• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Digital 20 Қыркүйек, 2024

Мобильді қосымша жасаған оқушы

73 рет
көрсетілді

Ақтөбе қаласындағы Ұзақбай Құлымбетов атындағы №64 мектептің 7-сынып оқушысы Даниял Құрманғали Ахмет Байтұрсынұлы туралы толыққанды мағлұмат беретін мобильді қосымша әзірледі.

Мектеп оқушысы ұлы ағар­ту­шының өмірі мен еңбек­терін бір жерге жинақтап, пайда­ланушыларға қолжетімді еткен.

«Ғаламторда Ахмет Байтұр­сынұлы туралы ақпараттар көп бол­ғанымен, олар әртүрлі де­рек­көзде шашыраңқы күй­де кездеседі. Мен барлық мәлі­метті бір жерге жинақтап, ың­ғайлы платформада ұсынуды жөн көр­дім. Нәтижесінде, бір ре­сурс­қа біріктірілген мобильді қо­сым­шаны «Play Market» интер­нет дү­ке­ніне жүктедім», дейді Даниял.

Мобильді қосымшаға ұлт ұста­зының өмірбаяны, шығар­ма­лар­ы, нақыл сөздері, өлеңдері мен ғы­лыми еңбектері енген. Одан өзге ғалым­ның шығармашылығы бо­йын­ша тест ұйымдастырылған, бұл пайдаланушыларға ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларына қатысты білімдерін тексеруге мүмкіндік береді. Суреттер, бейнежазбалар мен сыртқы сілтемелер де қосымша­ның мазмұнын байыта түседі. Көп уақыт өтпесе де, Даниялдың қосымшасын «Play Market» платформасынан мыңға жуық адам жүктеп үлгеріпті. Ол алдағы уақытта ұлт қайраткерлеріне арналған басқа да қосымшалар әзірлеуді жоспарлап отыр. «Мақсатым – қазақ тіліндегі мобильді қосымшаларды көбейтіп, ана тілімізде цифр­лық өнімдер жасаудың маңыз­ды­лығын арттыру», дейді талапты оқушы.

Даниял ұлт қайрат­керлерінің еңбектері туралы қосымша мәліметтер іздеуге оқушылардың көп уақыты жұмсалатынын ұстазы Ербол Медеуовке айтқан. Мектеп мұғалімі зейінді оқушының Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері мен өмірбаянын хронологиялық тәртіппен жинақтау бастамасын құптап, көмек көрсеткен. Ұстаздар дарынды оқушының тың бастамасы еліміздегі орта білім саласындағы қазақ тіліндегі цифрлық контенттің дамуына үлес қосатынына сенімді.

 

 Ақтөбе облысы