Қарғалы ауданы Бадамша мектеп-бөбекжай бақшасының 7-сынып оқушысы Артур Нечаев ұялы телефондар мен портативті қондырғыларды кез келген жерде қуаттауға арналған термоэлектрлік генератор ойлап тапты.
Оның Пельтье элементінің негізінде құрастырған қондырғысы – экологиялық таза, күнделікті өмірде қажетті, кез келген аймақта, ауа райының қолайсыз мезгілінде пайдалануға лайықталған. Қыс мезгілінде мобильді құрылғылар қуаты тез таусылатыны, әсіресе сыртта жүргенде оны қуаттау қиынға түсетіні – таныс жағдай. Генераторды табиғи апат кезінде де қолдануға болады. Өйткені осы құрылғы жанып тұрған оттан да қуат алады.
Артур алты жылдан бері «Зерде» ғылыми жобалар байқауына қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Бадамша мектеп-бөбекжай бақшасының физика пәні мұғалімі –Алла Хорольская оқушысының қабілетін дер кезінде байқап, бағыттап жүр. Жас өнертапқыш өз болашағын физика мамандығымен байланыстырып, қоршаған ортаға залал келтірмейтін ғылыми жаңалықтар ашуды армандайды. «Зерде» жобасынан өзге сайыстарда да бақ сынаған Артур екі жыл бұрын «Табиғатты қорғайық» тақырыбында бейнероликтер түсіруден облыста бірінші орын алды.
Баланың жетістікке жетуі ең алдымен ата-анасының қолдауына байланысты ғой. «Артурдың әкесі Сергей кішкентай кезінен құрастыруды, сіріңке қорабынан үйшіктер мен ұшақ, кеме, ағаштан мүсіндер жасағанды қатты ұнатқан. Әкесінің осы қабілеті Артурға берілген деп ойлаймын. Біз ұлымыздың қандай бастамасына да қолдау білдіріп келеміз. Артур бала кезден жаңаны үйренуге, ойындағысын іс жүзіне асыруға өте құмар. Осы жағынан біртіндеп өмірлік дағдысын қалыптастырып, нақты ғылымдарға жақындап келеді», дейді Артурдың анасы, Бадамша орта мектебінің мұғалімі Мәншүк Қайырлықызы.
Талапты жас музыкаға да әуес. Қазір ол Бадамшадағы музыка мектебінің аккордеон сыныбына барады, өз бетімен гитарада ойнауды үйреніп алды. Ол баламалы энергия жобасына қатысып, болашақта елге пайда әкелетін, табиғатқа залал келтірмейтін инновациялық жобаларды қолға алғысы келеді.
Ақтөбе облысы