• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Қыркүйек, 2024

Қолдан жасалған тапшылық

247 рет
көрсетілді

Кейінгі уақыттары Қызылордада ­авто­газ тапшылығы байқалып тұр. Газ құю бекетіндегі ұзын-шұбақ көлікті сарыла күтіп, кезегі келгенде лимиттің біткенін білген талайлар амалы жоқ­тық­тан келесі бекетке тартады. Опера­торлардың қолдан жасаған тап­шы­лығы көлік жүргізушілеріне осындай қиындық туғызып отыр.

Осыған байланысты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төраға­лығымен өткен мәжілісте аймақ басшысы операторлардан сатылым лимитін алып тастауды талап етіп, газ тапшылығын қолдан жасауға тыйым салды.

«Операторлардың газды талонмен сатуы­ның себебін жақсы білеміз. Олар жеке және заң­ды тұлғалармен келісімге келіп, соларды газ­бен толық қамтамасыз етуге жұмыс жасап отыр­ғаны ешкімге құпия емес. Әлеуметтік газды тек халыққа сату керектігін былтыр да қатаң ескерткенбіз. Бұл мәселеде мен халық­ты қол­даймын, қарапайым тұрғын газ тап­шы­лығынан зардап шекпеуі керек. Газ құю бе­кет­­терінде кезек болмауын қадағалап, қазіргі қо­йыл­­ған лимитті алып тастаңыздар», деді облыс басшысы.

Энергетика министрлігінің 26 маусымдағы №233 бұйрығына сәйкес сұйытылған газдың бағасы 1 шілдеден бастап өскені белгілі. Осы күні өңірде 1 литр үшін шекті бөлшек сау­да бағасы 70, ал облыс орталығынан 200 шақырымнан астам қашықта орналасқан шалғай аудандарда 75 теңге болып тұр. Жаз айларында Түркістан облысы мен Шымкент қаласында газ тапшылығы қатты байқалды. Ұлытау облысында баға бұрын 76-81 теңге болса, қазір 84-89 теңгеге жетіп, біздің өңірмен салыстырғанда едәуір көтерілген. Осыдан-ақ Қызылордадағы арзан газдың қайда жылыс­тап жатқанын шамалауға болады.

Жиында жауапты басшыларға газдың басқа өңір­лерге тасымалданбауына Түркістан, Ұлытау, Ақтөбе облыстарының шекарасына тәулік бойы кезекшілік қою тапсырыл­ды. Бәсе­ке­лестікті қорғау және дамыту депар­та­менті Қы­зылорда қаласы және аудан әкім­де­рімен бір­лесіп, барлық оператордың газ қо­рына мони­торинг жүргізіп, талонмен сату ба­ры­­сын, оның бағасын зерттеуге тиіс. Егер заң­нама талаптары бұзылса, нақты шара қол­­данылады.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бас­қармасының басшысы Бекболат Шәріп­бе­ков мәселеге орай хабарлама жасады. Осы күні облыс аумағында 25 оператор 210 автогаз құю бекеті арқылы сұйытылған мұнай газын са­тып отыр. Қыркүйек айына аймаққа 7 184 тон­на газ бөлінген.

Операторлар коммерциялық газды өз қа­ра­­жатына алуы керек. Ал әлеуметтік газды жо­ға­ры бағамен сатқандар жауапкершілікке тар­­тылады. Аймақ басшысы операторлармен кез­­десуінде осыны қатаң ескертіп, жеңілдікпен са­­ты­латын жанар-жағармайдан пайда көруді көз­­дейтіндермен келісімшарт бұзылатынын ескертті.

«Мемлекет қолдауымен төмен бағада әкелінген газды пайда көру үшін бизнес өкілдеріне, жүк көліктеріне, сыртқа сататын компаниялар кесірінен газ тапшылығын қолдан жасап отырмыз. Жеңілдікпен сатылатын газ әлеуметтік тауар болғандықтан оның игілігін алдымен қарапайым халық көруі керек. Кәсіпкерлерді қолдаймыз әрине, бірақ оларды жұртшылық есебінен жарылқаудың жөні жоқ. Тұрғындарды 100 пайыз қамтамасыз еткеннен кейін ғана артылғанын сатуға болады. Автогаз бекеттерінде кезек, лимит қою, басқа да шектеулер мүлде болмауға тиіс. Жауапты басшылар күнделікті рейд ұйымдастырып, сату барысын тексеруі қажет. Жоғары баға қоятын, газды мақсатына сай сатпайтын кәсіпкерлермен келісімшарт бұзылады», деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Бағаны реттеудің амалы ретінде жиында «Бай­қоңыр» ӘКК жанынан бірыңғай оператор құрып, газ қорын сақтап, сату жайында ұсы­ныс айтылды.  Корпорация он күн ішінде тиіс­ті ұсыныс беріп, мәселені қолға алуы керек.

 

Қызылорда