Шығыс өңіріндегі тарихи құнды жәдігерлердің дені Берел-қорық музейінің қорында сақталған. Соның бірі – түркі дәуіріне тиесілі Қарақаба қорымынан табылған белдіктің жапсырмасы.
Қарақаба қорымы Катонқарағайдан Марқакөл өңіріне аса берістегі тау басындағы кең жазира жазықта. Жазықтың бір бүйірінен Қаба өзені жылыстап, Марқакөлге құяды. Тау биігіндегі жазықпен Шығысқа тіке тартсаң, Қытай мен Ресейдің шекарасына тірелесіз. Маңдай тұсыңыздан Хрусталь шоқысы жарқырайды. Осыдан бастап Сарымсақты жотасына дейінгі атырап Тарбағатай деп аталады. Берел музейінде тұрған белдіктің жапсырмасы тура осы тұстағы қазба жұмыстарынан табылған. Атақты археолог Зейнолла Самашев жүргізген Қарақаба қорымынан табылған құнды жәдігерлер аз емес.
№9 қорғанда жерленгендердің қорғаныш құралдарының белдіктері арнайы жапсырмалармен әшекейленіпті. Адам басы бейнеленген жапсырманың шеттері дөңгеленген, үлкен төртбұрышты саңылаулары бар. Көздің, мұрынның, қастың, ауыздың, құлақтың ерекшеліктері егжей-тегжейлі өңделген. Әшекей алтын жалатылған күміс металдан жасалыпты.
Берел-қорық музейінің қор сақтаушы маманы Жанат Ерланқызының айтуынша, белдіктің алтын түсті жапсырмасы түркі дәуіріндегі жауынгердің біріне тиесілі болған. Өлшемі – 2,5 сантиметр. Тарихқа, археологияға қызыққан оқырман бұл жәдігердің түпнұсқасын Катонқарағай ауданы аумағында орналасқан Берел-қорық музейінен көре алады. Бұл жәдігерден басқа да мыңдаған археологиялық олжа бар.