• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 24 Қыркүйек, 2024

Ерекше операция

114 рет
көрсетілді

Кейде өмірге сирек те болса, аномалиялық ауытқулары бар сәбилер келіп жатады. Ал қазіргі медицинаның күші де сонда – елімізде ерекше туған балаларды емдей алатын мықты мамандар легі қалыптасып келеді. Мысалы, таяу күндері дәрігерлер Алматыда нысаналы қыз балаға операция жасап, артық башпайын алып тастады.

Дүниеге жоғарыдағыдай кінә­рат­пен келген балақайға артық саусағы үнемі кедергі келтіріп, жүріп-тұруын қиындата түскен, сәбидің сол аяғы оң аяғынан бірнеше өлшемге үл­кен болғандықтан, екі түрлі аяқкиім ки­ген. Мамандар уақыт өте келе бұл кінә­рат баланың көңіл-күйіне де әсер етіп, психологиялық күйзе­ліс­ке душар етуі мүм­кін дейді. Сондықтан дәрігерлер хирур­гиялық жолмен құтылу керек деген ше­шімге келген еді. Расында да, өскен сайын қыз баланың жағдайы қиындап, артық башпайы аяқкиімге сыймай қинала бастаған.

Бастапқыда балдырғанның ата-анасы бұл мәселені шешудің жолдарын қарас­тырғанымен, операция жасатуға батылы бармаған екен. Қыз бала 10 жасқа толып, әке-шешесі өз таныстары мен дәрі­герлерінің кеңесімен Алматыдағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруха­на­сының хирургтеріне жүгінді. Аурухана мамандары қайта-қайта кеңесе отырып, тексерулерден кейін қыз баланы қалыпты өмірге оралтып, аяқтағы аномалиялық кемістіктен құтылу үшін операция жасау қажет деген қорытындыға келді.

Мұндай ерекше операция Алматы қа­ласындағы №2 Балалар қалалық клини­калық ауруханасы мен «Мейірімділік үйі» ҚҚ ұйымдастырған арнайы халықара­лық шеберлік-дәрісі шеңберінде қор серіктестерінің демеушілігімен атқа­рыл­ды. Бірегей операция барысында Қазақстан мен Ресей елдерінің жетекші балалар хирургтері біріге қимылдап, жаңа әдістемелер мен технологиялар қолданды.

«Мұндай күрделі хирургиялық арала­суды отандық ортопед-травматологтер Санкт-Петербургтегі Н.Пирогов атын­дағы жоғары медициналық технологиялар клиникасының әріптестерімен бірге атқарды. Операцияның қиындығы сонда, біздің алдымызда артық башпайды алып тас­тау ғана емес, аяқтың көлемін қалыптан тыс ұлғайтатын қосымша метатарсальды сүйек мәселесі де тұрды. Тексеру кезінде микроскоппен жұмыс істеуді талап ететін жүйке мен қан тамырларының орналасуында ауытқу қоса анықталды», дейді №2 БҚКА травматология бөлімінің меңгеру­шісі Ерлан Садырбалин.

Ал дәл осы күндері қыз баланың ата-ана­сының қуанышын сөзбен айтып жет­кізу мүмкін емес. Олар операцияның сәт­ті өткені туралы естігенде қуаныштан көз жастарына ерік беріп, дәрігерлерге алғы­сын жаудырумен болды. Бүгінде кішкентай пациенттің жағдайы біртіндеп дұрыста­лып келеді. Дәрігерлер қыз бала көп ұзамай құрбы-құрдастарының қатарына қосылады деп отыр.

Бір жағынан осынау ерекше операция­ның тарихы жоғарыдағы отбасын үлкен уайымнан, кеселден құтқарып қана қой­май, отандық заманауи медицина тіпті ең күрделі жағдайлардың түйінін тарқата алатынын көрсетіп отыр.

 

АЛМАТЫ