• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Қыркүйек, 2024

Жаңарған, жасарған Зайсан

107 рет
көрсетілді

Еліміздің шығысындағы Зайсанға сонау 60-жылдары мемлекет басшысы Д.Қонаев сапармен келгенде тау етегіндегі жасыл желекті, көшедегі арықтарда сарқырап ағып жатқан суды, қалаға ерекше көрік беріп тұрған Сауыр, Сайқан тауларын көргенде сүйсініп, «қалаларыңыз Алматының макеті сияқты» деген екен. Ол ол ма, өңірде мұнай мен газ, басқа да табиғи байлықтар жатыр. Міне, он жылдан асты, аудан елді мекендеріне газ тартылған. Ауылдарға апаратын жолдарға асфальт төселген, автобустар қатынайды. Қысқасы, Зайсан көркейіп, жаңарып, жасарып келеді.

Бұдан тура бір жыл бұрын аудан әкімі қызметіне бұ­рын­дары кәсіпкерлікпен шұ­ғылданған, кезінде аудан орта­лығына үлкен мешіт салып берген, басқа да әлеуметтік ғимараттарды тұрғызған, облыстық мәслихаттың депутаты Аэлита Ахметсәлімқызы тағайындалған болатын. Басшыға өңірдің тыныс-тіршілігі, проблемалар бұрыннан таныс. Қызметке тағайындала сала әкім өз қызметін аудан­­ның елді мекендерін түгел аралап, жергілікті тұрғындармен кездесуден бастады. Ауыл тұр­ғын­дарының мұң-мұқтажы, тол­ғандырған мәселелері аз емес. Аэлита кездесуде барлық арызды тыңдап, бойына біткен қасиеті бойынша кейбірін бірден шешіп, бірге еріп жүрген бөлім басшыларына мәселелерді реттеуге тапсырма берді.

Аудан бюджетіне қосымша қаражат бөлуге де қол жеткізді. Зайсан ауданынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты ретіндегі тәжірибесі бұл шаруаларды шешуге әсер етті. Міне, істің қыры мен сырын жетік білетін білікті басшы көп ізденіс пен іскерліктің нәти­жесінде біршама табысқа қол жеткізді. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны 4 072-ке жетіп, бюджетке 1,1 млрд теңге салық түсті. Өнер­кәсіпте 7,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Аудан экономикасының негізгі саласы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 52,2 млрд теңгеге жетті. Өткен жылы ауданда астықтан жақсы түсім алынды. «Іскер» бағ­­дарламасымен 36 жобаға 144 млн теңге, «Агробизнес» бағдар­ламасымен екі жо­баға 21 млн теңге, барлығы 165 млн теңге несие шаруа қожа­лықтарына берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңей­тілген отырысында су ресурс­тарының қолжетімді болуы агро­өнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына тікелей ықпал жасайтын фактор екенін атап өткен болатын. Ауданда Үйдене су жүйесі бар. Ол ауданның егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етеді. Демек, су қоймасына күрделі жөндеу де – басты міндеттің бірі. Сонымен қатар Кендірлік өзеніне бөгет салу да суармалы егіншіліктің дамуына әсер ететіні сөзсіз.

«Ауданда шешімін таппаған проблемалар баршылық. 2024 жылды облыс әкімі Ермек Көшер­баев өңірімізде «Жол жылы» деп жариялады. Жолдарды жөн­деу, аудан орталығындағы кө­шелерді абаттандыруда көп жұ­мыс атқардық. Зайсан, Біржан, Қаратал, Айнабұлақ, Көкжыра, Қуаныш, Көгедай, Мұқашы ауылдарының көшелеріне жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. «Омбы – Майқап­шағай – Шілікті – Ақжар» жолының 20 шақырымы толық аяқталды. «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасы аясында Шілікті, Қара­бұлақ, Кеңсай, Жарсу, Бақасу, Саржыра ауылдарында 578,8 млн теңгеге 20,8 шақырым көше мен кіреберіс жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қарабұлақ, Көгедай, Кеңсай, Тасбастау, Жаңатұрмыс, Мұқашы, Қар­­сай ауылдарының су жүйелерінің тамырына қан жүгірді. «Қазақстан хал­қына» қорынан 250 млн тең­геге М.Әуезов мектебі заманауи жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілді. Зайсан қаласында құны 2 млрд 500 млн теңге болатын 300 орындық мектеп құ­рылысы жүріп жатыр, биыл пайдалануға беріледі», дейді әкім біраз игілікті жаңа­лықтан хабардар етіп.

Айтуынша, Қарабұлақ ауы­лындағы 75 орындық жекеменшік балабақша ашылған кездегі ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмаған. Сонымен қатар жыл басынан бері 7 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылған.

«Өңірлік «Бір қабатты Шығыс бағ­дарламасы» шеңберінде көп­балалы отбасылар және әлеу­меттік қолдауды қажет ететін жандар үшін өткен жылы 42 баспана табыс етілсе, биыл 68 баспа­наның құрылысы қарқынды жүр­гізіліп жатыр. Қаратал ауылында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, Сар­жыра, Жаңатұрмыс ауылдарында жаңа үлгідегі дәрігерлік пункттер, Жарсу және Айнабұлақ ауыдарында спорт залы мен модульдер құрылысы бас­талды. Жақында «Самұрық-Қазына» қо­рының қаржылай қолдауымен жаңа спорт алаң­дары пайдалануға берілді», дейді.

Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес, республика аймағындағы шалғай елді ме­кендердегі білім беру нысандары жоғары жылдамдықты интернетке қосылып жатыр. Бүгінгі күні аудандағы 16 орта мектепке «Starlink» спутниктік интернет желісі орнатылды. Үш мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Зайсан ауданының денсаулық сақтау саласында да алға ілгерілеу бар. Аудандық ауру­ханаға 465 млн теңгеге компью­терлік томография аппараты орнатылып, тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Ал биыл бүйрек науқасына шалдыққан адамдарға гемодиализ аппараты, басқа да қажетті дәрігерлік құрал-жаб­дық­тар алынбақ.

Ауданда 35 жасқа дейін 10 мыңға тарта жас бар екен. Аудан­­дық жастар ресурс­тық ор­та­­лығының жұмысы аудан әкімдігінің назарынан тыс қалған емес. Ауданда қазір 105 спорт нысаны, 11 мәдениет ошағы халыққа қызмет көрсетіп отыр. Аудан әкімі Аэлита Ахмет­­сәлімқызы кезінде өзі де дзюдомен шұғылданып, ха­лық­­аралық, рес­пуб­ли­калық жа­рыстарда сан рет жүлде алған саң­лақ балуан. Жақында Зай­­санда бес жылғы үзілістен кейін облыс әкі­мінің бастамасымен облыстық халық ойындарының бірінші кезеңі басталды. Зайсандықтар бәйге, қазақша күрес, аударыспақ, басқа да ұлттық ойындарда тамаша нәтиже көрсетті. Бұл күндері «Сайхан» спорт клубының Дархан Абылханов бас­қаратын ұлттық спорт түрлерінің өкілдері аудан намысын қорғап жүр.

Ел мұраты жолындағы еселі еңбегі көзге көрініп, көңілді дем­деп тұрған соң, жақсының жақ­сылығын айтуды жөн санадық. Әрине, атқарылатын шаруа әлі де көп. Бірақ соның бәрін білікті басшы абыроймен атқарып шығады деген сенім басым.

 

Оңдасын Елубай,

«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері, Зайсан ауданының Құрметті азаматы