• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Digital 20 Қыркүйек, 2024

Отандық озық стартап

155 рет
көрсетілді

Ұлыбританияда өткен «The PIEoneer Awards» байқауында отандық «CodiPlay» жобасы «Digital Innovation of the Year» номинациясында үздік атанды. Аталған стартап мектеп оқу­шы­­ларының IT сауатын жетілдіруге маманданған. Мобильді ойындар арқылы, нақтырақ айт­­сақ «Maker Education» және «STEAM» принциптері көмегімен он сегіз жасқа дейінгі бала­лар­ды бағдарламалау тілдеріне үйрететін қосымша қазір әлемнің 13 елінде қолданылады.

Халықаралық білім беру саласындағы кіл мықтыларды анықтайтын бұл байқауға 34 елден өтінімдер түсіп, қатысушылар 20 санат бойынша бағаланды. Еліміздің атынан «CodiPlay» жобасы таныс­тырылып, білім беру жұмыстары санатында, сондай-ақ цифрлық және медиа сауаттылық, дизайн технологиясы бағытында топ жарды.

Жобаның негізін қалаушы Жанәділ Талдыбаевтың айтуынша, қазір IT саласын қоғамнан бөлек қарастыра алмаймыз. Ол барлық мекемеде, әрбір салада қолданылады. Демек, енді оны дұрыс қолдануды да үйрену керек. Жастар, балалар қазірден бастап игере бастамаса, кейін оларға технологиялар заманында өмір сүру қиын болады, қаттырақ айтсақ, көштің соңында қалады. Сондықтан кодинг, бағдарламалау тілдерін үйрету арқылы балалардың IT сауатын арттыру қажет.

«Лондонда біз технологиялық білім беру саласындағы алыптармен бір алаңда жиналдық. Олардың қатарында Ұлыбри­танияның «University College London», Австралияның «RMIT College of Business and Law» және Германияның «Berlin School of Business and Innovation» сынды оқу орындары бар. Осы байқауда топ жарып, білім беру технологияларындағы көшбасшы мемлекет екенімізді дәлелдей алғанымызға қуаныштымыз. Бұл мәртебе біздің өніміміздің сапасы, қауіпсіздігі және ашықтығы халықаралық стандарттарға сай екенін дәлелдейді. Көбі кодингті компьютермен ғана оқиды, ол болмаса IT саласын меңгеру қиын деп ойлайды. Біз компьютері жоқ алыс аудандардағы балаларға да цифрлық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік береміз. Бәрінде телефон болса жеткілікті. Соның арқасында балалар мектеп бітіргенде бағдарламалау тілін базалық деңгейде меңгеріп, кейін кез келген салада IT-техно­логиялар, жасанды интеллект арқылы оңай жұмыс істеп кете алады. Біздің мақсатымыз – бұл жобаны ТМД елдерінен бастап, Араб және Африка елдеріне дейін кеңейту. Бағдарламамыз жаңа елдерге енген сайын, біз сол елдің тілін платформамызға қосамыз, ал жазылған бағдарламаларды мұқият ауда­рып, жергілікті аударма агенттіктерімен бірнеше рет тексереміз», деді Ж. Талдыбаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында білім саласындағы цифр­ландыру жұмыстарына айрықша назар аударды. Президент: «Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі» деп атап көрсетті. Педагогтер бас қосқан биылғы тамыз кеңесі де «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім» тақырыбында өткен еді. Сол жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев: «Енді әрбір педагогтің ІТ-құзыреті оның кәсіби біліктілігінің ажырамас бөлігіне айналуы шарт», деген еді. Мінекей, білім саласындағы отандық озық стартап «CodiPlay» жүйесі мұғалімдердің де, оқушылардың да ІТ-білімін арт­тыруға көмектесетін тиімді құрал. Ол үш негізгі құрылымнан тұрады. Алғашқысы, «CodiTeach» веб-платформасы. Бұл – мұғалімдерге арналған, оқыту үдерісін жеңілдетуге және олардың білім беру жұмысын арттыруға арналған LMS-плат­форма. Ал екіншісі, «CodiKit» деп аталатын робототехника мен инженерия дағдыларын дамытуға арналған арнайы жүйе. Үшінші әрі негізгі қосымша – «CodiPlay». Аталған құрылғы арқылы балалар мен жасөспірімдер бағдарламалау тілдерінің негізін үйренеді.

