Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1981 жылы Халықаралық бейбітшілік күнін белгілеген. Бұл мереке әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, халықтар арасындағы достық қатынастарды дамытуға, халықаралық ынтымақтастыққа қол жеткізуге және мемлекеттердің іс-әрекеттерін үйлестіру орталығы болуға бағытталған әлемдегі ең ірі де ықпалды үкіметаралық ұйымның жоғары органының 2001 жылғы 28 қыркүйекте қабылдаған қарарына сәйкес 2002 жылғы 21 қыркүйектен бастап аталып өтіп келеді. Осы күні барлық мемлекетке зорлық-зомбылықтан бас тартып, ешқандай әскери іс-шара өткізбеу, ұрыс қимылдарын 24 сағатқа тоқтату ұсынылады.
Биылғы Халықаралық бейбітшілік күнінің тақырыбы – бейбітшілік мәдениетін ынталандыру. Ол өмірді, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге, зорлық-зомбылықты тоқтатуға, плюрализм мен мәдени әртүрлілік қағидаттарын ұстануға негізделген. БҰҰ Бас Ассамблеясы 1999 жылы қабылдаған бейбітшілік мәдениеті саласындағы декларация мен іс-қимыл бағдарламасында бейбітшілік қақтығыстардың болмауы ғана емес, кеңінен қатысуды қажет ететін динамикалық үдеріс екені айтылған. Онда диалог жүргізу мақұлданып, келіспеушіліктер өзара түсіністік пен ынтымақтастық арқылы шешілуге тиістілігі атап көрсетілген. Биылғы мереке тақырыбының негізіне соғыс адамдардың санасында басталады, сондықтан әлемді қорғау идеясын олардың миына сіңіру керек деген ой алынып отыр. Мерекенің рәмізі – тұмсығына зәйтүн бұтағын тістеген көгершін бейнесі. Оның авторы – әйгілі испан суретшісі Пабло Пикассо. Бұл эмблема 1949 жылы болған Бейбітшілікті жақтаушылардың бірінші дүниежүзілік конгресіне арнап жасалған екен.
Осы айтулы күн қарсаңында Қаз дауысты Қазыбек биден қалған:
«Біз – қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп
Жылқы қылын найзасына таққан елміз»,
деген аталы сөз ойымызға оралып, ұрпағына Ұлы даланы мирас етіп кеткен ата-баба аманатын орындап, бүгінде қоғамдағы тыныштықты көздің қарашығындай сақтап, шекаралас елдермен тату көршілік қарым-қатынас орнатып, «еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға шалқайған» көпвекторлы сыртқы саясат жүргізіп, халқымызға олжа салып отырған іргелі мемлекет болғанымызға сүйінеміз.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ақордада Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды салтанатты түрде тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Қазақстан егемен мемлекет ретінде әрдайым ұлттық мүддеге сай келетін салмақты әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізеді. Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін аймақтық және жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқарады. Біз әлемдік діндердің бір бірімен жақындасып, сындарлы диалог орнатуына күш саламыз. Қазіргі заманда мемлекеттердің ұжымдасып күш жұмылдыруы және дипломатияны даналықпен әрі жоғары кәсібилікпен жүргізуі әлемде ұзақ уақыт бойы тұрақтылық орнауына, елдердің жаппай дамуына, БҰҰ-ның Жарғысына негізделген әділетті халықаралық қатынастар жүйесі құрылуына жол ашады. Қазақстан «елдің ішінде де, айналасында да бейбітшілік», «әралуандық арқылы – бірлікке» деген қағидаттарды әрдайым берік ұстанады», деген еді.
Халықаралық сарапшылар қазіргі алмағайып кезеңде Қазақстанды бейбітшілік бесігі деп атап жүргені бекерден-бекер емес. Шынтуайтында, қазіргі уақытта еліміз халықаралық саясаттағы ірі ойыншыға айналып отыр. Бұған Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Түркі мемлекеттері ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы сынды беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі болып қана қоймай, олардың басшылығына сайланғандығы, Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін жүйелі ұйымдастырып келе жатқандығы, сондай-ақ араағайындық және бітімгерлік миссияларға атсалысып жүргені айғақ.
