• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өндіріс 21 Қыркүйек, 2024

Инвестиция игілігін көрген кәсіпорын

166 рет
көрсетілді

Алматы облысындағы «СП «FastenersMetal» бірлескен кәсіпорны – отандық «Фирма «Бент» ЖШС және қытайлық «GKRailways» компаниясы арасындағы серіктестіктің оң нәтижесі. Ынтымақтастық туралы келісімге осы жылдың маусым айында аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен қол қойылған еді. Оның да өзіндік себебі бар. «GKRailways» жоғары жылдамдықты теміржолдарға арналған құрамдас бөлшектер өндіруде әлемдік көшбасшы компаниялардың бірі саналады.

Іле ауданында орналасқан отандық «Бент» компаниясы осыған дейін теміржол рельсі мен бетон төсеніш шығарып келген еді. Жуырда компания жаңа кезеңге қадам басты. Олар бұл жолы салада тәжірибесі мол қытайлық кәсіпорынмен бірлесіп, рельс бекітуге арналған 5 бірдей қосалқы бөлшекті өн­діруді бастады. Бұдан былай қазақ теміржолы сырттан келетін рельс бөлшектеріне тәуелді болмай­ды. Жобаның жалпы құны – 6 млн доллар. Зауыт соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Мұнда тіпті болат клемаларды адамның араласуынсыз роботтар жасайды. Роботтар техникалық жағынан күрделі және қауіпті барлық үдерісті жүргізеді. Бір робот 3 адамның жұмысын орындайтын көрінеді.

«Біздің өнеркәсіптік компаниялар бірлестігі бүгінде темірбетон шпалдарынан басқа рельс бекітпелерінің толық кешенін шығаруды игерді. Соның нәтижесінде, жылына 800 мың дана рельс шпалы мен 1 млн 200 мың данадан аса бекіт­кіші бар рельс жиынтығын шығару­ға мүмкіндік алып отырмыз. Кейінгі 5 жылдағы инвестиция­­ның барлық көлемі 7 млрд тең­ге­ден асты. Озық технологиялар мен өндірісті роботтандыруға басымдық беріп отырмыз», дейді компания президенті Дінмұхамед Кузиев.

Айтуынша, өндірісте роботтарды пайдалану қауіпсіздікпен қатар жоғарғы дәлдікті қам­тама­сыз етеді және еңбек өнімділі­гін еселеп арттырады.

Соңғы үлгімен жабдықталған жеке зертханада өнімнің барлық сапа стандартына сәйкестігін қам­тамасыз етуге 400-ден астам сынақ түрі жүргізіледі.

«Бізден шыққан материалдар барлық нормативтік құжат пен техникалық сипаттамаға сай болуға тиіс. Сондай-ақ біз мем­лекеттік стандарт пен тех­никалық регламенттерге сәй­кес келетін жоғары сапалы өнім шығаруды қамтамасыз етеміз», дейді сертификаттау орта­лығының бас директоры Хаджиакбар Ширханов.

Қазір компаниялар тобының кәсіпорындарында 600-ден аса адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың еңбек жағдайы мен кәсіби өсу мүмкіндігі алдыңғы орынға қойылған.

«Осындай заманауи кәсіп­орында жұмыс істеп жатқаныма мақтанамын. Біздің кәсіпорында тек елімізде емес, шетелде де сұранысқа ие өнім шығарылады. Мұнда қарапайым еңбек адамына қажеттінің бәрі бар. Еңбек­ақымыз да жаман емес. Ең бас­тысы – ел экономикасының ілге­рілеуі жолында тер төгіп жатырмыз», дейді тәжірибелі слесарь Әділхан Садықаев.

Кәсіпорынның жаңа ашылған қосалқы цехында 100 адам тұ­рақ­ты жұмыспен қамтылған. Өнімдері ішкі нарықпен қатар, Ресей, Қырғызстан нарығына экспортталады.

 

Алматы облысы