Озат оқушылар 5,5 млн теңгеден сыйақы алады. Олар мұндай қомақты сомадағы қаражатты халықаралық олимпиадалардағы жеңісі үшін иеленбек. Жүлдегерлерді дайындаған педагогтер де елеусіз қалмайды.
2022 жылдан бастап беделді 7 олимпиадада жүлделі орындарды иеленген оқушыларға және оларды дайындаған педагогтерге мемлекет тарапынан біржолғы сыйақы тағайындалып келеді. Бұл білім бәйгелерінің қатарында IMO (математикадан), IPhO (физикадан), IBO (биологиядан), IChO (химиядан), IOL (лингвистикадан), IGeO (географиядан) және IOI (информатикадан) халықаралық олимпиадалары бар.
Осы аталған жарыстардан алтын медаль жеңіп алған оқушы 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде ақшалай сыйақы алады. 2024 жылғы белгілен 1 АЕК мөлшері 3 692 теңгеге тең екенін ескерсек, алтын медаль иегерлеріне 5 млн 538 мың теңге сыйақы беріледі. Күміс медаль үшін 1000 АЕК (3 млн 692 мың теңге), қола медаль үшін 500 АЕК (1 млн 846 мың теңге) мөлшерінде қаржылай ынталандыру сыйлығы тағайындалады.
2022 жылдан бері белгіленген тәртіп бойынша жоғарыда аталған білім бәйгелеріне үздіктерді дайындаған педагогтер де қаржылай қолдаудан қалыс қалмауға тиіс. Тарқатып айтқанда, алтын медаль иегерін дайындаған педагогке базалық лауазымдық айлықақының 26,5 еселенген мөлшерінде қаржылай сыйақы беріледі. Айталық, олимпиадаға дайындаған оқушысы алтын медаль алған мұғалімнің белгіленген қызметтік жалақысы орта есеппен 250 мың теңге десек, онда ол осы еңбегі үшін бір реттік 6 млн 625 мың теңге сыйақы алуға құқылы. Ал күміс медаль иегерін дайындаған педагогке базалық лауазымдық айлықақы 17,5 еселенген мөлшерінде, қола медаль иегерін дайындаған педагогке базалық лауазымдық айлықақы 8,5 еселенген мөлшерінде беріледі.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сүйенсек, биыл әлем бойынша беделді 7 олимпиадада жүлделі орын алған 26 оқушымыз қаржылай сыйақы алады. 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздің ұлттық құрамасы ең беделді әлемдік пәндік олимпиадаларда 2 алтын, 12 күміс, 12 қола медаль және бір диплом иеленді. Сонымен қатар халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына отандық жоғары оқу орындарының кез келгеніне оқуға түсуге грант беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр 23 оқушы 65,6 млн теңге, 20 педагог жалпы сомасы 71,4 млн теңге біржолғы сыйақы алды. Жалпы 12 ірі халықаралық жарысқа қатысқан 1218 оқушының 603-і медаль иегері атанды. Яғни әлемдік додаларда еліміздің намысын қорғаған әрбір екінші қатысушы жүлделі орынға ие болды.