеңкеге қарап отырып, не деген шалдықпайтын жазудың қара нары еді дегендей сезіммен Мұхаң екеуін қабыстыра оймен әлдилеп, олардың АҚШ- қа баратын осы сапарында қандай іс тындырарын білер ме еді деген таңсық болжаммен елітіп, тіпті манадан бері «Мұха, елге оралатын ойыңыз бар ма? Қашан?» ыңғайында саптап әкелген сұрағымды қоя алмағаныма өкіндім.
Дәл осы білгім келетін жайтты қазір көрінетін Мұхаң құлағына салар-салмасыма тәуекелім жетпейтінін тағы ұқтым...
– Сапар оң болсын, Мұха! Қара мәшеңке! – деппін ғой ішкі бұлқыныспен дауыстай, сезімге оранып...
– Әлей болсын! – деген Мұхаң күлімдей түсіп, қарсы алдымда тұр...
Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Астана – Анталья – Кемер –Астана