Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры 96 маусымын Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» пластикалық қойылымының премьерасымен ашты.
Адамзаттың Айтматовы атанған қырғыздың белгілі жазушысының бұл шығармасын оқымаған адам жоқ шығар. Онда қатыгездік пен мейірімділік қатар суреттеліп, қатыгездік қоғамды жайласа адамды адамгершілігінен айыратыны, сол үшін мейірімділікке ұмтылып, адам баласы жан-жағына шапағатын төгіп жүру керектігі айтылған.
Асанәлі сыйлығының лауреаты, Грузияда өткен Нодар Думбадзе атындағы халықаралық театрлар фестивалінің «Үздік режиссер» аталымының иегері Гаухар Адай сахналаған бұл спектакль бірнеше көрінісімен есте қалды. Біріншіден, премьерада актерлер хореографиялық би өнерінің керемет элементтерін көрсетті. Екіншіден, сахнаның безендірілуі қойылымның тақырыбын аша түсті. Сол үшін режиссер Гаухар Адаймен бірге қоюшы суретші Гүлдана Алина Шымкент қаласы әкімінің Алғысхатымен марапатталды.
Қойылым бала мен табиғат арасындағы тылсым байланысты көрсетумен басталды. Оның Ақ кемеге сәлем беруі, тіл біткен бөренемен ойнауы, Бұғы ананың жер бетіндегі ең мейірімді жаратылыс екеніне, жануардың құдіретіне сенуі өте көркем де әсерлі шықты. Бірақ екінші эпизодта көрерменді мүлдем басқа көрініс күтіп тұрды. Бірінші эпизодта мейірімділік шуақ шашып, залдағы отырған адамдардың жүзіне күлкі үйірсе, екінші актіде баланың отбасындағы ауыр жағдай көрініс берді. Құрсақ көтермеген Бекейдің мүшкіл халі, сәби аңсаған Оразқұлдың жынды мінезі, амалсыз күй кешкен Кемпір мен солардың ортасында шапқылап, арасында баланың бар тілегін орындауға тырысып жүрген байғұс Момын шалдың қалбалақтаған әрекеті аяушылық сезімдерін туғызды. Дегенмен осы қойылымда режиссер кейіпкерлерді жақсы мен жаманға бөлмей, әрқайсысының тағдыры барын, өмір болған соң адам басына қандай қиындық келмейді, сондықтан тағдыр тәлкегіне түскен әрбір жанды түсіне білу керек дегендей ой айтқысы келгені байқалады. Спектакль пластикалық жанрмен аралас болғандықтан, мұнда актерлердің сөзімен бірге әрекет, би қимылдары да көбірек қамтылып жатты. Тіпті кейіпкерлердің басына түскен қайғыны көрерменге білдіру үшін актерлер бимен, белгілі бір іс-қимыл әрекетімен ұғындыруға тырысты. Әрине, мұның бәрі жиналып көрермен көңіл күйіне эмоциялық толқын жүгірткені ерекше байқалды. Театрдың бұрынғы классикалық баяндауы емес, кешегі «Ақ кеме» қазіргі театр өнері оқиғаны іс-әрекетпен, үнсіз қимылмен түсіндіріп жеткізу тәсілін қолданған секілді. Бір сөзбен айтқанда, спектакль Айтматовтың дәл шығармасындағыдай құрылмай, режиссердің фантазиясы мен пәлсапалық ойының негізінде сахналанып, түпнұсқасынан мүлдем басқаша реңк алды. Сондықтан қойылымды түсініп, түйсігінен өткізу үшін адамға терең пайым мен парасат қажет.
Премьерадан кейін қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек театр ұжымын келе жатқан 95 жылдық мерейтойымен құттықтап, театр өнерінің алға қарай өрлеуіне жағдай жасау үшін қала әкімдігі қосымша 52 штат бөлгенін, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан 20 жас актерді жұмысқа қабылдағанын, оларды барлық материалдық жағдаймен әкімдік өзі қамтамасыз еткенін жеткізді.
Осы қойылымда көңілге қаяу түсірген бір көріністі айтпай кетпеуге болмас. Спектакль барысында орманға барған Оразқұл ерегеске жол беріп, бөренені кәдімгідей қыл арқанмен асып қояды. Ала жіпке асылып салбыраған бөрене рөліндегі актриса біраз уақыт бойы осы қалпында тұрады. Спектакльді тамашалуға үлкендермен бірге мектеп оқушылары да көп келді. Сонда дәл сахна төріндегі асылған адамның кейпі балаларға жағымсыз әсер қалдырмаса игі еді... «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, бұл көрініс ертең балаларға басқаша ой салып жүрмей ме деген ой да әп-сәтте қылаң берді. Өйткені қазіргі таңда оқушылар арасында суицид көбейіп кеткен. Ал бұл статистика жөнінен Шымкент қаласы республика көлемінде алдыңғы қатарда келеді. Мұны биыл өткен келелі басқосуда сол қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өкінішпен баяндады. Бұл ретте психологтер суицидтік әрекеттерді жариялаудың өзі адамға теріс әсер ететінін айтады. Тіпті бір кездері ақпарат саласына жауапты министрлік БАҚ өкілдері суицидтік өлім жағдайларын жариялаудың өзіндік ереже-регламентін бекіту керектігін мәлімдеген.
Әрине, біз театр сыншысы емеспіз. «Ақ кеменің» қалай қойылғандығы, актерлердің шеберлігі, режиссердің идеяны қаншалықты аша алғандығы, осы секілді өнердің басқа да мәселелері жөнінде театр сыншылары кейін бағасын бере жатар.
ШЫМКЕНТ