Павлодар облысының көші-қон қызметі 1974 жылғы үлгідегі КСРО төлқұжатымен тұратын азаматтарды анықтаған. Олардың басым бөлігі ТМД елдерінен келген иммигранттар, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ертіс-Баян өңірінің полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарды уақытылы алмаған және 18 жасқа толған кезде қажетті құжаттарды рәсімдемеген тұлғаларды анықтаған. Тіпті олардың кейбіреулері кеңестік төлқұжатпен жүргені белгілі болды.
«Жыл басынан КСРО үлгісіндегі ескі төлқұжатпен жүрген 12 павлодарлық анықталды. Бұған қоса 18 жасқа толса да жеке куәлік ресімдемеген 20 азамат, сондай-ақ азаматтығы жоқ, бірақ куәлік ресімдемеген 8 тұрғын анықталды. Олардың барлығына тиісті құжаттары жасалды. Құжаты жоқ адамдардың дені ТМД-дағы өзге мемлекеттерден келгендер, олар сол елдің жарамдылық мерзімі өткен төлқұжатымен жүрген. Көбі КСРО-ның бұрынғы одақтас мемлекеттерінен кәмелет жасына толмай тұрып Қазақстанға көшіп келген», деді Павлодар облысы полиция департаменті көші-қон қызметінің бастығы Дәулет Ысқақов.
Тиісті құжаты болмағандықтан аталған азаматтар осы уақытқа дейін түрлі әлеуметтік төлемдерді ала алмай, мемлекеттік қызметтерді алудан қиындық көріп келген.