«Бұл бастама 2017 жылы Оңтүстік Кореяда магистратурада оқып жүрген кезім­де, медициналық өнеркәсіпті терең зерттеуге деген қызығу­шылығымнан басталды. Ол жақта медициналық тексерулерді автоматтандырумен айналысқан кезде, мен ақпараттық техно­ло­гиялардағы білімді дамыту қажеттігін түсіндім. Бұл саланы тиімді және қызықты түрде меңгерудің жолын іздестірдім. Содан ойындар арқылы бағдар­ла­малау тілдерін оқыту идеясы келді, интерактивті ойындар арқы­лы цифрлық сауаттылықтың негіздерін, алгоритмдерді және басқа да маңызды дағдыларды тиімді оқытуға болатынын түсіндім. Содан бастап, осы жобаның көмегімен еліміздегі оқушылардың IT-білімін дамытамын деп шешім қабылдадым. Біздің IT-өнім өте күрделі болғандықтан, оны ұзақ уақыт бойы жасадық. Жобаларымыз қазір өзге елдерде де қарқынды іске асып жатыр. Ал нақты инвес­тицияны елімізден және Оңтүстік Кореядан тарттық. Осы тұстағы маңызды жайт – инвесторға бұл жобаның бір аймақпен шектелмейтінін, ауқымы кең екенін көрсете білу қажет. Ең бастысы, жобаны іске асырғанда инвес­тиция тартуды бірінші орынға қоймай, өнімінің бағасын және құндылығын арттыруды ойлаған абзалырақ», дейді стартап жетекшісі.

Аталған жоба негізінен балалар мен жасөспірімдерге арналған. Бұл өнім мектептерде бағдарламалау, робототехника және логикалық ойлау дағдыларын дамытуға бағытталғандықтан, ересектер «CodiPlay» мүмкіндігін өздігінен қолдана алмайды. Тек жүйеге қосылған мектептер арқылы ғана платформаны пайдалана алады. Ал мектептер қосымшаға тіркелу үшін сайт арқылы өтініш береді. Кейін компания мектепке қажетті ақпараттар мен нұсқауларды жібереді, оның ішінде «CodiPlay» мобиль­ді қосымшасын және «CodiKit» робототехникалық жиын­тығын қалай қолдану керек­тігі туралы мәліметтер болады. Сондай-ақ мұғалімдерге арнал­ған «CodiTeach» веб-плат­фор­­масын орнату және пайдалану бойынша қосымша оқыту жүргізіледі.

«CodiPlay» жобасын қазір әлемнің бірнеше елдері қолданып, мектеп бағдарламасына енгізген. Олардың қатарында Өзбекстан, Корея, Катар, Әзербайжан, Сауд Арабиясы, Индонезия және Англия бар. Қазіргі таңда 750 мың­нан­ астам бала осы платформа арқы­лы цифрлық сауаттылығын арт­тырып жатыр.

«Біз осы бағдарламамызды әлемдегі басқа мемлекеттерге бергенде, бағасы бір оқушы үшін 15-тен 25 долларға дейін барады. Қазақстанда ­1 доллар. Елдегі бүкіл 4 млн оқушы бағдар­ла­малау тілін мектепте меңгеріп шығатын болса, экономикаға қандай пайда болар еді? Тіпті, 5-10 жыл ішінде алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылар едік. Еліміздің көптеген мектебі де аталған бағдарламаның игілігін көріп отыр. Нақты айтсам, 125 мектеппен тығыз байланыстамыз. Әсіресе Астана мен Алматы қалаларындағы білім ошақтарымен етене жұмыс жасаймыз. Бағдарламаны қолданған балалар бағдарламалау және робототехника саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп жатыр. Оқушылардың логикалық ойлау қабілеттері, математикалық және техникалық дағдылары дамып, шығармашылық және инновациялық жобаларды жүзеге асыра алатындығын көрсетіп отыр. Балалардың жетістіктері мен кері байланысы бізді қуантады. Олар тек бағдарламалау негіздерін үйреніп қана қоймай, сонымен қатар өздерінің жобаларын жасап, онысын көпшілікке ұсына алады. Бұл жетістіктер біздің жұмысымыздың нәтижесі деп білеміз және алдағы уақытта да өнімімізді жақсарту үшін барымызды саламыз. Әу баста біздің мақсат елімізді ғана емес, жалпы әлемдік деңгейді қамтитын өнім жасау болды. Өйткені біз шешумен айналысып жатқан мәселе Қазақстан яки ТМД елдерінде ғана емес, барлық мемлекетте бар. Ол мейлі Америкада болсын, мейлі Сингапур не Оңтүстік Корея болсын, қазіргі таңда балаларды мектеп жасынан IT-саласына баулуға тырысып, соған күш салып жатыр. Демек, біз сол дүниежүзілік мәселені шешіп жатырмыз деген сөз. Әйтсе де, аймақтық тұрғыдан алып қарағанда Қазақстанда жасалған өнімнің Оңтүстік Корея нарығына кіруі өте қиын. Өйткені әр мемлекеттің өзіндік даму деңгейі болады. Шет мемлекетке шығу мәселесіне келгенде ТМД елдерін алғашқы саты ретінде қарастыруға болады», дейді Ж.Талдыбаев.