Қазақстанда бопсалаумен айналысқан 20-дан астам жастар тобы ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл полиция қызметкерлері бопсалаудың 400-ден астам дерегін тіркеген. Оның 39-ы мектептер мен колледждерде жасалғаны белгілі болды. Оқу орындарында 60 мыңға жуық профилактикалық іс-шара өткізіліп, онда бопсалау, буллинг және зорлық-зомбылық көрсетумен байланысты мәселелер талқыланған.
Сонымен қатар, мектептер мен колледждерде анонимді сауалнамалар жүргізіліп, оқушылар арасында бопсалаудың 50-ден астам ықтимал фактісі анықталған. Барлық жағдайдың тексерілетіні хабарланды.
Жыл басынан бері бопсалаумен айналысатын 23 жастар тобының әрекетіне тосқауыл қойылған.
«Қыркүйек айында Ақтөбе қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері колледждің кәмелетке толмаған студентін ұстады. Ол 15 жастағы жасөспірімнен 50 мың теңге көлемінде ақша бопсалаған. Күдікті құрықталып, сотқа дейінгі тергеу басталды», деп хабарлады ІІМ-нің баспасөз қызметі.
Тағы бір оқиға Жамбыл облысында жасөспірім жеке деректерді таратамын деп қорқыту арқылы өз қатарластарынан ақша бопсалаған. Осындай 8 факт тіркеліп, қылмыстық іс сотқа жіберілген.
Ал, Петропавл қаласында полиция қызметкерлері жастар тобының мүшелерін ұстаған. Олар зорлық-зомбылық пен қорқыту арқылы жәбірленушілерді қарыз рәсімдеуге мәжбүрлеп, кейіннен оны қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Күдіктілер қамауға алынған.
Ішкі істер министрлігі қылмыстың бұл түрі үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын еске салды.