• RUB:
    5.17
  • USD:
    478.54
  • EUR:
    533.76
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 20 Қыркүйек, 2024

«Хат қоржын»

76 рет
көрсетілді

Тасқынға тосқауыл қойғандар

«Көктемдегі алапат тасқын бүкіл еліміз үшін үлкен сынақ болды. Сол қиын күндерде біз ынтымағы жарасқан ел екенімізді көрсеттік. Еліміздің әр аймағынан жиналған еріктілер мен жанашыр азаматтар зардап шеккен жұртқа көмек қолын созды», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында.

 

Биылғы 10 сәуірде Атырау облысында төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдайдың жариялану себебі, Жайық өзені суының күрт көтеріліп, ең жоғары қауіпті деңгейге жетуі болатын. Әсіресе Индер және Махамбет аудандарының, Атырау қаласының аумағында су айдынының деңгейі қауіпті шектен асып кетті.

Осы кезеңде Атырау қаласында Жайық өзенінің жағалауына 250 шақырымнан аса бөгет тұрғызылды. Дей тұрғанмен, шаһар маңын­дағы Бесікті, Алмалы, Талғайраң, Ақжар, Ақсай елді мекендері су басу қаупі басым аумақта қалып қойды. Осыған байланысты Жайық өзенінің жағалауындағы қауіпті учаскелерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Осындай сын сағатта Атырау қаласындағы іргелі кәсіпорындар 1-2 шақырым бөгет тұрғызуға міндеттеме ала бастады. Қауіп-қатерді шынайы сезінген Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор, профессор Саламат Идрисов тың бастама көтеріп, оқу орнының бүкіл ұжымы қостап, Алмалы ауылы тұсындағы Жайық өзені жағалауынан Атырау – Самара халықаралық трассасына дейінгі ара­лықтағы 5 шақырымға бөгет тұрғызуды батыл бастап кетті.

Атырау қалалық әкімдігі құрылысқа барып-келетін көлікпен қамтамасыз етті. Университет әкімшілігі оқытушы-профессорлар мен студенттердің ас-суларын дайындап беріп тұрды. Оқу орнының инновациялық білім; гуманитарлық ғылым және өнер; көптілді білім; жаратылыстану; физика-математика; экономика және құқық факультеттерінің оқытушы-профессорлары, техникалық қызметкерлер, барша студент қауымы 6 сағаттан екі ауысымда жанкештілікпен еңбек етті. Кейбір студенттеріміз еңбекке деген іскерлігі мен дағдысын осы жерде алғаш рет шыңдады десек, артық айтқандық болмас. Әсіресе 7–29 сәуір аралығында оқытушы-профессорлар мен студенттер ерекше белсенділік танытты. Сөйтіп, қауіптің бетін қайтаруға үлкен үлес қосты. Қауіп бұлты сейілгеннен кейін де университет ұжымы Алмалы ауылының тұсында шілде айының басына дейін кезекшілік міндеттерін атқарды.

Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы тұрған азаматтарымызды марапаттай келіп, ел мүддесі үшін жасалған еңбек пен ерліктің ешқашан ұмытылмайтынын атап көрсетті. Университет ректоры өз кезегінде Инновациялық білім факультетінің оқытушы-профессорларымен кездесіп, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Алғыс хатын мектепке дейінгі және бастауыш білім кафедрасынан – 10; психология және педагогика кафедрасынан – 19; денешынықтыру және бастапқы әскери дайындық кафедрасынан 25 оқытушы-профессорға салтанатты жағдайда тапсырды. Министр су тасқынына қарсы бөгет тұрғызу кезінде Алмалы ауылына арнайы атбасын бұрып, оқытушы-профессорлар мен студенттерді еңбек майданында қажырлылық танытуға шақырған болатын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, су тасқынымен күрескен азаматтың бірі ретінде айтарымыз, жылда су тасқынына қарсы бөгет тұрғызамыз деп әбігерге түспес үшін биыл қойылған бөгеттерге бетон плиталар төсеп тастаса, орынды болар еді. Атқарушы билік бұл ұсынысқа бейжай қарамайды деп үміттенеміз.