Германияның халықаралық және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі институты (Stiftung Wissenschaft und Politik – SWP) Қазақстанды «әлемдік орта державалар» қатарына қосқаны мәлім. Олардың қатарында біздің елден басқа Түркия, Израиль, Мысыр, Сауд Арабиясы, Үндістан, Индонезия, Эфиопия, Кения, Оңтүстік Африка Республикасы, Мексика, Бразилия секілді мемлекеттер бар. Зерттеу авторлары осы 12 мемлекет экономикалық-саяси бағыт-бағдары жөнінен бір-бірінен өзгеше болғанымен, оларды экономикалық дамуға назар аудару, қауіпсіздік пен тұрақтылыққа жете мән беру және стратегиялық автономияға ұмтылу сияқты ұстанымдар біріктіретінін атап өткен. Оның ішінде SWP Қазақстанды теңгерімді сыртқы саясаты қалыптасқан, Орталық Азиядағы негізгі ойыншы ретінде беделді, табиғи ресурстарға бай, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің бір тұтқасын ұстап отырған маңызды ел деп бағалаған. SWP сарапшылары еліміздің сыртқы саяси белсенділігін де ерекше атап өтіп: «Ешкімнің сойылын соқпай, таразы басын тең ұстап, барлығымен өзара батыл, ашық ықпалдасу саясаты Қазақстанның баянды тәуелсіздігіне кепілдік береді және мемлекеттік мүдделерді тұжырымдау мен жүзеге асыру үшін қажетті кеңістік, қолайлы жағдай тудырады», деген қорытынды жасаған.
Осы айда Астанада жүзге жуық елден мыңдаған спортшы мен жанкүйер келіп қатысқан V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары жүріп жатқан кезде Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет саналатын елімізге «тұрақты» деген болжаммен ұзақмерзімді Baa1 кредиттік рейтингін берді. Бұл – тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға берілген ең жоғары көрсеткіш.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының былтыр болған 78-сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөз сөйлеген сөзінде адамзат баласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын және геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өткенін айта келіп: «Халықаралық дауларды шешуде әрқашан дипломатия мен диалог басшылыққа алынуы керек», деді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жасамай, бұл қиындықтар еңсерілмейтінін ескертіп: «Кеңесте «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні күшейетініне, анық естілетініне кәміл сенемін. Байқауымызша, Қауіпсіздік кеңесі тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек», деді. Сондай-ақ Қ.Тоқаев әлемнің ең биік мінберінен коронавирус пандемиясының ауыр салдары болашақ биологиялық қауіп-қатерлер алдында дәрменсіз екенімізді көрсетіп бергеніне назар аударып, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру үдерісін бастауды ұсынды. Бұған қоса Қазақстан басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының Бас хатшысы ұсынған «Бейбітшіліктің жаңа күн тәртібін» қолдайтынын мәлімдей келіп: «Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс», деді.
Жақында Қазақстанға ресми сапармен келген Германия Федералды Канцлері Олаф Шольцтің өтінішіне орай Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге байланысты пікірін білдіріп: «Түрлі мемлекеттердің барлық бейбіт бастамаларын мұқият қарап, әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімге келу керек. Содан кейін территориялық мәселелерді талқылаған жөн. Біздіңше, Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспары қолдауға тұрарлық. Мемлекеттер басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек», деді. Қазақстан басшысының осы сындарлы пікіріне қазір әлемдегі көптеген саясаткер қолдау білдіріп жатыр.
Көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің «Бейбіт күнде шайнаған тас та жақсы, бейбіт күнде жылаған жас та жақсы» дегеніндей, бейбітшілікке не жетсін!