 

Айдар САБЫРОВ,

журналист,

Ақтолқын ҚОЖЫРАҚОВА,

педагогика ғылымдарының магистрі

АТЫРАУ

 

 

Бауырмалдық – асыл қасиет

Дана халқымыз қашаннан-ақ өзінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап отырған. Түптеп келгенде, осынау асыл қасиеттің өзегі олардың бір-біріне деген бауырмалдығында жатқандығын аңғарамыз. Осы орайда мына бір жайдың есіме түсіп отырғаны.

Жастау кезіміз. Ол уақытта ағайын-туыс қатар қоныстанып, барымен бөлісіп, бірге ішіп-жеп отырушы еді. «Қара шаңырақ» атанған біздің үймен көршілес әкейдің Әміре мен Әмірбек атты екі інісі, ортаншы ағам Нөсер, жиеніміз Кеңесбай көке тұрды. Бәрі де орталарындағы жалғыз жиенін сыйлап, айтқанын екі етпей, құрақ ұшып тұратын. Өз кезегінде ол да әдептен аспай, нағашыларына пейілді еді. Сол қасиетіне орай, әкей басқалардан гөрі жиенін жақын тартатын.

Әдеттегідей, кешкі бір шай үстінде әкей жиеніне қарата, «басқалар да естісін» дегендей, туыстарына көз салып алып:

«Кеңесбай жиен, қарындасымның көзісің. Сен де бізге бөтен емес, жақын туысымызсың. Сенен аяйтын ештеңеміз жоқ. Қазақта жиендік дәстүрдің бар екенін білесің. Қалауың болса айт, іркілме, ешкім қарсы тұрмайды», деді.

«Нағашы-еке, ниетіңізге ырзамын. Амандық болса, қалауымыз сәтін салып, уақтысында бола жатар», деген Кеңкең ризашылық пейіл танытты.

Арада біраз уақыт өтіп, дастарқан үстіндегі сол бір әңгіме ұмытылып та кеткен еді. Содан бір күні әзілқой жиеннің есіне нағашысының айтқан сөзі түспей ме? Қарақыз деген жеңешем ісмер еді, тігін тігетін қол мәшинесі болатын. Соны «жиендік жаса деп қоймаушы едіңдер, ал ендеше» деп, ойнап- барымта жасап, Кеңкең алып кетеді. Іс тігіп отырған жалғыз дүниесі, жеңгеміз не істерін білмей дал болады. Біреулерге айтайын десе, оның да ретін таппайды. «Жиеннің наласы» деген бар, оның үстіне «естіп қойса, ұрсып жүрер» деп үлкен үйдегі атасынан (біздің әкей) қаймығады. Ар-ұяттан аттамаған қайран жеңгелер-ай!

Ақылды да ибалы жеңгеміз ақыры ойлана келе, бір күні жиеннің үйіндегі Тотықызбен әңгімелесіп отырғанда, бұйымтай айтқан болып: «Қыз-ау, босқа қарап отырсаң, қолың алдыңа сыймайды екен», дейді жай ғана ескертіп. Тотықыз да оның не айтқалы отырғанын түсіне қояды. Жай ғана күліп: «Оған сөз бар ма», дейді. Ертесіне Кеңкең: «Қайтқан малда қайыр бар» деген. «Жиен ретінде әзілдеп едім. Мен алдым, сіздер бердім деп есептеңіздер», деп риза пейілмен тігін машинасын әкеліп тас­тайды. Кейіннен нағашы-жиендер бұл жайға көпке дейін күліп жүрді.

Иә, түсіне білген адамға бауырмалдық асыл қасиет қой.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

еңбек ардагері

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар